Қарт Каспийді қоқыс та құртып жатыр

25 тамыз 10:32 1012 рет қаралды
Көрнекі сурет

Жыл сайын 12 тамызда атап өтілетін Каспий күні қарсаңында Ақтауда дөңгелек үстел өткізіліп, Каспий теңізінде жиналған теңіз қоқыстарына қатысты мәселелер қаралды. Біз дөңгелек үстелдің негізгі тақырыбы бойынша баяндама жасаған «Су бастамалары орталығы» ҚҚ тұрақты даму жөніндегі маманы Сандуғаш ӘБДІЖАЛЕЛОВАМЕН сөйлескен едік.

- Жер шарында жыл сайын басқа қалдықтарды есептемегенде 8 миллион тоннаға дейін пластик қалдықтар теңіз бен мұхитқа тасталады. Жағалауда жиналған қоқыстардың 80%-ы – пластик. Бүгінде Каспий жағалауындағы бес елдің (Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Түрікменстан және Иран) бұл бағытта жасап жатқан шаралары жеткіліксіз екенін және көбінесе олардың елдер арасында келісілмегенін мойындаймыз. Тәжірибе алмасу үшін тиісті алаң жоқ. Бұдан басқа, проблеманы аймақтағы тұрақты тұтыну және қалдықтарды басқару саласындағы сарапшылардың тапшы болуы да қиындатып отыр. Әрине, ұлттық деңгейде талпыныстар бар, бірақ нәтижеге жету үшін барлық бес елді ауқымды түрде тарту керек, - дейді Сандуғаш.

2018 жылдың аяғында «Каспий теңізінің аймағында теңіз қоқыстары проблемасын шешу» аймақтық жобасы іске қосылды. Ол Каспий теңізінің тіршілік ортасын қорғау жөніндегі Рама конвенциясының (Тегеран конвенциясы) қолдауымен БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі бағдарламасының еуропалық кеңсесімен (ЮНЕП) бірге «Су бастамалары орталығы» Қоғамдық қоры арқылы «Coca Cola» қорының қаржылық қолдауымен жүзеге асырылады.

- Осылайша теңіз қоқысымен күресу жөнінде аймақтық желі құрдық. Оның құрамына Каспий өңіріндегі 5 елдің өкілдері кірді. Қазақстаннан аймақтық желіге 60-қа жуық адам тіркелді. Олардың ішінде мемлекеттік органдардың, ҮЕҰ, бизнес, білім беру ұйымдарының өкілдері бар, негізінен бұлар Маңғыстау облысының өкілдері. Жалпы алғанда, Каспий өңіріндегі бес елдің ұлттық сарапшылары аймақтық желіге 200-ден астам адамды тартты. Желі туралы «Каспий экологиялық ақпарат орталығының( КЭАО) порталынан ақпарат алуға болады. Мұнда осы тақырып бойынша түрлі материалдар мен жарияланымдар жарияланады. Порталда қосымша парақ ашылған, онда форумдар жасауға, сөйлесуге, идеялармен бөлісуге, теңіз қоқысына байланысты материалдарды жариялауға болады. Сонымен қатар 2 тренинг өткіздік.

- Каспийдегі теңіз қоқыстарының көбеюі теңіз құстары мен жануарларына, мысалы, итбалықтарға қандай зардап тигізуі мүмкін?

- Соңғы ғылыми мәліметтерге сәйкес, теңіз қоқысы жыл сайын әлемде 1 миллионға жуық құс пен 100 мыңға дейін теңіз жануарларының өлуіне себеп болады. Бұған мысал ретінде осы жылдың басында Сардиниядағы (Италия) оқиғаларды айтуға болады. Сол кезде теңізден асқазанынан 22 кг пластик шыққан өлі кашалот жағаға шығып қалған еді. Бұдан бұрын Каспий теңізінің аймағында теңіз қоқысының флора мен фаунаға әсері жеке мәселе ретінде қарастырылмады, бұл бағытта ғылыми зерттеулер жоқ. Сондықтан біз ғылыми-зерттеу қызметіне арналған жеке іс-шаралар блогын құрдық.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА


Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.