Коронавирусты ең алғаш кім жұқтырғаны белгілі болды

26 наурыз 10:50 1064 рет қаралды


Қытайдың Ухань қаласындағы базарда COVID-19 вирусын жұқтырған алғашқы адам шаян сатушысы болған.

Бұл туралы РИА Новости қытайлық "Пэнпай" басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Инфекцияның ошағы теңіз өнімдері базары ма, жоқ әлде вирус оған басқа жерден кірді ме, бұл мәселе төңірегіндегі дау әлі жалғасып жатыр. Мамандар вирус жануардан адамға қалай және қашан жұққанын әзірге анықтай алған жоқ.

Басылымның ақпаратынша, 2019 жылдың 11 желтоқсанында "Хуанань" базарында тірі шаяндарды сататын Вэй есімді әйелдің дене қызуы көтерілген. Ол өз үйінің бірінші қабатындағы емханаға жүгініпті.

Әйелдің айтуынша, ол өзін жайсыз сезінгенде, үнемі ауруханаға барады екен. Дәрігерлер ине салғаннан кейін, жағдайы жақсарады. Бірақ бұл жолы тіпті екі ине де көмектеспеген, Вэй басқа ауруханаға барған. Бірақ ол жерде де оған көмектесе алмапты. Осыдан кейін сатушы үйде тынығуға бел буады.


16 желтоқсанда ол Хуачжун ғылым және технология университеті жанындағы "Сехэ" ауруханасына жүгінген. Осылайша Вэй Қытайда коронавирус ресми түрде расталған алғашқы адам болып отыр.

Журналистер "Хуанань" теңіз өнімдері базарымен еш байланысы болмаған,  коронавирус жұқтырған тағы бір адамды тапты.

16 желтоқсанда Чэньнің дене қызуы көтерілген. Ер адам Ухань қаласының маңындағы Цзянся ауруханасына барады.

Чэнь қаржы саласындағы компанияда істейді екен. Тірі құстармен немесе 30 шақырым қашықтықтағы базармен мүлде байланысы болмаған. Ер адам вирусты қайдан жұқтырып алғанын білмейді. Бір қызығы, оның отбасы қауіпті вирустан аман қалған. Оны ауруханаға апарған адам да індетке шалдықпапты.  


Чэнь жарты ай бойы тек жұмысқа барғанын, басқа ешқайда кірмегенін айтты. Ол вирусты метрода немесе ауруханада жұқтырып алған болуым мүмкін деп топшылап отыр.

Дереккөз: Sputniknews.kz



Тақырып бойынша жаңалықтар



Комментарии пока доступны только в полной версии сайта

Комментарий қалдыру