«Бізде адам ағзаларын алуға “келісім презумпциясы” бар, бірақ туысқандары қашан да қарсы»

22 қаңтар 00:02 783 рет қаралды


Жаңа жылдан бастап емханаларға дәрігерлік көмекке жүгінген барлық пациенттер өз органдарын донорлыққа беру келісімі туралы анкета толтыруы тиіс екен. Осындай мәтіндегі сезімге толы дыбыстық хабарлама қазір Атырау тұрғындары арасында таралып жатыр.

«Бәрімізге белгілі жайт, Қазақстанда осы жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті медициналық сақтандыру туралы заң қолданысқа енгізіле бастады. Осыған байланысты сіздерге емханада қол қоюға келісімшарт береді. Ал, енді мына жазбаны мұқият тыңдаңыздар, - делінеді хабарламада. – Емханада маған екі сауалнама қағазын берді. Мен біріншісін толтырдым, ал екіншісін толтыра бастағанда оның медициналық араласуға ерікті түрде келісім беру жөнінде екенін түсіндім. Оның бір тармағында біз өз ағзаларымызды пайдалануға ерікті түрде қол қоятынымыз жазылған. Егер көшеде мен бір қайғылы жағдайға тап болсам, мені жедел жәрдем ауруханаға әкеледі. Бұл жерде дәрігерлер пациентті емдегеннен гөрі бөлшектеген дұрыс деп тапса, онда олар өз білгенінше менің барлық ағзаларымды алуға құқылы!» - деп әлдебір әйел абыржулы күйде әңгімелейді.

Хабарламаның соңында әйелдің «федеральдық» заң туралы деген сөзіне назар аудармаған облыс тұрғындары бұл хабарламаны бір-біріне жолдап жатыр. Демек, бұл жерде әңгіме Қазақстан туралы емес қой. Оның үстіне мәтінді хабарламадағы сілтемелер соңғы кезде қоғамда белсенді талқыланып жатқан «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің жобасын көрсетеді. Түзетулерді 6 негізгі бағыт бойынша енгізу жоспарланып отыр, бірақ адамдарды бәрінен бұрын міндетті вакцинация мен өлгеннен кейін ағзаларды алуға келісім презумпциясы  алаңдатып отыр.

Бұған қатысты түсінік беру үшін біз облыстық денсаулық сақтау басқармасының орынбасары Гүлнафис ТАҢБАЕВАҒА (суретте) жолықтық.


–Қазіргі  «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс 2009 жылдан бастап қолданыста және ағзалардың донорлығы бойынша келісім презумпциясы онда әуелден жазылған. Қазіргі уақытта жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр, - дейді Г.Таңбаева.

– Трансплантология Қазақстанда 2012 жылдан бері жүзеге асырылып келеді, сол кезде біздің елімізде бірінші рет жүректі ауыстыру отасы жасалған болатын. Содан бері ағзаларын ауыстыруды қажет ететін барлық аймақтардағы ересек пациенттерді астаналық орталықтарға - ересектер үшін «Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығы»  және балаларға арналған «Ана мен бала ғылыми орталығына» - жібереді. Атырау облысында да ағзаларды ауыстыруға мұқтаж пациенттердің кезегі бар. Айталық, 180 пациент гемодиализ орталығында  үнемі  емдеу шараларынан өтіп отырады. Бізде осындай үш орталық бар: екеуі облыс орталығында және біреуі Құлсарыда. Биыл мемлекеттік-жеке серіктестік аясында Құрманғазы ауданында 30 төсектік жаңа гемодиализ орталығы салынып жатыр.  Бұл пациенттер ай сайын 12-13 гемодиализ сеансын қажет етеді, әрбір емдеу шаралары 3-4 сағатқа созылады. Демек, облыстың Жылыой ауданынан басқа аудандарындағы пациенттер айдың жартысын Атырауда өткізуге тиісті. Біз заң жобасына пациенттердің қасындағы көмекші адамдарымен бірге тұруы үшін арнайы хоспистер болуы керек деп ұсыныс бердік. Өйткені, пациенттерге емдеу шараларынан кейін де демалуға жағдай жасалуы керек. Атырау облысынан 37 пациент тірі донорлардан бүйректі ауыстыру оталарын жасатты. Оларға өздерінің жақын туыстары донор болды, өйткені, мұндай оталарда генетикалық туыстықтың басымдылығы жоғары. Басқа ағзаларды ауыстыру әдетте донордың клиникалық өлімінен кейін жасалады. Донорлар толық тексеруден өткізіледі, өйткені, ауыстыру үшін бірқатар кері әсерлер болып жатады. Сондықтан да пациенттің денсаулығы жөніндегі барлық мәліметтер аталмыш ғылыми институттардың дерекқорларында болуы тиісті.

Біз дәрігерлер мұндай дерекқорлардың және донорлыққа саналы келісімнің қажеттілігін түсінеміз. Біздің кодексте қазірде келісім презумпциясы жазылған, ал  келіспеу  презумпциясы жоқ. Егер келісім презумпциясы болса, онда дәрігерлер пациенттің клиникалық өлімінен кейін қажеттілігіне қарай оның ағзаларын алуға құқылы. Бірақ бұл тармақ іс жүзінде қолданылмай отыр. Туысқандарының келісімінсіз ештеңе жасай алмайсыз, әдетте олар бас тартып жатады. Осыдан 7 жыл бұрын облыстық аурухананың психологиялық дағдарыс орталығында дәрігерлер халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тырысып көрді, бірақ біздің адамдар бұған қарсы болып шықты.  

– Ағзаларды алу бойынша бұл процесс техникалық жағынан қалай болады? Айталық мынадай жағдай орын алды дейік: ЖКО нәтижесінде адам өліп қалады және ол  «бас тартамын» деп жазып үлгермеді. Оның ағзаларын мұқтаж пациенттерге ауыстыруға  бола ма?

– Жоғарыда айтып өткенімдей, дәл қазіргі уақытта бізде бұл қолданылып көрген жоқ. Бұл қадамға адамдар саналы түрде барып, тірі кезінде келісімін беруі керек немесе донорлықтан бас тартатынын рәсімдеу керек. Ол үшін қазір кодекске өзгеріс енгізілуде және цифрландыру да енгізілетін болады. Қазір келісілген донорды міндетті түрде тексеруден өткізіп, оның өмір бойына немен ауырғанын анықтау үшін көп уақыт кетеді. Цифрландыру донор ретінде және электрондық нұсқадағы реципиент ретінде денсаулығы туралы барлық мәліметтерді білуге мүмкіндік береді, ал бұл көптеген адамдардың жазылып кетуіне мүмкіндік сыйлайды.

– Өз кезегін күте алмай шетелге кетіп жататын адамдар да болады. Отадан кейін оларға арнайы бақылау, қымбат дәрі-дәрмектер қажет болады. Отаны Қазақстанда жасатпаса да, олар көмек алуға құқылы ма?

- Егер отаға дейін пациент диспансерлік есепте тұрып, отадан кейінгі қымбат тұратын емдеу шараларын тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кіретін талаптар бойынша алса, ол терапиялық көмек ала алады. Бұдан басқа жергілікті бюджет сирек кездесетін сырқаттар, оның ішінде аутоиммунды жүйелі аурулар, кейбір эндокриндік және жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеу үшін дәрі-дәрмектер сатып алуға қаржы бөледі.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген автор



Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.