Енді қамауға алуды кім шешеді?

6 тамыз 17:09 2099 рет қаралды


Атырауда мамандандырылған тергеу соты іске қосылғалы жыл өтті. Осы сот орнының  төрағасы Бақытгүл ДҮЙСЕБАЛИЕВАНЫҢ айтуынша, тергеу сотының жұмысы судьялар мен прокурорлардың артық жүктемесін айтарлықтай төмендетті. Әңгіме барысында Дүйсебалиева тергеу изоляторларындағы кейбір сотталушылар неліктен 2 айдан астам уақыт өткізетінін түсіндірді.

- Тергеу сотының өкілеттігіне адамдарды қамауда ұстауға, үй және экстрадициялық қамауға алуға, қызметінен уақытша шеттетуге, кепілді қолдануға, мүлікке тыйым салуға, мәйіттің эксгумациясына санкция беруге, сондай-ақ күдіктіге халықаралық іздестіру жариялауға, тергеу органдарының әрекетсіздігіне шағымдарын қарауға және іске қатысушылардың жауаптарын қорғап, сақтауға санкция беру жатқызылған, - деді ол «АЖ» тілшісіне.

- Күдіктіге әртүрлі бұлтартпау шараларын қолдану тәртібі қандай?

- Бұлтартпау шарасы - бұл қылмыстық іс шеңберінде айыпталушыға (ерекше жағдайларда күдіктіге), сотталушыға қолданылатын заңда көзделген іс жүргізушілік мәжбүрлеу шаралары, яғни олардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын уақытша шектейтін шаралар. Анықтаушы, тергеуші және сот ҚР ҚІЖК-нің 136-бабында көзделген негіздер бойынша айыпталушыға, күдіктіге қатысты белгілі бір бұлтартпау шарасын таңдауға құқылы. Яғни айыпталушы, күдікті қылмыстық қудалау органдарынан немесе соттан жасырынып, қылмыстық іспен айналысуды жалғастыруы, куәгерді, қылмыстық сот ісін жүргізудің өзге де қатысушыларын қорқытып, қауіп төндіруі мүмкін болған жағдайда, қылмыстық іс жүргізуге кедергі келтіруі, дәлелдемелерді жойып жіберуі мүмкін деп пайымдауға жеткілікті негіздер болған кездерде.

Бұлтартпау шараларының түрлері мынадай: ешқайда кетпеу және тиісті тәртіпті сақтау туралы қолхат; жеке кепілгерлік; әскери қызметшіні әскери бөлім қолбасшылығының бақылауына беру; кәмелетке толмағанды қарауға беру; кепіл; үйқамақта ұстау; қамақта ұстау. Бұлтартпау шарасын таңдау туралы қылмыстық қудалау органы бұлтартпау шарасын таңдау қажеттілігін негіздейтін деректерді келтіре отырып, заңды, негізделген, себепті дәлелі бар қаулы шығарады. Осы қаулы өкілетті прокурормен келісіледі және прокурор бекіткен кезде, өтінішхатты (іс материалдарымен бірге) заңмен белгіленген мерзім ішінде тергеу судьясына жіберіледі.  

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес тек сот ғана күдіктіні, айыпталушыны қамауға алу, үйде қамауда ұстау және кепіл түріндегі бұлтартпау шарасын таңдау туралы шешім қабылдауға құқылы. Сот шешімі тергеу судьясымен қаулы ретінде қабылданады және оған іс қатысушылары шағымдана алады.

- Соттың «қамауға алды» деген бұлтартпау шарасын таңдағаны туралы жиі естіп жатамыз

- Бұл басқа шараларды қолдану мүмкін болмаған кезде қолданылатын ең қатал, ерекше бұлтартпау шарасы. Мәселен, бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу судьяның санкциясымен ғана және заңмен бес жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген қылмыс жасаған күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға қатысты ғана қолданылады. Ерекше жағдайларда бұл бұлтартпау шарасы заңмен бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген қылмыс жасағаны үшін күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға қатысты қолданылуы мүмкін, егер

оның ҚР аумағында тұрақты тұратын жері жоқ; оның жеке басы анықталмаған; 

бұрын таңдалған бұлтартпау шарасы немесе іс жүргізушілік мәжбүрлеу шарасы бұзылған болса

ол қылмыстық қудалау органдарынан немесе соттан жасырынып немесе жасырынуға тырысқан жағдайда

ол ұйымдасқан топтың немесе қылмыстық қоғамдастықтың (қылмыстық ұйымның) құрамында қылмыс жасады деп күдіктенсе

оның бұрын жасалған ауыр немесе аса ауыр қылмысы үшін соттылығы бар болса

оның қылмыстық қызметін жалғастыруы туралы деректер болған жағдайда.

Сонымен бірге, қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы шешімді қабылдаған кезде, соттар қамауда ұсталатын адамдардың құқықтарын сақтау қажеттігін ескеруге тиіс. ҚР ҚІЖК-де көзделген ерекше жағдайлардан басқа, сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде қамауда ұстау мерзімі қылмыс жасаған күдікті адамның нақты ұсталған сәтінен бастап және прокурор қылмыстық істі сотқа жібергенге дейін екі айдан аспауға тиіс.

- Менің білуімше, кейбір сотталушылар тергеу изоляторында 2 айдан астам уақыт өткізеді. Бұл немен байланысты? Қандай жағдайларда қамауда ұстау мерзімі ұзартылады?

- Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді екі ай мерзімде аяқтау мүмкін болмаған жағдайда, ал қаралып отырған бұлтартпау шарасын өзгерту немесе күшін жою үшін негіз болмаса, қамауда ұстау, үйқамақта ұстау мерзімін тергеу судьясы ұзартуы мүмкін. Қамауда және үйқамақта ұстау мерзімін ұзарту тәртібі осы бұлтартпау шараларын таңдау үшін көзделген тәртіпке ұқсас. Прокурор, сондай-ақ прокурордың келісімімен тергеуші тергеу судьясының алдында тиісті өтінішхатты қозғау туралы негізделген қаулы шығарады. Процеске қатысушыларды іс материалдарымен таныстыру, сараптама қорытындысын алу, істі жан-жақты объективті тергеу үшін қажетті басқа да тергеу әрекеттерін жүргізу қажеттігі бұлтартпау шарасын ұзарту үшін негіз болып табылады. Қамауда ұстау мерзімін ұзарту туралы өтінішхатты тергеу судьясы жеке-дара қарауға тиіс. Сот отырысына міндетті түрде прокурор қатысады. Отырысқа күдіктінің қорғаушысы, заңды өкілі, жәбірленуші, оның заңды өкілі және өтінішті қарау уақыты туралы уақытылы хабарланған кезде келмегені соттың тергеуіне кедергі келтірмейтін адамдардың  өкілі де қатыса алады. Қамауда ұстау мерзімін ұзарту туралы өтінішхат келіп түскен күннен бастап үш тәулік ішінде қаралуға тиіс.

- Түсіндіргеніңіз үшін рахмет.

«АтырауСуАрнасы» КМК-ның бұрынғы бастығы Андрей ТАШЛЫКОВ тергеу изоляторында 9 ай, ал «Спецавтобаза» ЖШС-нің бұрынғы директоры Самат ТҰРНИЯЗОВ - 1 жыл 5 ай өткізгені «АЖ» оқырмандарының есінде. Сондай-ақ, Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Нұрсәуле САЙЛАУОВАНЫҢ қамауда отырғанына 5 ай болды.

Статистика. 2018 жылдың 31 шілдесінен бастап 2019 жылдың 31 шілдесіне дейін тергеу сотымен қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы 249 материал қаралды. Оның ішінде 207 - қанағаттандырылды, 1 – кері қайтарылды, 41 –қабылданбады. Үй қамауында ұстау бойынша 11 материал қаралды, оның ішінде 9 қанағаттандырылды, 2 - бас тартылды. Бұдан басқа, тінту мен алуға қатысты 996 материал, жәбірленушінің және куәнің айғақтарын сақтауға алу бойынша 68 материал қаралды, оның ішінде қанағаттандырылғаны - 28, бас тартылғаны - 40. Сотпен 20 жеке қаулы шығарылды.

Фархат Әбілов 

Суретті түсірген автор


Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.