Кабулдағы жарылыстан 63 адам қаза тапқан

18 тамыз 2019 10:47 920 рет қаралды


Ауғанстан астанасында 17 тамызда үйлену тойы өтіп жатқан жерде жанкешті жасаған шабуыл салдарынан 63 адам қаза тауып, 182 адам жараланған. Бұл туралы ауған ресмилері хабарлады.

Ішкі істер министрлігі өкілі Насрат Рахими жарылыс үйлену тойы кезінде ер адамдар отырған тұста болғанын хабарлаған. Оның сөзінше, қаза тапқандар мен зардап шеккендердің арасында балалар мен әйелдер бар.

Оқиға куәгерінің АР агенттігіне айтуынша, мыңнан астам адам қатысқан тойда сахнаға балалар жиналған кезде жарылыс болған.

"Талибан" қозғалысы биылғы жыл басынан бері Кабулдағы ең жойқын шабуылға қатысы барын жоққа шығарды. Бұл жарылыс Вашингтон Ауғанстандағы 18 жылға жуық уақыт жалғасып жатқан қарулы жанжалды доғаратын бейбіт бітімге келу туралы Талибан өкілдерімен келіссөз жүргізіп жатқан шақта жасалды.

DPA ақпарат агенттігі "Талибанның" ресми өкілі Забихулла Мұджахидтің жарылысты айыптаған сөзі WhatsApp арқылы таратылғанын хабарлады.

Дереккөз: Азаттық радиосы



Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.