Асқар Ақаевтың отбасына қылмыстық істердің қозғалуына түсінік берілді

24 тамыз 09:39 769 рет қаралды


Қырғыз Республикасының Бас прокуратурасы елдің экс-президенті Асқар Ақаевтың отбасы мүшелері, туыстары мен жақын таныстарына қатысты қылмыстық іс бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында тараған ақпараттарға түсінік берді. Бұл туралы ҚазАқпарат «Кабар» агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Мемлекеттік комиссия деректеріне сәйкес, құқыққорғау органдары 2005 жылдың сәуірінен бастап Ақаевтың отбасы мүшелері, туыстары мен оның жақындарына қатысты бірқатар қылмыстық іс қозғаған. Мәселен, мемлекетке миллиондаған сомада залал келтірген Майрам Ақаева басқарған «Мээрим» қорына, Айдар Ақаев, Әділ Тойгонбаев және басқа да тұлғаларға қатысты қылмыстық істер қозғалған. Кейбір қылмыстық істер бойынша сот  үкімі шығарылды. 

Бас прокуратура президенттің жұбайы Майрам Ақаева басқарған «Мээрим» қайырымдылық қорының қызметіне жүргізілген тексеріс нәтижелері бойынша, 30-дан астам қылмыстық іс қозғаған. Қор мемлекетке 64 млн сом залал келтірген. Мемлекеттің меншігіне ондаған ғимарат пен басқа да мүліктер қайтарылды. Асқар Ақаевтың бұрынғы күйеу баласы Әділ Тойгонбаев сырттай 20 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді және 166 (алаяқтық), 188 (монополистік әрекет және бәсекелестікке жол бермеу) және 213 (салық төлеуден жалтару) баптары бойынша кінәлі деп танылды. Бұдан бөлек, сот оны «Манас» халықаралық әуежайы» ААҚ пайдасына 677,291 миллион сом ($10 миллион) өтемақы төлеуді міндеттеді. 

Бұрынғы президенттің ұлы Айдар Ақаевтың үстінен 4 қылмыстық іс қозғалды. Оның келтірген залалы  $3 миллион шамасында. Тағы 11 қылмыстық іс бойынша оның кінәсі дәлелденіп отыр. «Асқар Ақаев пен оның отбасы атышулы оқиғадан кейін Қырғызстаннан қашып кетуіне байланысты, олар жасаған қылмыс аясында қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы белгіленді. Сондай-ақ, мына тұлғаларға халықаралық іздеу жарияланды: ұлы Айдар Ақаев, күйеу баласы Әділ Тойгонбаев және басқа да туыстары», - делінген Бас прокуратураның хабарламасында. 

Қырғыз Республикасының заңнамасына сәйкес, қылмыскерлер қылмыс жасалған жерде жазаға тартылады. Қырғыз Республикасының азаматтары саналатын тұлғаларға басқа мемлекеттің азаматтығының берілуі заңсыз деп танылады. Елдің құқыққорғау органдары Қырғыз Республикасының заңнамасы және ұлттық мүддені қорғау аясында тергеуді жалғастырып жатыр.

Дереккөз: Inform.kz


Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.