Браконьерлер 264 келі бекіремен ұсталды

6 қыркүйек 2019 11:43 6449 рет қаралды

5 қыркүйекте күндіз Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде (қала маңындағы Дамба ауылы жағында) облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкерлері екі Атырау тұрғыны мінген аспалы «Ямаха» моторлы «Байда» қайығын ұстады. Қайықты тексеру барысында жалпы салмағы 264 кг болатын 92 бекіре тұқымдас балық еті, жалпы салмағы 34 кг 39 бекіре тұқымдас балық басы және жалпы салмағы 22 кг болатын 2 сазан, сондай-ақ, ұзындығы 300 метрге жуық торлар мен «Гармин» спутниктік навигаторы табылып, тәркіленіп алынды.

- Осы факті бойынша оқиға орнына Атырау полиция басқармасының жедел-тергеу тобы шақырылды, - деп хабарлады Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз қызметі.

Тәркіленген балық Жайық-Атырау бекіре өсіру зауытына тапсырылды, «Байда» полиция басқармасына жеткізілді. ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабы (Балық ресурстарын заңсыз алу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды.

6 қыркүйекте Атырау облысының прокуроры Халидолла ДӘУЕШОВТІҢ нұсқауымен бұрын қозғалған қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің анағұрлым ауыр 335-бабының 4-тармағына (Балық ресурстарын ірі залал келтіре отырып заңсыз алу) ауыстырылды. Ұсталған браконьерлер уақытша ұстау абақтысына қамалды.

- Таяу уақытта сотқа дейінгі бұлтартпау шарасы анықталады, - деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.

Кейінірек облыстық соттың баспасөз қызметі: «Екі жас жігіттің тұрақты мекенжайда тұратыны, олардың асырауында кішкентай балалары мен қартайған әке-шешесі бар екені белгілі болғандықтан, сот оларды қамауға алмай, басқа жаққа кетпеу туралы қолхатпен босату туралы шешім қабылдады» деп мәлімдеді.




Фархат ӘБІЛОВ

Суреттерді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті ұсынды



Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.