Түркістанда жарылыстан алты адам зардап шеккен

11 қыркүйек 11:21 492 рет қаралды


Түркістан қаласындағы "Royal Grand" қонақүйінде жарылған газ цистернасынан алты адам күйіп, ауруханаға түскен. Бұл туралы Азаттыққа 11 қыркүйек күні облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.

Басқарманың мәліметінше, жарылыс кезінде он адам жедел жәрдем қызметімен қалалық ауруханаға жеткізілген. Қан қысымы көтерілген және қолы сынған төрт адам алғашқы медициналық көмекті алғаннан соң үйіне қайтқан. Денесін түрлі дәрежеде күйік шалған алты адам ауруханада жатыр. Күйген адамдардың жағдайы қалыпты. Олардың барлығы - жарылыстан шыққан өртті сөндіруге келген төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзованың Азаттыққа айтуынша, оқиға бойынша "Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Тергеу амалдары басталып, бірнеше сараптама тағайындалған.

10 қыркүйек күні кешке Түркістандағы "Royal Grand” қонақүйінде ЗИЛ көлігі өртеніп, үш тонналық газ цистернасы жарылған. Өрт аумағы 1400 шаршы метрге жеткен. Түркістан облыстық әкімдігі жарылыстан бірнеше адам күйгенін, ешкім қаза таппағанын хабарлаған.

Дереккөз: azattyq.org 


Тақырып бойынша жаңалықтар



Комментарии пока доступны только в полной версии сайта

Комментарий қалдыру