Атырау жатақханаларына саяхат

11 ақпан 12:15 1322 рет қаралды


Жатақхана – бұл мекенжай ма әлде өмір салты ма? Жұмыс бабымен ондаған жатақхананы аралап көрген соң, осындай сауал көкейге келді. Барлығында бірдей мәселе, бірдей шағымдар. Сасыған жертөле, лас кіреберістер, тозығы жеткен коммуналдық желілер, қабырға артындағы маскүнемдердің жанжалы. Байырғы тұрғындар мұның бәріне пәтер жалдаушыларды кінәлайды, олардың ешбірі жөндеуге ақша бермейді. Ал барлық тұрғындар биліктің көшіреміз деген уәдесін күтіп күн кешуде.

«КҮНІ-ТҮНІ ӘРЛІ-БЕРЛІ ЖҮГІРГЕН ЖАСТАР»

Нұрсаядағы №№14 және 14а үйлердің тұрғындарында мұндай үміт жоқ. 2016 жылы әрқайсысында 240 бөлме бар екі 9 қабатты жатақхана тапсырылды. Міне, сол үйлерден олар бір бөлмелі пәтер алды. Жатақхана деген атына қарамастан – ас үйі және әрбір пәтерде әжетханасы бар толыққанды тұрғын үй. Алайда адамдардың әдеттері жатақхананың жаңа-ескілігіне қарамай, еш өзгермейді екен. Салынғанына үш жыл болған бұл үйлер әлі де жаман емес, кіреберісте кәріз иісі шықпайды және әйнектер де сынбаған. Бірақ домофондар істен шыққан, 6 лифтінің тек біреуі ғана  істейді, ал қалғандарында желілері мен қозғалтқышы ұрланған, әр қабатта пакетке салынған қоқыстар, шатырдың асты істен шыққан тұрмыстық техниканың қоймасына айналған. Бастапқыда кіреберіс арасында қабаттарда арақабырғалар болған жоқ. Бүкіл қабатқа әдеттегі жатақханалардағыдай ұзын дәліз болды, ал секциялар әйнек есікпен бөлінген. Кейін коммуналдық қызметтер ұзын дәлізге тас қабырғалар орнатуға мәжбүр болды. Енді әрбір алаңда 8 пәтерден бар.

- Жастар арақ ішіп алып, күн не түн демей дәліз бойымен жатақхананың ана шетінен мына шетіне секіріп, шу шығаратын.  Бізде 9-қабаттан жоғары шатырға шығатын баспалдақ аралығы бар, міне, сол жерде жиналғандар ойларына келгенді жасады. Тіпті, адамдар оларға ескерту жасауға қорқатын, өйткені, сол жерлерден босаған бөтелкелер мен шприцтер көретін. Олар қоқыстарды терезеден көшеге тастады, қазір де кейде осылай лақтырып жатады, - деп әңгімеледі өзінің есімін атамауды жөн көрген егде әйел адам.  – Біз шағымданамыз, полицейлер келеді, ал жастар болса, олардан дәліз арқылы қашып кететін. Сол себепті бұрынғы ПИК ұзын дәлізді қабырғалармен бөліп тастады. Жоғарыда әлі жиналып отырады, бірақ оған ешкім үндемейді, олармен ешкімнің байланысқысы келмейді. Онда интернат түлектері тұрады. Мүгедектерге және отбасында қарт адамдары бар жанұяларға пәтерді төменгі қабаттардан беруге тырысқан, ал жастарға жоғары қабаттардан берген.

ӨРТ ТЕ БОЛДЫ

Баспа алаңында жарық бар, ал оң жақтағы секция іші қараңғы. Фототілші екеуміз ұялы телефонның жарығымен сақ жүріп келеміз, бір мезгілде қабырғаға жиналған ескі-құсқы заттарға сүрінгендей болдық. Тұрғындар жаңа тоңазытқыш алған, ал қорабын алаңға шығарып тастаған. Әрбір қабатқа орнатылған өртке қарсы шлангілер баяғыда-ақ жоғалған. Ал егер мына жиналған қоқыстар өртенетін болса, онда өшіру оңайға түспес.  

– Иә, бізде өрт те болды. Төменде ескі диван тұрды, шамасы біреу оны қоқыс алаңына дейін жеткізуге  ерінген сыңайлы. Оған жастар отырып жүрді, темекілерін тартты, шоқ түсті ме, өртеніп тынды. Күйеден подъезд түгелімен қарайып кетті. Бұрынғы ПИК ақтаған болды, иә жөндеу сапасын өздеріңіз де көріп тұрсыздар ғой, - дейді үйдің тұрғыны Лена ДОСҚАЛИЕВА, төбеден түскелі тұрған сылақты көрсетіп.

Ол бізді бөлмесіне шақырды. Лена да жұрт секілді ас үйі және әжетханасы бар бір бөлмелі пәтерде тұрады екен. Ол өз қаржысына пәтерге жөндеу жүргізген, батарейкаларды, кәріз жүйесін ауыстырған, линолеум орнына паркет төсеген, кіре беріске киім ілетін орын жасаған. Өте жайлы пәтер болып шыққан. Бірақ оның пәтерінің табалдырығынан бір адым сыртқа  шықсаң болды, жатақхана екені бірден сезіледі. Лена барынша өзінің баспалдақтар алаңында тазалықты сақтауға тырысып жүреді. Тіпті, көршілері қалдырып кеткен қоқыстарды шығарып та тастайды. Ол қызмет шығандарын үнемі төлеп жүрген, алайда ПИК тарапынан ешқандай жұмыс болмағандықтан жаңа жылдан бастап төлеуді тоқтатыпты.

 «БҰЛАР ҰРЛАНҒАН БОЛУЫ МҮМКІН»


Мен бұл жатақханаларға қызмет көрсететін кім екенін анықтауға тырысып көрдім, бірақ мен сөйлескен тұрғындардың одан еш хабары болмай шықты. Ақша төлемегесін білмейтін де шығар. Бұрын «Тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» кәсіпорны қызмет көрсеткен екен, оған тұрғындар 3,5 млн теңге қарыз болып қалған. Ал қазір жатақхана «Шапих» ПИК-не берілген. ПИК төрағасы Шарипа ІЗТЕЛЕУОВА өзінің кілтімен бізге домофон және лифт жасап тұрған жалғыз подъезге кіруге мүмкіндік жасады. Алайда онда да жағдай аса мәз емес. Екінші қабатта әлдекім терезе жанындағы қабырғаны үгітіп тастаған. Тұрғындардың айтуынша, бір кездері онда да жастар жиналған, біреудің интернет желісін пайдаланған. Ал 9 қабаттың үстіндегі алаңнан ПИК қызметкерлері үнемі пайдаланылған шприц, пакет және бөтелкелерді жинап отырған.

Дегенмен бұл кіреберіс басқаларына қарағанда тазалау. Тек бір пысықай қабырғаға жоғарыға көтерілуді қиынсынатындар үшін «7 қабат. Енді аз қалды», «8 қабат, енді тағы сәл-сәл: сен көздеген жердесің» және тағы басқа мотивациялық сөз жазған. Біз басқа бір үйге қарай бет алдық, жолда Шәрипа өзінің жұмысы жайлы әңгімеледі.

- Біздің ПИК бұл үйлерге 2019 жылдың қарашасынан бастап қызмет көрсетіп келеді. Бұл жерде бір бөлмелі пәтерлер, оларға пайдалану шығындары үшін бірыңғай төлем сомасы бекітілген - 1300 теңге. Шамамен тұрғындардың жартысы бұл ақыны төлемейді, негізінен пәтер жалдап тұратын жастар. Ондайлар бізде өте көп. Мен қашан да оларға түсіністікпен қарап, біздің қызметіміз үшін төленген айлық ақының есебінен домофон қызметінің жұмысын қалпына келтіруді ұсындым. Тұрғындардың жартысы келіскенімен пәтер жалдаушылар мен интернаттан шыққан түлектер ақша жоқ дейді. Аптасына екі рет қызметкерлер кіреберістерді жуады, қоқыстарды жинайды. Біз жарық шамдарын іліп қоямыз, оларды сол сәтте-ақ ұрлап кетеді. Сосын қолымызды бір сілтедік. Егер қай секцияда жарық жоқ, демек онда қасақана төлемеушілер тұрады деп білеміз. Адал төлеушілер бізге хабарласады, ал борышкерлер үнсіз жата береді. Біздер жатақхананы алған кезде алдымен баспа аралықтарын қоқыстан тазарттық. Бірақ көп кешікпей кіреберістерде тағы да берекетсіздік басталды. Ұрланған заттар деп ойлаймын, себебі оларды сонша жоғарыға тасудың не керегі бар? Олардан түсті металдарға қосалқы бөлшектер шығарып алған, ал сыртқы қораптарын осы жерлерде қалдырған, - дейді ПИК төрағасы үйдің шатырының астына жиналған тұрмыстық техниканы көрсетіп.

 «ИӘ, БІЗ ПӘТЕР ЖАЛДАУШЫЛАРМЫЗ»

Жібек апа бұл жерде үй берілгеннен бастап тұрып жатыр, өзінің алаңындағы барлық тұрғындарды біледі, олардың барлығы пәтер жалдаушылар. Мен тексеріп көрмек болып, бірінші кездескен есікті қағып тұрмын.

- Иә, пәтерді менің апам  алды, ол интернат үйінің түлегі, бірақ оның балалары үлкен. Ұл-қызы бар, күйеуі екі баламен - оларға бір бөлме тарлық етіп, бұдан үлкен үй жалдап отыр. Ал мен оның пәтерінде тұрамын. Бізге әзірге қолайлы, баламыз кішкентай. Пәтердің төлемақысын апам дер уақытында төлейді, ол өте жауапты адам, - деді Света. Ол подъезде ешқандай қылмыстық әрекеттер байқамаған. Ал шуды ше? Бұл көп қабатты үй, кез келген мұндай үйлерде шусыз болмайды. Біреулері жөндеу жасаса, енді біреулер қонақ күтеді, ал үшіншілері ұрысып жатады.

- Интернаттан келгендер коммуналдық төлемдерді төлемейді деп кім айтқан? – деп біздің сауалымызға сауалмен жауап берді баспа алаңында кездістірген Азиза. Ол өзінің құрбысы Айнұр ШАМЕДЕНОВАҒА қонаққа келген. 

Біз Айнұр екеуміз де интернаттанбыз, ол №1 интернаттан, ал мен «Шаңырақ» балалар ауылынан шықтым. Оған екі баламен тұратын жер болмады, мемлекет сол себепті осы жатақханадан бір бөлме берді. Оның пәтер кезегі жақындап келеді. Сол кезде ол тұрақты пәтерін алады. Айнұр барлық төлемдерін мұқият төлеп отырады, өйткені несиелік тарихы бүлінбеуі керек. Ал менің кезегіме әлі ерте.

"СЫНҒАН ТЕРЕЗЕ ТЕОРИЯСЫ"

Жатақханадағы пәтерлерді үйлері сүрілгендер, мүгедектер, бюджеттік мекеме қызметкерлері және шамамен 100-дей интернат мекемелерінің түлектері алғанын еске түсіре кетейік. «Шаңырақ» отбасылық үлгідегі балалар ауылының директоры Гүлсара БОТАТАЕВА балалар үйінің,  №1 интернаттың және әумесер мінез-құлықты балаларға арналған интернат түлектеріне бір жерден пәтер бөлу дұрыс шешім емес деп есептейді.

- Олардың көпшілігі балалық шағында қиын жағдайға тап болғандар, оларда әдеттегі отбасыда өмір сүру тәжірибесі жоқ, олар өз өмірлерін, тұрмыстарын қалай дұрыс қалыптастыру керектігін білмейді. Сондықтан да олар үшін өздері үлгі алатындай  жақсы бір үлгі-нұсқа керек. Оларды бір кіреберіске немесе бір үйге жинамай, әдеттегі қарапайым отбасы тұратын үйлерге орналастыру керек еді, - дейді Г.Ботатаева.  

Ойға еріксіз 1982 жылы американдық социологтар Джеймс Уилсон мен  Джордж Келлинг қалыптастырған «сынған терезелер теориясы» келеді. Бұл атау оған келесі мысал арқылы таңылды: «Егер ғимараттың бір терезесі сынған болса және оны ешкім ауыстырмаса, онда бірнеше уақыттардан соң бұл ғимаратта бірде-бір бүтін терезе қалмайды». Жалпы қоғамдағы ұсақ құқық бұзушылықтарға, айталық, кез келген жерге қоқыстарды тастау, вандализм, көпшілік жердегі маскүнемдік, метрода турникеттер арқылы секірулерге қарсы келмей, төзушілік таныту – осы секілді және одан да қауіпті құқықбұзушылықтар жасауға адамдарды итермелейді. Мұндай тұрмыстық деңгейдегі арандатушылықтың психологиялық механизмі «Егер басқаларына рұқсат болса, онда неге маған болмайды?» деген ойдан басталады. Адам қоғамның басқа бір мүшесінің тәртіп бұзғаны үшін жазаланбағанын көреді, сондықтан да бұл ережені өзі үшін міндетті деп есептеуді доғарады. Соның салдарынан «болуы мүмкін бұзушылықтардың» шартты орташа деңгейі қоғамда үнемі төмендей бастайды және бұл ерте ме, кеш пе,  ауыр қылмыстар санының артуына алып келеді. Керісінше, ұсақ бұзушылықтардың алдын алу бойынша жүргізілген белсенді жұмыстар мен құқық бұзушыны жазалау мұның алдын алады.

«ЖАҒДАЙ БАҚЫЛАУДА»

Ал полицейлерге құқықбұзушылықтарды тоқтату үшін көп еңбек етуге тура келеді. Бір кездері жатақханаларда үнемі полицейлердің, қамқоршылық қызметтері, ҮЕҰ қатысуымен рейдтер жүргізіліп отыратын. Алдын алу үшін №14 үйдің бірінші қабатына учаскелік полицейді де отырғызып қойды және 9 полицейге пәтер берді. Алайда біз келген сәтте олар №84 үйдің жанындағы жеке ғимаратқа орналасқан тірек қосынына көшіп үлгерген.

- Бастапқыда бұл жатақханалардағы жағдай барынша қиын болды, ұрлық, басқа да құқық бұзушылықтар тіркелді. Үнемі рейдтер жүргізіп отыруға тура келді. Ал қазір жағдай реттеліп, тұрақтана бастады, - деп сендірді Атырау қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары Ерлан БИҒАМБАЕВ. Оның айтуынша, Нұрсая ықшамауданының өзі полицияның қырағы бақылауында, өйткені, аудан қарқынды өсіп келеді, үнемі жаңа үйлер салынып жатыр, көп қабатты үйлердің іргеқабаттары бос тұр және сырттан келгендер де жетерлік.

 

Зульфия ИСКАЛИЕВА

 Суретті және бейжазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒМАНОВ





Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.