«Таза ауа мен адал еңбек осында»

17 наурыз 2020 11:09 3995 рет қаралды


Құлазыған қу далада ор қояндай орғыған көлік дамылсыз шаңын бұрқыратып келеді. Үйір-үйір жылқылар құлындарын ертіп қу медиен далаға көрік бергендей.

-Жылқы көбейген бе...

Қасымдағы қосшы жігіт мақұлдап:

-Қазір ауылдың жастары жылқы ұстауға көшті ғой, 20-шақты жылқымен бірлесіп үйір ұстайтын болған.


Индер ауданындағы Көктоғай округіне қарасты қырлыққа шықтық. 15 шақырым жүргеннен кейін көлік те тізгінін тартып, тежеле бастады. Табан тіреген жеріміз қырдың жапырайған үйіне ұқсамайтын, айналдыра қоршалған, асфальт төселген, еңселі үйлер шоғыры бар ерекше қожалық болып шықты. Жарық, газ жеткізілген, өркениеттен ада деп көр. Бұл «Шархат» учаскесіндегі «Құлыншақ» шаруа қожалығы. Жылқы өсіруді бұдан төрт жыл бұрын қолға алған қожалық иесі Артур ҚАДЫРҚҰЛОВ үкіметтен бір тиын алмастан шаруашылығын дөңгелентіп отыр. Асыл тұқымды «көшім» жылқысын көптеп өсіруді қолға алған шаруашылық басқа өңірлермен де байланыс орнатқан. ШҚ жыл санап жүздеп жылқы алып, онысының санын 400-ден асырған. Тіпті Беларустің салмағы 8 центнер тартатын айғырын әкеліп қойыпты.

-Келесі жылы қымыз өндіруді қолға алмақпыз. Түпкі мақсатымыз сол. Жылқы малы өрісте жүреді ғой, дегенмен қосымша жемшөппен қамту үшін жоңышқа шөптерін егуді жыл сайын ұйымдастырамыз. Жұмысшылардың біразы егістік жерді дайындау жұмысымен айналысып жатыр, - дейді Артур.

Жалпы ШҚ иелігінде 8900 гектар жер бар. Он бес адам тұрақты еңбек етеді.

Еламан МАХМЕТОВ
Десе де зоотехник Еламан МАХМЕТОВ көңілдегі күпті жайды жасырып қалмады. «Ақсай» каналының қазіргі қалін көрсеткен ол:

Биыл қыс болған жоқ, қар тым аз түсті. Бұл ылғалдың азайып кетуіне себепші болды. Бұрындары канал қар суымен де толығып отыратын. Ал қазіргі түрін қараңыз, тек қазылған жерде су бар, ал каналдың басқа бөлігі құрғап жатыр. Мал су іздеп шарқ ұрып кетеді. «Қазсушар» РМК Атырау филиалы Индер бөлімшесі мамандары каналдарға су айдау сәуірдің ортасында жүреді дейді. Оған әлі бір ай уақыт бар, егер ол уақытты күтсек, каналда мүлдем су қалмай мал босып кетеді.

…«Сыралы» учаскесі Көктоғайдан 30 шақырым қашықта жатыр. Кеңшар кезінде отыздаған үй, кітапхана, медпункт болып дүрілдеген бөлімшенің ізі жоқ. Мұнда қазір үш-төрт үй қалған. Әдеттегідей екі ит өршелене үріп қарсы алғанымен біраздан кейін үндері өшіп, көлеңкеге жата қалысты. Үйелмелі-сүйелмелі кішкентай бөбектер аңтарыла қарап, кейін үйге қарай жүгірісті. Үйден шыққан қара торы әйел орамалын жүре жөнге келтіріп, қайдан жүргенімізді сұрағыштап жатыр. Үйге кіріп ақ ішуімізді өтінді. Қыр адамы осы, ақжарма көңіл, жатсынуды білмейтін, қонақжай қалпынан аумайды. Көңілін жықпай үйге енгенімізде тау теке болып қаз-қатар үйілген қи көзге түсті. Былтыр сарайлары құлап қалып, осында жинауға тура келгенін де әйел айтып үлгерді. Үйдегі көрініс тіптен тамаша, кішкентай балдырғандар сырт киімін шешпестен қаймағы бетіне тұрған сүтті таласа ішіп жатты. Қырдың қара домалақтары. Өзін Ақжұма ӘТЕНОВА деп таныстырған зейнеткер әйелдің қимылы ширақ, тыным таппай қазандағы асты да қарап, отынын жағып, бауырсағын пісіріп үлгеріп жатыр.


Ақжұма ӘТЕНОВА

- Мынау менің немерелерім, малдың қоспасыз өнімін ішеді, ауруды мүлдем ұмытқан. Өз басым қалаға барсам, қырға қарай кеткім келіп тұрады. Таза ауа, таза еңбек осында. Өзім жиырма жыл кітпаханашы болғанмын, екі ұлымнан 12 немере өрбісе, соның бесеуін бір өзім бағып отырмын. Балаларым қалада жұмыста, мектеп жасындағылар да сонда, ал мектепке жетпегендері менің қолымда. Сиыр сауамын, құрт қайнатып, сүзбе жасап, май шайқап аламын. Арасында қол тигенде келіндерім кезектесіп келіп көмектесіп тұрады, - дейді ақкөңіл Ақжұма апа.


Қайырбек ИХУАНОВ

Ал көршісі Қайырбек ИХУАНОВ жерасты суының жоғалып, ащыланып кетуіне алаңдаушылық білдірді. Су тапшылығы қырдағы шаруалардың басты мұңына айналған.

-«Бағырлай» каналында су жоқ демейміз. Былтыр күзде айдалған су ғой бұл. Бірақ каналдардың бітелуінен канал суы үзіліп қалып жатыр, ал ауыз судың үш тоннасын 12 мың теңгеге туу Көктоғайдан құйдыртып отырмыз, - дейді Қ.Ихуанов.

- Мал шаруашылығымен көптен айналысасыз ба?

-Қазір жасым 58-де, өмір бақи осы малдың соңында келемін. Малсыз қыр қазағының күні жоқ, сонымен күнелтіп отырмыз. Бірақ су тапшылығынан малды көптеп өсіру мүмкін болмайын деп тұр. Біздің отырған жерімізден бастап құм өресі басталады, құмдағы жағдай осылай болса, малға қауіп болары сөзсіз. Каналдарды тазартуды кезек күттірмей қолға алса деймін.

Біз бұдан кейін де бірнеше қыстаққа соқтық. Мал төлдеп жатыр, қой қоздап, қорада шу. Бұрын бұл өңірде киіктер көрінетін. Жайылыстың жұтаңдығынан олар да үдере көшіп, жоқ болыпты. 

Болат АЙМАНАКУМОВ

«Жолдықызыл» қыстағындағы «Амангелді» ШҚ жетекшісі Болат АЙМАНАКУМОВ:

-Шүкірміз, бізге қымбатшылық әсер етіп жатқан жоқ. Көппен бірге көреміз де. Теледидарымыз бар, жаңалықтан құр алақан емеспіз. Былтыр күн сәулесінен қуаттанатын қондырғыны тегін қондырып берген. Бүгінде малшы қауым үшін төлдеу науқаны жүріп жатыр. Бұл ең маңызды жауапты науқан, малдың өз төлі есебінен көбейетін кезең. Қыр қазағында қайдан демалыс болсын, оған көндіккен жандармыз ғой. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор



Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.