Зайсанда "Шыңжаңнан қашқан" екі қазақтың соты басталды

6 қаңтар 10:42 1070 рет қаралды


Бүгін Шығыс Қазақстан облысы Зайсан қаласында Қытай қазақтары Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлының соты басталды. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Нұр-Сұлтан, Алматы, Өскемен қалаларынан екі жігітті қолдап келгендер залға сыймай қалған. Тағы бірнеше белсенді Зайсандағы сотқа жете алмаған.

- Семейден шығып, Зайсағанға 130 шақырым қалғанда полиция тоқтатты. Алғашында құжат тексермек болған, кейін «көлік арестте тұр екен» деген себеп тапты. Түнгі бірге таман жіберді. Амалсыз кері қарай, Семейге қайттық, - деді жергілікті белсенді Роллан Машпиев.

Бүгінгі процесске екі жігіттің адвокаты Ләззат Ахатова мен мемлекеттік айыптаушы Ержан Әзімбаев қатысып отыр. Істі судья Шынар Оспанова жүргізіп жатыр.

Қазан айының басында Қытай қазақтары Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлының Қазақстанға "шекараны заңсыз кесіп өткені" туралы ақпарат тараған. 14 қазанда Алматыдағы адам құқығын қорғау бюросында өткен баспасөз мәслихатында Қастер Мұсаханұлы Шыңжаңдағы "саяси лагерьде қамауда болғанын", Мұрагер Әлімұлы Қытайда "қысым көргенін" айтқан еді. Қазан айының ортасында ҰҚК оларды "шекарадан заңсыз өтті" деп айыптап, Өскемен қаласындағы тергеу изоляторына жеткізген.

Желтоқсанның басында адвокат Ләззат Ахатова Азаттық тілшісіне тергеу амалдары аяқталғанын, іс материалдарымен танысып жатқанын хабарлаған. Адвокат Өскеменде қамауда отырған екі жігіттің Қытайда қалған туыстарына қысым жалғасып жатқанын да айтқан.

Қазақстан билігінен босқын мәртебесін сұраған Қытайдың екі азаматына қазан айының соңында "пана іздеуші тұлға" куәлігі берілген еді.

Бұған Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігінен "қазақ-қытай шекарасын бұзып өтті" деп айыпталған шыңжаңдық екі жігітті Қытайға қайтармауды талап еткен.

Ұйым Қазақстан билігі Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын қамаудан тез арада босатып, олардың үстінен қозғалған қылмыстық істі тоқатуы тиіс деп санайды. AI Қазақстан екі қазаққа құқықтық көмек көрсетіп, босқын мәртебесін беруі керек деп есептейді.

6 желтоқсанда ҰҚК Шекара қызметінің басшысы Дархан Ділманов "Сот және қылмыстық жауапкершілікке тарту шаралары түгелдей аяқталғаннан кейін біз бұл азаматтарды мейлі Қытай болсын, мейлі басқа мемлекет болсын, келген еліне қайтарамыз. Нақты бұл жағдайда біз Қытай Республикасына шекаралық өкілдік қызметі арқылы тапсырамыз. Әрі қарай көрші мемлекет мәселемен өзі айналысады" деген.

Мұрагер Әлімұлы мен Қастер Мұсаханұлының тағдырына алаңдаған бір топ белсенді бұған дейін баспасөз жиынын өткізіп, егер Қытайға қайтарылса, екеуінің өміріне қауіп төнетінін айтып, Қазақстан билігінен оларға босқын мәртебесін беруін сұраған.

Дереккөз: Азаттық радиосы





Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.