Ұшақ қанатының астындағы баспана - 2

28 ақпан 2020 14:46 2054 рет қаралды


Әуежай маңындағы үй құрылыстарының заңдылығын құқық қорғау органдары тексеріп жатқаны туралы бұған дейін «АЖ» хабарлаған еді. Атап айтқанда, Атырау халықаралық әуежайының маңындағы «Нұрсая-3» ықшамауданындағы үйлердің құрылысы тексерілуде. Бізде жарияланған мақаладан кейін Атырау қаласы әкімдігі атынан әкім орынбасары Ұлықбек ТІНӘЛИЕВ «АЖ»-ның ресми сауалына жауап берді.

Нұрсая-3 ықшамауданында құрылыс салу бойынша жасалған жобаға сай жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін 96 жер учаскесі бөлінді, оның 66-сы 2011-2012 жылдар аралығында берілген деп хабарлады Тналиев. Оның айтуынша, ҚР Жер кодексінің 44-бабына сәйкес, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін су және электр желілерімен қамтамасыз етілген алаңдарда беруге болады:

- 2016-2019 жылдар аралығында көрсетілген аумақта барлық қажетті инженерлік коммуникациялар (электр, газ, сумен жабдықтау және т.б.) жүргізілді. Инженерлік коммуникациялар жүргізілгеннен кейін қалған 30 жер учаскесі 2016-2019 жылдары ҚР Жер кодексіне сай кезек тәртібімен және аумақта құрылыс салу жобасы бойынша бөлінді. 

Алайда осы жерде "2016 жылға дейін бұл аумақтан жер учаскелері заңсыз берілді ме?" деген сұрақ туындайды.  

Қазір Алматы облысында өткен жылдың соңында ұшақ биіктік жоғалтып, ұшу-қону жолағына жақын жердегі екі қабатты тұрғын үйге соғылған оқиға бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тергеуді жалғастыруда.

- 2015-2019 жылдары Талғар ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғалары өздерінің лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланып, әуежайдың санитарлық-қорғау аймағында жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін, оның ішінде тұрғын үй құрылысына жер учаскелерін беру туралы заңсыз шешім шығарғаны анықталды, - деп хабарлады жақында вице-премьер Роман СКЛЯР.

Атап айтқанда, Талғар ауданының сәулет және қала құрылысы бөлімінің бұрынғы басшысы 16 жер учаскесінің құрылыс сызбасына заңсыз келісім берді деп күдіктелді. Ал өткен аптада сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет бюросы қызметкерлері Алматы әуежайына жақын жердегі учаскелерді заңсыз бөлді деген күдікпен Еңбекші қазақ ауданы әкімінің орынбасарын ұстады.

Фархат ӘБІЛОВ



Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.