Зейнетақы туралы бірнеше сұрақ-жауап

3 ақпан 17:47 1113 рет қаралды


«АЖ» қоржынында зейнетақы жөнінде жинақталып қалған бірнеше сұрақтарды Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының Атырау  филиалы директорының орынбасары  Қарлығаш ЖАНСАРИЕВАҒА жолдадық.

– Биыл 25 ақпанда менің анам 59 жасқа толады. Ол зейнеткерлікке шығуға дайындалып жүр, құжат жинауды неден бастаған дұрыс?

– «ҚР зейнеткерлікпен қамтамасыз ету туралы» заңына сәйкесті БЖЗҚ зейнетақы жинақтары бар тұлғалар, оның ішінде зейнеткерлік жасқа, яғни, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 59,5 жасқа жеткен тұлғалар міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіби зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдерін алуға құқылы. Адам жасына қарай (1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі үшін) зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін  мемлекеттік базалық зейнетақы  және БЖЗҚ зейнетақы төлеу үшін бірыңғай арыз бен құжаттар пакетімен ХҚКО-на бару керек.

Бюджет қаржысының және зейнетақы жинақтарының есебінен төленетін төлемдер бір күнде арызда көрсетілген банк есепшотына аударылады. БЖЗҚ-ның алғашқы зейнетақы төлемдері ХҚКО арыз тіркелген сәттен он жұмыс күні ішінде немесе зейнеткерлік жасқа жеткен күннен бастап он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

Одан кейінгі ай сайынғы БЖЗҚ зейнетақы төлемдері белгіленген кестеге сәйкес төленіп отырады. 

Осылайша, сіздің анаңыз болашақ зейнетақы төлемдерін алу үшін ХҚКО баруы керек. Мұны зейнеткерлік жасына жетуге 10 күн қалғанда жасауға болады, яғни, анаңыздың осы жылдың 15 тамызында барғаны дұрыс. Зейнетақыны 2020 жылғы 31 желтоқсанға дейін рәсімдеу керектігін есте ұстаған жөн. Өйтпеген жағдайда оған зейнеткерлік жасын 60 жасқа дейін күтуге тура келеді. Бұл 2021 жылға арналған заңда белгіленген.

Зейнеткерлікті рәсімдеу үшін ХҚКО-ға мына құжаттар ұсынылуы тиіс:

жеке басын куәландыратын құжат;

банктегі есепшот нөмірі;  

жұмыс орнынан табысы жөніндегі және міндетті зейнеткерлік жарналары туралы анықтама;

еңбек кітапшасы;

білімі туралы диплом;

әскери билет (егер болса);

неке туралы куәлік;

балалардың туу туралы куәліктері.

Туу туралы куәліктер болмаған жағдайда азаматтық хал актілерін тіркеу туралы анықтама немесе хал актілері жазбасының көшірмесін әкелуге болады. Бұл туралы нақты ақпаратты egov.kz мемлекеттік корпорация сайтынан  немесе ХҚКО филиалдарының бірінен білуге болады.

 – Мен зейнеткерлікке 55 жасымда шыққым келіп еді, аннуитетті қолданып, мерзімінен бұрын зейнетке шығу құқығын қалай пайдалануға болады?

- Зейнетақы төлемдерін мерзімінен бұрын алу үшін сіздің зейнетақы есепшотыңызда зейнеткерлік аннуитет келісімшартын жасауға жеткілікті қаржы болу керек. Бұл жинақтар, біріншіден міндетті зейнетақы жарналары есебінен жинақталады. 2020 жылы ерлер үшін 55 жастан, әйелдерге 51,5 жастан басталады. Одан әрі әйелдер үшін 2021 жылғы 1 қаңтарынан бастап жастары ұлғаяды. Бұл жылы – 52 жастан болса, 2022 жылдың 1 қаңтарынан – 52,5 жас; 2023 жылдың 1 қаңтардан – 53 жас; 2024 жылғы 1 қаңтардан – 53,5 жас; 2025 жылғы 1 қаңтардан – 54 жас; 2026 жылғы 1 қаңтардан – 54,5 жас; 2027 жылғы 1 қаңтардан – 55 жас.

Екіншіден, жасы 50-ге жеткен тұлғалардың сақтандыру ұйымдарымен зейнеткерлік аннуитет келісімшарты кем дегенде алпыс күнтізбелік ай бойы БЖЗҚ аударылған міндетті кәсіби зейнетақы жарналарының есебінен жасалады.

Зейнеткерлік аннуитет келісімшартын жасауға жеткілікті соманы есептеу үшін біздің сайттағы «Зейнетақы калькуляторын» қолдануға болады.

БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын сақтандыру ұйымдарына аудару үшін БЖЗҚ кеңсесіне жеке өзіңіз немесе сенімді тұлға арқылы жолығуыңызға болады. Өзіңізбен бірге құжаттар пакеті болуы керек, оның тізімімен www.enpf.kz. сайтында танысуға болады.

Салымшының зейнетақы жинақтары сақтандыру компаниясындағы оның есепшотына құжаттар алынған сәттен он жұмыс күні ішінде аударылатын болады. 

 – Осыдан екі жыл бұрын біз жұбайымыз екеуміз баламыздың тойы үшін көп несие алған едік, ал қазір бізде қаржыға қатысты қиындықтар туындады. Біз өз жинақтарымыздың бір бөлігін банктегі несиемізді жабу үшін ала аламыз ба?

–- Несиені жабу үшін БЖЗҚ-дан  қаржыны мерзімінен бұрын алуға болмайды. "Зейнетақымен қамсыздандыру туралы" заңға сәйкес жеке тұлғалардың зейнетақы активтері заттық құқықтарға жатады және заңмен белгіленген мақсаттарға ғана қолданылуы мүмкін.

 1. Зейнеткерлік жасқа жеткен азаматтарға зейнетақы төлемдері үшін; 

2. 2020 жылғы 1 қаңтарда ерлер 55 жасқа, әйелдер 51,5 жасқа жеткен жағдайда сақтандыру ұйымдарымен зейнетақы аннуитеттері келісімшартын жасауға;   

3. Ақшаны егер сіз бірінші және екінші топ мүгедегі болсаңыз және мүгедектік мерзімсіз белгіленген болса алуға болады; 

4. Егер сіз Қазақстаннан шет жерге тұрақты тұруға кететін болсаңыз, шетелдік немесе азаматтығы жоқ тұлға болып табылсаңыз, кету фактісін растайтын құжат ұсынған жағдайда. 

- Мен өзімнің төлемдер жазбасын жеке кабинеттен алып жүрдім, міне, бірнеше ай болды жеке кабинетімді ашқан жоқпын, құпия сөзді ұмытып қалдым. Енді маған қайтадан БЖЗҚ филиалына бару керек пе? 

-  www.enpf.kz сайтының «Жеке кабинет» бөлімін ашу үшін ЖСН  мен құпия сөзіңізді енгізсеңіз болды. Егер құпия сөзіңізді ұмытып қалсаңыз, қайта тіркелуіңізге болады. Ол үшін www.enpf.kz сайтының «жеке кабинет» бөлімі, «тіркелу/құпия сөзді ұмыттыңыз ба» деген қосымшасындағы барлық жолдарын толтырып, электрондық мекенжайды немесе дерекқорда көрсетілген ұялы телефон нөмірін  көрсетіп, «жіберу» нүктесін басасыз. Енгізілген реквизиттер бастапқы ашу жөніндегі өтініште көрсетілгендей немесе ақпараттандыру тәсілінің өзгеруі туралы келісімдегі көрсетілген мәліметтерге толығымен сәйкес келуі керек. Сондықтан да БЖЗҚ-ға  өзекті және нақты мәліметтерді ұсыну өте маңызды. Көрсетілген электрондық мекенжайға немесе ұялы телефон нөміріне келген бір реттік құпия сөзді  енгізу үшін "Бір реттік құпия сөзді енгізу" қосымшасын қолдану керек. Интернет-көшірмені ашу үшін  e-mail немесе SMS арқылы келген бір реттік құпия сөзді енгізіңіз де, жаңа құпия сөзіңізді тіркеңіз. 

– Менің бұрынғы әріптесім маған 2005-2006 жылдары біздің жұмыс берушіміздің  зейнетақы қорымызға нақты еңбекақыға сәйкес келмейтін ең төмен соманы аударғанын айтты. Сондықтан да мен зейнетақы жүйесіне қатысқан барлық жылдардың толық көшірмесін алғым келеді. Шамамен бұл - 15 жылдан аса уақыт. Сол көшірмені қалай ала аламын? 

– Өзіңіз бұрын салымшы болған басқа жинақтаушы зейнетақы қорларындағы зейнетақы жинақтарыңыз туралы мәліметтер алу үшін жеке басыңызды куәландыратын құжатыңызбен БЖЗҚ филиалына жолығуыңызға кеңес береміз. 

Дайындаған Зульфия ИСКАЛИЕВА



Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.