«Қырыққұдыққа» су керек

24 желтоқсан 2019 14:07 4558 рет қаралды


Мақат ауданы Доссор кентінің айналасы мал бағуға ыңғайсыз сорлы жер болғандықтан кейбір тұрғындар малдарын 20 шақырым жердегі «Қырыққұдық» қыстағында бағып отыр. Кезінде қырық құдығы болған жердің қазір суы тартылып, шаруалар қиын жағдайда қалған. «АЖ» тілшісі малшылардың шақыруымен осы қыстақта болып қайтты.  


Бұрын бұл қыстақ совхоздың мал кәсібімен айналысқан бір бөлімшесі болған, қазір оншақты үй азынаулақ малымен отыр. Барлығы Доссор кентінің тұрғындары. 1000 га жері бар қыстақты «Аян» шаруа қожалығы ұзақ мерзімге жалға алған және ауылдастарымен жерді ортақ пайдаланып келеді екен.


- Доссордың айналасында су жоғы былай тұрсын, жайылыс та тапшы, сиыр, жылқы малдары көшедегі тұрмыстық қалдықтарды жеп жүргені. Ауылдық жерде тұрғасын мал өсіріп, өз күнімізді өзіміз көруге тырысудамыз. Бірақ жайылыс болмағандықтан осы қыстақта тұрақтап тұрып қалғанбыз, - дейді қыстақ тұрғындары.

Маруаш ҰЛЖАНОВА зейнеткерлікке шықса да, балаларының қамы үшін осы жерде тұрақтап қалған:

- Бұл жерде отырғанымызға 25 жыл болды. Бала-шағаны ет және сүтпен қамтамасыз етіп отырмыз.

Жиналған жұрт су, жемшөп мәселесін көтерді. Мәселен, «Аян» ШҚ өзі әр ораманы 7 мың теңгеге сатып алса, тек пішеннің өзіне 700 мың теңге жұмсаған. Бұл айналада жайылыс болғанымен, шабындық жер жоқ. Кейбір әлді шаруашылықтар 180-200 шақырым болатын Қызылқоға ауданы жерінен жем-шөп дайындап алып жүрген көрінеді. Бұл үлкен шығын.

Мадияр ҮМБЕТҚАЛИЕВ

- Шөп бағасы жылдан-жылға өсіп барады. Бұған дейін бірде-бір шаруашылық жемшөп дайындағаны үшін субсидия алып көрген емес. Жердің сортаңдығы, климатына, жайсыздығына қарай неге субсидия бермейтінін білмеймін,- дейді «Аян» ШҚ басшысы Мадияр ҮМБЕТҚАЛИЕВ. - Өткенде облыстың бұрынғы әкімі Нұрлан НОҒАЕВ кәсіпкерлермен кездескенде жем-шөпке субсидия беру үшін облыстық бюджеттен қаржы шығаруды ойластырамыз деген. Енді ол кісі жоқ, ақша болмайтын шығар.

Ауыз суды қыстақ басындағылар кенттен тасып отыр. Малға суды су таситын көлікпен алдыртады, бір әкелгені – 10 000 теңге. Ол да көпке бармайды, әрі кетсе бір аптаға жетеді екен.

Қыстаққа тілшінің бара жатқанын естіген аудандық әкімдіктегілер де артымыздан жетті.


 Мақат аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы  Азамат ШАНҒАЛИЕВ:

- Жемшөпке субсидия асылдандыру ісімен айналысып, ірі сабақты пішен дайындағандарға беріледі. Ал ауданда ондай шаруашылық жоқ. Айта кету керек, бұған дейін ауданда бірде-бір шаруашылық субсидияға қол жеткізген емес.

- Сонда асылданған мал саны қанша болу керек?

-100 жылқыдан кем болмауы керек. Жалпы ауданда 33 шаруа қожалығы бар. Мал шаруашылығын дамыту үшін Қызылқоға ауданынан 413 мың гектар жер алуға құжаттама жұмыстарының 90 пайызы бітіп тұр. Келесі жылдың ақпанында шаруаларға жер беріле бастайды.


Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттерді түсірген автор



Тақырып бойынша жаңалықтар



Array
Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.