Қарызы бар нысан ешкімге керек емес

2 желтоқсан 14:34 1067 рет қаралды


Облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі алқасы Экология департаментінің ұйғарымын (соған сәйкес «Атырау су Арнасы» КМК өткен жылы Жайықта балықтың қырылғаны үшін 30 миллиард теңге экологиялық залал төлеуі тиіс) растағаннан кейін, «Диар и Компания» ЖШС одан бұрын жасалған сенімгерлік басқару туралы келісімді бұзу туралы шешім қабылдады. Дегенмен, жергілікті билік кәсіпорынды жеке қолға беруге үміттеніп отыр. Алайда бұл жоғары сот «АСА»-дан үлкен қаржылық «айыппұлды» алып тастаған жағдайда ғана мүмкін болатыны анық.

«АЖ»-ның «Атырау су арнасының» тағдыры туралы сауалына жауап ретінде облыстық қаржы басқармасы бастығының м.а. Серік ДЕМЕГЕНОВ төмендегі жауапты жолдады:  «Озық технологияларды енгізу, су шаруашылығы нысандарын ұстау және күрделі, ағымдық жөндеу бойынша инвестиция салу мақсатында «Атырау су Арнасы» КМК мүліктік кешен ретінде 20 жыл мерзімге кейін сатып алынбайтын шартпен сенімгерлік басқару үшін тендерге шығарылды. «Диар и Компания» ЖШС конкурс жеңімпазы болды. Нәтижесінде «Атырау облысының қаржы басқармасы» мемлекеттік мекемесі мен ЖШС арасында сенімгерлік басқару туралы келісім жасалды.

Нысанды сенімгерлік басқарушыға тапсыруға дайындық кезінде мыналар анықталды. Ағымдағы жылдың 14 маусымында Атырау қалалық соты Экология департаментінің ұйғарымын жарамсыз деп тапты. Бірақ 24 қыркүйекте облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы бұл шешімді жойып, соған сәйкес ұйғарым заңды күшіне енді. Осыған байланысты, сенімгерлік басқарушы нысанды сенімгерлікпен қабылдаудан бас тартып, келісімді бұзуды өтінді. 25 қазанда оның келісімі бұзылды».

Бұл жауаптың соңы: «Қазіргі уақытта жоғары тұрған сот инстанцияларына облыстық соттың қаулысы бойынша шағымдану мүмкіндігі қарастырылуда. Әрі қарай сот шешімдеріне байланысты, нысанды сенімгерлік басқаруға беру мәселесі күн тәртібінен алынбайды» деп түйінделген.

Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ





Комментарии пока доступны только в полной версии сайта

Перейти к комментариям (2)