«Рысқалиевтың ұйымдасқан қылмыстық тобының» тағы бір мүшесі жазаланды

30 шілде 18:52 1242 рет қаралды


25 шілдеде Атырау қалалық №2 сотында «BNB Construction» ЖШС директоры Бауыржан ТЕМІРАЛИНГЕ қатысты сот отырысы аяқталды. Тергеу жорамалы бойынша, Теміралин Атырау облысының экс-әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВТЫҢ сыбайласы бола отырып, 2008 жылдың шілдесі мен 2009 жылдың тамызы аралығында облыстық және республикалық бюджеттен 2 миллиардтан астам теңге қаржы ұрлаған. Соңғы сот отырысы туралы толығырақ «АЖ» мақаласынан оқыңыздар.


АЛТЫН ҚҰБЫРЛАР ТЕҢІЗІ

Атырау қалалық прокуратура бөлімінің прокуроры Фархат АРУОВ оқыған айыптау қорытындысына сәйкес, Атырау облысының экс-әкімі Рысқалиев ұйымдасқан қылмыстық топқа жетекшілік етіп, Бюджет кодексінің 154-бабының 2-тармағының талаптарына қарамастан, әзірленген техникалық-экономикалық негіздеме болмаса да, бюджет  қаражатын жымқыру үшін алдын-ала жағдай жасап, 2007 және келесі жылдарға арналған облыстық бюджетті әзірлеген.

- Әлеуметтік салалардың ең көп қаржыландырылатын бөлігінің бірі - Атырау облысын газдандыру болды. Оған жергілікті және республикалық бюджеттен 37 млрд 421 млн 159 мың теңге бөлінді. Осыған байланысты Рысқалиев облыстық әкімдіктің лауазымды тұлғалары мен басқа тұлғалардың қатысуымен жоспарланған көп сатылы схема негізінде өзіне сеніп тапсырылған бюджет қаражатын пайдақорлықпен жымқыруды мақсат етіп қойды. Рүстем АЛБАҚАСОВ, Аманжан РЫСҚАЛИ және олардың сыбайласы Ерболат ІЗБАСАР Бергей Рысқалиевтың нұсқауымен 2008 жылы маусымда, тергеу анықтамаған белгісіз жағдайға байланысты Теміралинге бюджет қаражатын жымқыруға көмектесуді ұсынған, - делінген айыптау актісінде.

Жоғарыда аталған тұлғалардың ұсынысынан кейін Теміралин 2008 жылғы 16 маусымда «BNB Construction» ЖШС-нің жарғылық капиталындағы 100% қатысу үлесін сатып алады және сол күні өзін директор етіп тағайындайды. Ал іс жүзінде бұл уақытта ЖШС-ні Ерболат Ізбасар басқарған.

2008 жылдың 1 шілдесінде «АТГ Құрылыс» ЖШС директоры Дүйсенбаев «Атырау облысының Қызылқоға ауданындағы елді мекендерді газдандыру» нысаны бойынша жұмыстарды (соның ішінде құбырларды жеткізу) орындау үшін «BNB Construction» ЖШС директоры Теміралинмен келісімшарт жасап, оның шотына 1 млрд 620 миллион теңге аударады. Бұдан басқа, 2009 жылдың 14 мамырында Дүйсенбаев ұйымдасқан қылмыстық топ құрамындағы рөлін жалғастыра отырып, Теміралинмен сол нысандағы жұмыстарды орындау үшін жалпы сомасы 3 миллиард 32 миллион теңгеге тағы бір келісімшарт жасайды.

Өз кезегінде, Теміралин 2008 жылдың шілдесінен 2009 жылдың тамызына дейін «PrestigeStroyInvestco.LTD» ЖШС-мен аса жоғары сомада құбыр жеткізуге келісімшарттар жасайды. Олар ақшаның бір бөлігі (аса жоғары сомадан) бірқатар жалған кәсіпорындардың шоттарына аударылатынын ескертеді.

Құбырларды көтеріңкі бағамен жеткізу үшін «BNB Construction» шотынан «PrestigeStroyInvestco.LTD» шотына барлығы 5 млрд 84 млн теңге аударылады.

Әрі қарай, айыптау актісінде айтылғандай, 2008 жылдың шілдесінен 2009 жылдың тамызына дейін Ерболат Ізбасар қылмыстық қауымдастық бақылауындағы кәсіпорындар - «ГлобалБизнесАқтөбе» ЖШС, «РТК Евразия» ЖШС, «ТезҚұрылысМонтаж» ЖШС, «ТоргДосПлюс» ЖШС, «Сафас» ЖШС, «МонолитСтройСити» ЖШС атынан жалған жеткізу келісімшарттары мен шот-фактуралар дайындап, оларды «PrestigeStroyInvestco.LTD» ЖШС-не жолдаған.

Осылайша, бюджеттен 2 миллиардтан астам теңге ұрланған. Кейін бюджет қаражаттарының бір бөлігі Албақасов, Рысқали, Ізбасар және басқа да тұлғалардың қосалқы мердігер ұйымдар мен контрагенттер ретінде тартқан жалған кәсіпорындары арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Үшеуі қолма-қол ақшаға айналдырып, оны бір жерге жинау, сақтау және есебін жүргізуге жауапты Мұрат ЖЕЛДІБАЕВҚА (ол кейін тергеуден қашып, сырттай 8 жылға сотталып, 2015 жылы Киевте қайтыс болды - А.Ф.) тапсырады.


КӨП ІЗДЕДІ, АЛ ОНЫҢ ӨЗІ КЕЛДІ

Қазіргі сот отырысында сотталушы Теміралин мен прокуратура арасында кінәсін мойындау туралы мәміле түрінде іс жүргізу келісімі жасалды. Судья Гүлнар ДӘУЛЕШОВА оны ҚР ҚК-нің ескі редакциядағы 28-бабының 5-тармағы –176-бабы 3-тармағының а, ә тармақшалары (Ұйымдасқан топтың басқа адамдарға сеніп тапсырылған мүлкін иемденуіне көмек көрсету) бойынша кінәлі деп тауып, орташа режимдегі колонияда 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын берді. Алайда 2016 жылғы 13 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңына байланысты бұл мерзім төрттен бір есеге қысқарып, нәтижесінде 3 жыл 9 айды құрады.

Осы сот процесінің қалай басталғанын еске түсірейік. 45 жастағы Ақтөбе облысының тумасы Бауыржан Теміралинге 2012 жылы 24 тамызда Рысқалиевтің ісі бойынша басқа 13 адаммен бірге іздеу жарияланған еді. Кейіннен іздеу мемлекетаралық мәртебеге ие болды - сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте Теміралин Ресейге немесе Қырғызстанға жасырынуы мүмкін деген күдік болды. Алты жыл бойы оның ізін де таба алмады. Бірақ өткен жылдың 4 желтоқсанында Атырауда Б.Рысқалиев пен ішінде өзі де бар тағы 8 айыпталушының сырттай сот отырысына өз аяғымен келген болатын.

Ал ол мұнайлы астанаға, бейресми мәліметтер бойынша, Қызылорда облысынан келіпті. Сол күні Теміралин сот залында қамауға алынып, тергеу абақтысына қамалды. Ал жаңа жағдайларға байланысты оған қатысты іс жеке сот талқылауына қалдырылды. Енді, міне, үкім де шықты. Жаза мерзімі 2018 жылғы 4 желтоқсаннан бастап есептелмек.

Фархат ӘБІЛОВ


Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.