Арменияның бұрынғы ішкі істер министрінің мәйіті табылды

25 қыркүйек 2019 10:01 611 рет қаралды


Арменияның бұрынғы ішкі істер министрі және бұрынғы полиция бастығы Айк Арутюнянның мәйіті табылды, оның басына оқ тиген деп хабарлады Азаттықтың Армян қызметі. Полиция өзін-өзі өлтіруге итермелеу бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.

Арутюнянның мәйітін полиция 24 қыркүйекке қараған түні Ереваннан 45 шақырым жердегі ауылда тапқан. Арменияның тергеу комитетінің дерегінше, оның жанында белгісіз бір адам болған. Тергеушілер одан сұрақ-жауап алған.

Арутюнян 1999-2003 жылдар аралығында Арменияның ішкі істер министрі болды. 2003-2008 жылдары аралығында полиция бастығы қызметін атқарды. Ол 2008 жылы Ереванда болған қақтығыс бойынша негізгі куәгерлердің бірі болған. 11 жыл бұрынғы оқиға кезінде полиция президент сайлауының қорытындысына наразы азаматтарды күш қолданып көшеден қуып, он адам қаза тапқан. Бұрынғы президент Роберт Кочарян - осы іс бойынша айыпталушылардың бірі.

Дереккөз: Азаттық радиосы





Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.