«Мені тергеуден шеттетіп тастады» - Мысырда қайтыс болған дипломаттың жұбайы

14 ақпан 12:35 614 рет қаралды


Каирде жұмбақ жағдайда қайтыс болған Қазақстан елшілігінің қызметкері Еламан Жолдасовтың ісіне байланысты тергеу әлі аяқталған жоқ. Қазақстан сыртқы істер министрлігі дипломаттың өзі тұратын үйдің баспалдағындағы тұтқаға асылып қалған деп мәлімдеген болатын.  Еламанның қайтыс болған күнінен бері екі ай өтті. Алайда оның жақындары ресми органдар нақты шешім қабылдамай отырғанына алаңдаулы. Бұрынғы елшілік қызметкерінің жұбайы Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұқбатында Египет прокуратурасы мен Қазақстанның Мысырдағы елшілігі арасында сабылып жүргенін айтады.

Еламан Жолдасовтың жары 23 қаңтарда үшінші сәбиін өмірге әкелген. Елшілік қызметкері қайтыс болғанда Айнұр Молдабаеваның жүкті екенін айтылған болатын. Аман-есен өмірге келген сәбиге Сүлеймен деген есім беріліпті.   

«Мен қазір осында  боламын. Қарауымда үш балам бар. Тергеудің жағдайына байланысты кете алмай отырмын. Күйеуімнің неден қайтыс болғанын осы жерден білгім келеді. Екіншіден мұнда мен оқып жатқан оқуым бар, соны бітіруім керек»,- дейді А. Молдабаева.

Айнұр Молдабаева марқұм күйеуінің ісі бойынша жергілікті тергеу органдарымен де,  Қазақстан тарапымен де байланыс ұстап отырғысы келетінін айтады. Алайда құзырлы мекеме қызметкерлері мұндай мүмкіндік бермей отыр. Ол тиісті кеңестер алу үшін заңгер тағайындау жайында және тергеудің барысы мен сараптама қорытындысы жайлы ақпараттар алу туралы бірнеше хат жолдаған.   

«Осымен үш рет хат жаздым, ешкім жауап берген жоқ. Отыз күннен асып кетті. Қылмыстық іс Египеттің жергілікті прокуратурасында қаралып жатыр. Мен бұл органға бардым. Елшілік арқылы бізге сұрау жаса дейді. Ал біздің Египеттегі елшілік өкілі істі Қазақстанның бас прокуратурасы ғана алуға құқылы деп жауап берді. Сосын Египеттің прокуратурасы маған жеке заңгер жолдап, сол арқылы іспен танысуыңа болады деген кеңес берген. Мен біздің елшілікке заңгер тағайындау туралы өтініш жаздым. Бірақ ол хатыма бір ай болды ешкім жауап бермей отыр. Египеттегі прокуратура өкілдерінің бірі іс жабылған дегенді айтты. Бірақ кімге сенерімді білмей отырмын. Істі қалай жапты, қандай негізді жабылуы мүмкін. Істің жабылғандығы туралы қаулыны  да бермей отыр»,- дейді Айнұр Молдабаева.

Айнұр Молдабаеваның айтуынша, Қазақстан тарапы сот-медициналық сараптаманы 31 желтоқсанда жасады. Сол уақыттан бері оның жауабын күтіп отыр. Бір жарым ай өткен соң, хабарласып білген. Бірақ сот-медициналық сараптама қызметкері іс-сапарға кетіп қалғаны айтылған. Сол себепті кешігіп жатқан шығар деген жауап алады.  Қазақстанның заңы бойынша мұндай сараптама 30 күнде дайын болуы керек.

Дипломаттың жары осы жылы 29 қаңтарда ҚР ІІМ Тергеу департаментінің аға тергеушісі Бақтияр Мұсабаевқа жазған хатында қылмыстық іспен  таныстыруды сұраған. Сондай-ақ, өзін күйеуінің өлімі бойынша тергеліп жатқан іс бойынша жәбірленуші деп тануды өтінген.

«Тергеу бойынша Қазақстан ІІМ тергеушісіне сұрақтарым бар. Оған да талап арыз жазған болатынмын. Ол хатқа да ешкім жауап берген жоқ. Мен сіздердің редакцияға сол жолдаған хатарымның тіркелгендігі туралы дәлелдермен жолдап отырмын. Мен ойымнан шығарып отырған жоқпын, күмәнданбауларыңызды сұраймын. Бірақ нақты тергеуге қатысты менен кейбір мән-жайларды таратпау туралы қолхат жаздырып алғанын да айтқым келеді»,- дейді А. Молдабаева.

Дегенмен ҚР ІІМ кеңесшісі Нұрділдә Ораз сот–медициналық сараптама қорытындысының дайын екенін айтады. Бұл іс бойынша  тергеу тобының жетекшісі Б. Мұсабаев тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр.

«Елшілік қызметкерінің өлімінен соң Қазақстанда  тағайындалған сот-медициналық сараптама қорытындысы дайын, ол  біздің тергеушілердің қолында. Оның нәтижесі туралы қазір айта алмаймыз. Себебі Ниязбеков деген тергеуші жақында Египетке іс-сапармен барып қайтуға қамданып жатыр. Ол елге барған соң, марқұмның туысына жолығатын болады. Заңга сәйкес тергеу жүріп жатыр, іс жабылған жоқ. Алдағы күндері журналистерге оның қортындысы бойынша ақпараттар берілетін болад»,- дейді  Н. Ораз.

Ал Қазақсан Сыртқы істер министрінің ресми өкілі біздің редакцияның сұрағына алдағы күндері жауап беретінін айтты. Айта кетейік, желтоқсан айының ортасында министр Мұхтар Тілеуберді Каирде көз жұмған дипломатқа  қатысты  елші өз-өзіне қол салды деген нұсқа ақылға қонымды, өзге қауесеттерге сенбеңіздер деп жауап берген болатын.

Еске салайық, былтыр 13 желтоқсанда Қазақстанның Мысырдағы елшілігінің қызметкері Еламан Жолдасов Каирде жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Құзырлы орган өкілдері оның өзіне өзі қол салуы мүмкін екенін айтқан болатын. Бірақ бұл болжаммен марқұмның туыстары келіспейді. Қазір қылмыстық іспен мемлекетаралық тергеу тобы айналысып жатыр.

Дереккөз: Azattyq-ruhy.kz




Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.