"Мәскеуге жорығын" қайта бастаған саха бақсысын полиция екінші рет ұстады

11 желтоқсан 2019 09:56 605 рет қаралды


"Путинді Кремльден аластау үшін" Мәскеуге жорығын қайта бастаған саха бақсысы Александр Габышевті полиция ұстады. Полицейлер оның жақын серіктерінің бірі Евгений Ростокинді де ұстап, ФСБ бөлімшесіне жеткізген.

Олардың ұсталуының нақты себебі белгісіз.

Саха бақсысы Александр Габышев наурыз айында "Путинді Кремльден аластау үшін" Мәскеуге жаяу шыққан еді. Ол сол кезде "Ресей президенті қара күштен жаралған және онымен тек бақсы ғана күресе алады" деп мәлімдеген. Оны полиция Бурятия мен Иркутск облысы шекарасының маңынан 19 қыркүйекте алып кеткен.

20 қыркүйекте Якутск қаласына әкеліп, психиатриялық тексеруге жіберген. Психологиялық-психиатриялық сараптама қазан айының басында саха бақсысы Александр Габышевтің "ақыл-есі дұрыс емес" деген қорытынды шығарды.

Оның үстінен "экстремизм" бабымен қылмыстық іс қозғап, ешқайда кетпейтіні жөнінде қолхат алды. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков саха бақсысының ұсталуына "Кремльдің еш қатысы жоғын" айтты.

Габышев екінші жорығын 8 желтоқсанда бастаған. "Сибирь.Реалии" сайты 10 желтоқсанда полицейлердің "тергеу амалдарын жүргізу үшін" Габышевті іздеп жатқанын хабарлады. Полиция бақсының туған әпкесінің үйіне де барған.

Дереккөз: Азаттық радиосы






Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.