«Қайтесіз, зауыттар салынып, тұрғындар саны артуда»

4 желтоқсан 2019 11:43 1406 рет қаралды


3 желтоқсанда электр энергиясымен қамту қызметтері мен компанияларының басшылары брифингте Атырау аймағында жарықтың сөніп қалу себептерін атады.

Бірінші болып «Атырау ЖЭО» АҚ президенті  Айвар РАХМАНОВ сөз алды: 


- 2019 жылдың 1 желтоқсанында жергілікті уақыт бойынша сағат 11.20-да Атырау ЖЭО-ның станция жұмысының технологиялық режимінде ақау пайда болды. Электр қуаты азайды. Жасалған шаралар нәтижесінде сағат 18.30-да апатқа дейінгі қуат қайта қалпына келтірілді. Апат салдарын анықтау үшін сол күні кәсіпорында тиісті комиссия жұмысын бастады. Сонымен қатар, облыстық әкімдік жанынан да комиссия құрылды. 2 және 3 желтоқсанда Атырау ЖЭО  тарапынан қуат беру бойынша тұрақсыздық болған жоқ.


Сөз кезегін «KEGOC» АҚ филиалының директоры  Константин ЧЕРНОХАЕВ алды:

- 2 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша сағат 7.57-де №2 «МАЭК Казатомпром» электр станциясында бу берілуінің тоқтатылуынан №11 қазанагрегат жұмысы тоқтады және қуаттың берілуі 55 мегаватт болды. Бұл қуаттар бізге қарай да бағытталғандықтан, бізде апатқа қарсы автоматика іске қосылып, тұтынушыларды электрмен қамту тоқтатылды. Бүгінде №3 ЖЭО-дағы ақтаулық әріптестеріміз №1 энергоблоктың жұмысын іске қосуға кірісті. Бүгін түстен кейін біздің аймақтағы электрмен қамту жұмысы реттеледі.


Облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Мұрат ИҒАЛИЕВ электр энергиясының жетіспеушілігін жойып, су мен жылудың үздіксіз берілуін қамтамасыз етудің барлық мүмкіндіктерін қарастырып жатқандығын хабарлады. Бұл мәселе облыс әкімінің тікелей бақылауында.

Журналистердің сұрақтарына жауап берген Рахманов ЖЭО электр энергиясы генерациясының апатқа дейінгі қуаты 270 мегаватты құрағанын айтты. Апат салдарынан 140-қа дейін төмендеген, ал 1 желтоқсанда 18.30-да 260 мегаваттқа дейін көтерілген.  


Дегенмен, «Атырау Жарық» АҚ бірінші вице-президенті Мейірбек ҒҰБАШЕВ облыс бойынша қарбалас шақта тұтыну 370 мегаваттқа дейін жететіндігін айтты. Мұндай жағдайларда кернеуді автоматикалық шектеу жүйесі мен автоматика іске қосылып, бүкіл облысты «нөлге» түсіп кетпеуден қорғау шараларын жасайды. Бұл жағдайда жүйе диспетчердің қатысуынсыз белгілі ауыл мен ауданды өзі таңдап, қысқа уақытқа қуат беруді тоқтатады. Кейін ол ауданда электр қуаты беріліп, басқа учаскеде өшіріледі. Осылайша үлкен мәселелер шешіледі. 

«АЖ» сауалдары:

- 1 желтоқсандағы жарықтың сөнуіне 4-кезектегі турбоагрегаттың ажыратылуының себеп болғаны рас па?

Рахманов: - Иә, бұл рас.

- 4-кезектегі турбина 2010 жылы 16,5 млрд теңгеге салынды. Бұл ақша тұтынушылардан жиналды ма?

- Бұл 2009-2015 жылдары «тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы іске қосылған кезең болды. Қаржыландырудың бір бөлігі тиісті тариф арқылы, енді бір бөлігі акционерлер қаржысы есебінен жүргізілді.

- Жарайды, бірақ 2010 жылғы жаңа агрегаттар бұзылды ма?

- 2009-2015 жылдар аралығында АЖЭО қуаттылығы осы бағдарламаның арқасында 2 есеге дейін артты. Бүгінде дәл осы 4-кезекті агрегат 1 желтоқсандағы режимінің бұзылуына қарамастан электр қуатын беріп отыр. ЖЭО-дағы  электр энергиясының өнімділігі жыл сайын өсіп келеді.

- 1 және 2 желтоқсандағы жағдайлар бір-бірімен байланысты ма? МАЭК бізге жұмыс істеді де, күші жетпегеннен апат орын алды ма? 

Чернохаев: - Бұл жағдайлар бір-бірімен байланысты емес. Өйткені, МАЭК «Атырау Энергосату» ЖШС тапсырысы бойынша Атырау облысына қараша және желтоқсан айларында шамамен бірдей көлемде қуат берді. МАЭК-тің жұмыс қуаты 600 мегаватт, сондықтан да біздің 10 мегаватт олардың жұмысында іркіліс тудыруы мүмкін емес. Бұл түрлі жағдайлардың орын алуына байланысты.

Иғалиев сөзін электр қуатын кезекпен ажырату қашан тоқтатылатындығына жауап берумен аяқтады:

- Биыл және келер жылдары ЖЭО-да бір-бір турбинадан іске қосу жүзеге асырылады, бұл облысқа 80 мегаватт электр энергиясын береді.  Жылыой ауданында ТШО газтурбиналық станция салмақ, мұндай жұмыстар Қарабатанда да жүргізіліп жатыр. Бірақ, ескеріңіздер, тұтыну қарқыны да артып келеді. Зауыттар салынып жатыр. Халық саны да өсіп жатыр. Алға қарай электр энергиясы артылады деп айту қиын, бірақ, тапшылықты азайту бойынша жұмыстар тұрақты жүргізіледі.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ 

Суреттерді өңірлік коммуникациялар қызметі ұсынды



Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.