Спорт жаңалықтары

25 шілде 11:47 509 рет қаралды

ТАЭКВОНДО


Атыраулық паратаэквондошы Нұрлан Домбаев Иорданияда өткен Азия чемпионатында алтын алқа иеленді.

Бірінші жекпе-жекте Нұрлан сайыс иелерінің өкілдерін жеңді. Финалда – украиналық бәсекелесінен басым түсті. Осылайша Азияның 3 дүркін чемпионы атанды. Бұдан басқа ол 2 дүркін әлем чемпионы.

Атыраулық басқа паратаэквондошы Жанболат Қазиев Жапония өкілімен жекпе-жекте жеңіске жетіп, кейін ресейлік әріптестерінен ұтылып қалды.


ФУТБОЛ

21 шілдеде «Мұнайшы» стадионында «Атырау» футбол командасы шымкенттік «Ордабасымен» кездесу өткізді.

Алаң иелері 1:0 есебімен жеңіске жетті. 74-минутта Исламнур Абдулавов гол соқты.


МУАЙ-ТАЙ

Атырауда 2006-09 жылғы ұлдар мен қыздар арасында ел чемпионаты өтті. Ринг иелерінің қоржынына 6 алтын, 3 күміс және 7 қола алқа салынды.

Әлия Ғалидоллаева, Аяулым Бекболат, Әзиза Құрманбаева, Алан Юсупов, Рамазан Қайратұлы және Нұртарлан Жәнібеков ел чемпиондары атанды; Альфия Ғалидоллаева, Яна Цой және Ибрахим Ғарифолла екінші орын алды. Юсуф Мухтасип, Бекарыс Абсалық, Арсен Маратұлы, Әбдірасул Асқаров, Әділ Тілек, Дархан Киссолин және Вадим Демидов қола алқа иеленді. Чемпиондар қыркүйекте Түркияның Анталия қаласында өтетін әлем чемпионатында ел намысын қорғау құқығын алды. Жас спортшыларды «Қайсар» спорт клубының бапкерлер ұжымы дайындады.  


ДЖИУ-ДЖИТСУ

Моңғолия астанасы Ұлан-Баторда өткен Азия чемпионатында облыстық джиу-джитсу федерациясының шәкірттері жақсы нәтижеге қол жеткізді.

Федерация директоры Айбар Есенғалиев 100 келіге дейінгі салмақта алтын алқа жеңіп алса, Жеңіс Нұрлыбаев Азияның тағы бір чемпионы атанды. Күміс алқа Санжар Айтмұхамбетовтің еншісіне тисе, Тыныс Бисалиев қола жүлдегер атанды.


ҚОЯН-ҚОЛТЫҚ ҰРЫС

Қарағандыда құқыққорғау органдарының қызметкерлері арасында қоян-қолтық ұрыс бойынша ел чемпионаты өтті. Өз тарихында Атырау құрамасы алғаш рет 1-ші командалық орын алды.

Команда қоржынына түрлі дәрежеде 2 алқадан салынды: 70 кг дейін салмақта Бауыржан Күмісқалиев пен Мирас Шантасов алтын алқа, Санат Нағимов пен Эльдар Мұхитов күміс алқа, Асылхан Байғалиев пен Арғын Сабиров қола алқа тақты.


БОКС

Нұр-Сұлтанда ҚР Президентінің кубогы өтті. Турнирге 11 елден 90 боксшы қатысты.

52 келіге дейінгі салмақта Атыраудың намысын шымкенттік Олжас Байниязов қорғады. Алдын ала айналымда ол ақтөбелік спортшы, студенттер арасындағы әлем чемпионы Қуандық Абайдан және үнді боксының жұлдызы Амит Пангалдан үстем түсті. Бірақ жартылай финалда ол шымкенттік спортшы, Азия чемпионы Махмуд Сабырханнан ұтылып қалды.

Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ


Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.