Карлсонды ұнатпайтын елге саяхат

23 қазан 2019 12:59 2153 рет қаралды


Қазақстан делегациясының құрамында Швецияның астанасы Стокгольм қаласына жол түсті. Бұл жаққа Internews ұйымы USAID қолдауымен жүзеге асыратын MediaCamp Орталық Азия бағдарламасы аясында қазақстандық судьялардың, баспасөз хатшылары мен журналистердің қатысуымен стади-тур ұйымдастырылған-ды. Турдың басты мақсаты - Швециядағы БАҚ-тар мен соттардың өзара байланысы, ақпаратқа қол жетімділік және бұқаралық ақпарат құралдары мен соттарға деген сенімділікті арттыру үшін қандай шаралар жасалып жатқанын білу болатын.


НЕЛІКТЕН ШВЕЦИЯ?

Бұл ел ғасырлар бойы сөз бостандығымен үндесіп келеді - 1766 жылы елде мемлекеттік цензура жойылып, көп ұзамай баспасөз бостандығын қорғайтын алғашқы заң қабылданды. Ал кейінірек бұл құжаттың негізгі ережелері ел Конституциясына енгізілді.



Қазақстанның Швеция Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті елшісі Қайрат ӘБДІРАХМАНОВПЕН кездескен соң, біз түстен кейін баспасөз омбудсмені Керсти СОДЕРБЕРГПЕН кездестік - Швецияда 1969 жылдан бері осындай лауазым бар екен. Омбудсмен БАҚ-тарға қатысты шағымдар түскен кезде мәселені реттеу үшін тараптарға делдал болады. Швециядағы бұқаралық ақпарат құралдары еркін, бірақ Этика кодексі бар. Соған сәйкес журналист ақпараттың дұрыстығын қамтамасыз етіп, жеке өмірге қол сұқпаушылықты құрметтеуі тиіс. БАҚ-тарға сотта кінәлі деп танылып, айыппұл салынатын кездер болады, бірақ бұл өте сирек кездесетін жағдай.



Кездесуден кейін Стокгольмді араладық – көше бойында тұрған велосипедтер мен электр самокаттың көптігі бірден көзге түсті. Бұл жерде халықтың үштен бірі осындай қозғалыс құралдарын пайдаланады екен. Өйткені бұл экологиялық тұрғыда таза әрі қоғамдық көліктерде жүру құны қымбат. Мәселен, қоғамдық көліктерде бір реттік жүру билеті 45 швед кроны болады - бұл шамамен 1800 теңге және ол 75 минутқа жарамды. Осы уақыт ішінде сіз мұны автобустарда, метро және трамвайларда пайдалана аласыз.


Стокгольм ратушасы көрінгенде гид бізге "бұл қашан салынды деп ойлайсыздар?" деген сұрақ қойды. Біреулер 14-ғасырды, енді біреулер 17-ғасырды атады. Сөйтсек, 1911-1923 жылдары салынған екен. Ғимаратқа ортағасырлық көрініс беру үшін кірпіштері ескі технология бойынша қаланыпты. Қазір Ратушада қалалық биліктің отырыстары, түрлі саяси келіссөздер өтеді екен. Өкінішке орай, уақытымыз тығыз болып, Ратушаның ішіне кіре алмадық. Әдемілігін сырттан ғана тамашалап, әрі қарай Стокгольмның бірнеше негізгі аралдарының таңғажайып көріністері ашылатын Katarinavägen көшесіндегі шолу алаңына бардық. Бір кездері қаланың осы бөлігінде тек жартастар болған. Бірақ Альфред Нобель динамит ойлап тапқаннан кейін жартастардың бір бөлігін жарып, жаңа жолдар салған.


69 ЖАСТА ЗЕЙНЕТКЕ ШЫҒАДЫ

Осы жердің тұрмыс-тіршілігімен жақынырақ танысу үшін 30 жылдан бері Стокгольмда тұрып келе жатқан Санкт-Петербург қаласының тумасы, біздің гидіміз Наталья Алексеевнаға сұрақтар қойдық. Мысалы, Швеция азаматтары 69 жасында зейнетке шығатынын және оның мөлшері еңбек өтіліне байланысты болатынын; салықтар еңбекақының 22-34%-ын құрайтынын, тіпті зейнеткерлердің де салық төлейтінін білдік. Еңбек жолын жаңадан бастаған дәрігерлер 29-30 мың крон (1 200 000 теңге), медбикелер де шамамен осындай еңбекақы алады, ал тазалаушылар, мысалы, 20 000 крон (800 000 теңге) алады.

Корольдіктегі орта және жоғары білім - тегін, қоғамдық көліктер қала тарапынан субсидияланады. 3 және одан да көп баласы бар отбасылар ай сайын бір балаға 120-130 еуро көлемінде жәрдемақы алады.

Швед азаматының әдеттегі күні жүгіруден басталады және біздің өмір салтымызбен салыстырғанда өте ерте аяқталады – балалар сағат 21.30-да ұйқыға кетеді, ал ересектер сағат 23.00-ден кешікпей ұйықтайды.

Кешке Стокгольм көшелерінде адамдар өте аз болады екен. Мұны ортағасырлық Еуропа атмосферасын сезіну үшін Ескі қалаға (Gamla Stan) барғанымызда байқадық. Бұл жердегі кейбір үйлер 13 ғасырда салынған. Тас төселген тар көшелер мен тұйық көшелерден ғасырлар бойы сақталған сәулет өнерінің лебі сезіледі...



МИНИСТРЛІКТЕГІ ТОҚАШТАР

Келесі күні бізді мәдениет, адам құқықтары, ұлттық азшылық, дін, БАҚ және спорт мәселелеріне жетекшілік ететін Мәдениет және демократия министрлігінде қарсы алды. 2019 жылдың басында министрлікке жаһандық жылынуға қарсы күресетін, журналистер мен өнер қайраткерлерінің бостандықтарын, сондай-ақ сексуалды азшылықтардың құқықтарын қорғайтын Аманда Линд басшы болып келген.

Бізді министрліктің қызметкері Филиппе Оллсон қабылдады. Оның айтуынша, тәуелсіз журналистиканы қорғау үшін жыл сайын 900 миллион еуро, соның ішінде шағын БАҚ-қа 50 миллион еуро көлемінде субсидия бөлінеді. Субсидиялаудың негізгі шарттары – басылымның азды-көпті тұрақты мерзімділігі, жаңалықтар мен редакциялық материалдармен қамтылуы. Қомақты қаржы бөлетін үкімет бұқаралық ақпарат құралдарының мазмұнына бақылау жасамайды.

Мұнда бізді кофемен және даршын қосылған дәстүрлі швед бөлкесімен қонақтады. Астрид Линдгреннің ертегісі бойынша түсірілген кеңес мультфильміндегі Карлсон есіңізде ме? Міне, сол Карлсон дәл осы тоқаштарды жақсы көретін.

Айтпақшы, Карлсон туралы: Стокгольмда оған қатысты сувенирлер таба алмадық, ал Линдгреннің басқа кейіпкері – Пеппи Ұзыншұлық бұл жақта өте танымал. Карлсонды Швецияда онша ұнатпайды, өйткені ол жергілікті менталитетке сәйкес келе қоймайды. Ол тек өзін ойлайды, сенімсіз, өтірік айтқанды ұнатады, шақырусыз қонаққа барады. Швед сізді қонаққа шақыру үшін онымен 15, тіпті 20 жыл таныс болу қажет, ал егер өзінің ұлы ата-анасына барғысы келсе, 3 апта бұрын ескертіп қоюы тиіс – гид бізге осылай түсіндірді. Біз мүлдем кереғар дәстүрлерімізді салыстырып, күліп алдық.



САРАЙ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ТЕЛЕДИДАР

Түскі үзілісімізді түстенуге ысырап етпей, Еуропадағы барокко стиліндегі ең сәнді ғимараттарының бірі саналатын швед монархтарының ресми резиденциясы – Король сарайына бет алдық.

Әрине, король XVI Густав пен королеваны көрмедік, бірақ бірнеше музей залдарына: бұрынғы билеушілердің тәждері, асатаяқтары мен мантиялары ілінген қазына қоймасына; әскери сауыт-саймандары бар қару-жарақ палатасына кірдік; апартаменттерде корольдердің қалай өмір сүргендерін, тұрмыста қандай нәрселер қолданғанын көрдік.

Содан кейін SVT - 1925 жылы құрылған швед қоғамдық телехабар тарату (бастапқыда тек радио ретінде құрылған) ұйымына бардық. Журналист және теледидар кәсіподағының төрағасы Ханна Нюберг бізге түсіндіргендей, ұйым құрамына теледидар мен радио кіреді екен. Жақында жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша, 10 шведтің 9-ы SVT туралы білетіндігі және олардың бағдарламаларын күніне кемінде бір сағат көретіндігі белгілі болған.

Журналистер дәстүрлі де, онлайн режимінде де жұмыс істейді, бірақ онлайн-таратылымдар басымдыққа ие.

Ханна жалпы бұрын болмаған проблемаға да тоқталды: журналистерге өздерінің кәсіби қызметіне байланысты қоқан-лоқылар жиілеп кеткен, тіпті, шабуылдар да болған. Басшылық журналистердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көп ақша жұмсайды, оларға өздерін қауіпсіз сезінуге жағдай жасауға тырысады екен.

Содан кейін SVT редакциясына келіп, әріптестеріміздің қалай жұмыс істейтіндерін көрдік. Бұрын Мәскеуде, Киевте және Орта Азия елдерінде тілші болып жұмыс істеген Эллин Джонсонмен таныстық. Орыс тілін жақсы білетін Эллин біздің өңіріміздегі өз тәжірибесі туралы қызықты нәрселерді әңгімелеп берді.

Осы жерде біз бөтелкемізге шүмектен аққан суды толтырып алдық. Иә, Швецияда барлығы құбырдан ағатын суды ішеді. Бұл суды ішуге болатынықтан емес, осы суды ішу керек, - дейді гидіміз. Айтпақшы, қонақүй бөлмелерінде бөтелкемен су берілмейді, қолжуғыштың жанында су ішу үшін 2 стақан қойылған. Ал қоқыс жәшіктері үш бөлікке бөлінеді: қағаз, тамақ және басқалары үшін. Мен шатаспас үшін шелектегі жазуларды үнемі оқумен болдым, әйтпесе ұят қой.


СОТТАР ЖӘНЕ АЗҒАНА САУДА-САТТЫҚ

Үшінші күні таңертең Стокгольмдегі Solna муниципалитетіне, аудандық сотқа бардық. Онда бізді 20 жылдық тәжірибесі бар төрағасы Патрик Альм қарсы алды. Ол бұл жүйенің Швецияда қалай жұмыс істейтіні туралы әңгімеледі. Сот билігі заң шығарушы және атқарушы органдармен қатар, елдегі үштіктің бірі болып табылады. Ол мынадай ғажайыптарды айтты: барлық құжаттар, оның ішінде полицияның тергеу жұмыстары, іс сотқа түскеннен кейін жұртшылыққа қол жетімді болады екен. Бұл дегеніміз, әркім, оның ішінде журналистер де жеке өмірге қол сұғылмайтын мәселелерді қоспағанда, осы материалдармен ешбір шектеусіз таныса алады дегенді білдіреді.

Бізге шынайы сот отырысына қатысуға мүмкіндік берілді. Бірден айтайын, 1940 жылдан бастап сот залында суреттер мен бейнежазбаға түсіруге тыйым салынған, сіз тек аудиодыбыс қана жаза аласыз. Сотқа кез-келген адам кіріп, қатыса алады екен.

Біз такси жүргізушісін тонау туралы іс отырысына қатыстық, сотталушылар - үш ер адам. Үшеуін де залға қолкісенмен әкелді. Қолдарынан кісенді шешкеннен кейін олар біздегідей «аквариумда» емес, адвокаттарының жанына отырды. Төрағалық етуші судья мен прокурор азаматтық киімде болды.

Патрик Альмның айтуынша, әдетте шешім шығарылғаннан кейін судья баспасөз конференциясын өткізеді. Қабылданған шешімнің себептерін көрсету үшін алдын-ала баспасөз хабарламасы дайындалады. Өйткені істің барлық мән-жайын дұрыс баяндауға журналист емес, ең алдымен судья мүдделі.

Түскі астан кейін Швецияның Журналистер одағына барып, төрағасы Ульрика Хиллертпен таныстық. Оның айтуынша, қазір Одақта 14 500 адам тіркелген.

- Біздің жұмысымызда «сенім» ұғымы біз үшін ең бастысы болып қала береді: оқырмандар бізге сенуі тиіс, - деп атап өтті Ульрика.

Ол жақта редакция сауалдарына жауаптар екі күннің ішінде келеді екен! Шведтік әріптестеріміздің «жалпы елдегі кәсіби жағдайға көңілдері толатыны» бекер емес екен. Бірақ Хиллерт: біздің мамандыққа байланысты стресстер жыл сайын артып келеді деп күрсініп қойды.

Әрі қарай біз Королева көшесін еркін аралауға кірістік - үйге де кәдесыйлар алу керек қой. Әрине, бағалары да өте жоғары: тоңазытқышқа жабыстыратын кәдімгі магниттердің бағасы 30-60 швед кроны (1200-2400 теңге), Швецияның символдары бейнеленген саптыаяқтар - шамамен 5 мың теңге, шарфтар 5-6 мың теңге шамасында және т.б. Тек картамен есеп айырыстық - іс жүзінде Швецияда барлығы дерлік картаны пайдаланады.

Мысалы, біздің қонақ үйде қолма-қол ақшаны қабылдамады. Стокгольмдегі соңғы күні көшеде плакаттар ұстап, хормен әлдене деп айқайлап тұрған бірнеше адамдар тобын көрдік. Олардың бірі маған ағылшын тіліндегі парақшаны берді. Сөйтіп мұның жер бетіндегі өлім жазасына қарсы митинг екенін білдік. Олардың дауыстары біразға дейін естіліп жатты...

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суреттерді түсірген автор



Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.