Ливияда БҰҰ қызметкерлерінің көлігіне шабуыл жасалды

11 тамыз 09:40 431 рет қаралды


БҰҰ-ның бас хатшысы Антониу Гуттериш 10 тамызда Ливия шығысындағы Бенгази қаласында БҰҰ қызметкерлерінің көлігіне жасалған шабуылды айыптады. Шабуыл салдарынан БҰҰ-ның екі қызметкері қаза тапқан, үшеуі жараланған. Ливиялық дәрігерлер сөзіне сүйенген Reuters қаза тапқандардың бірі шетел азаматы екенін жазады. Оқиғаның жай-жапсары әзірге белгісіз.

Ливиядағы БҰҰ өкілі шабуылға байланысты мәлімдеме жасап, мұсылмандар мерекесі күні БҰҰ-ның тараптарды гуманитарлық бейбітшілікті сақтауға шақыратынын айтты. БҰҰ бұған қоса, Ливиядағы соғысушы тараптардың бейбіт келіссөзді жалғастыруы қажет екенін атап өткен.

Оқиға орнынан түсірілген видеокадрларда Бенгази көшелерінің бірінде жанып жатқан көліктен қою түтін шығып жатқаны көрінеді.

 Reuters халықаралық қауымдастық мойындаған үкімет күштері мен генерал Халифа Хафтардың әскери жасақтары арасында ұзаққа созылған қарулы қақтығысты тоқтату бойынша БҰҰ-ның талпыныстарына тағы бір рет соққы жасалғанын жазады. Ливияда қазір БҰҰ-ның миссиясы жұмыс істейді, оның мақсаты - елде бейбітшілікті орнатуға атсалысу. 10 тамызда БҰҰ миссиясы үкіметтен жауап алғанын растады. Хатта үкіметтің генерал Хафтардан бейбітшілік келіссөзін жүргізуге байланысты жауап түспегені айтылған.

Ливия ұлттық әскері деп аталатын генерал Хафтар сарбаздары сәуір айынан бері Триполиге шабуыл жасап келеді.

Дереккөз: Азаттық радиосы

 


Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.