Ғаламторды балаңызбен бірге шарлаңыз

24 шілде 2019 15:00 2061 рет қаралды


Жаз тек ата-ана үшін ғана көптен күткен демалыс емес, сонымен қатар спорттық секциялар мен шығармашылық үйірмелер басшыларының да демалысқа шығатын кезеңі. Жаңа маусым қыркүйек айында ғана басталады, ал бала қуана-қуана бүкіләлемдік интернет желісінің тұңғиығына сүңгіп кетеді. Баласын осы ақпарат ағынынан аман алып қалатын әр ата-ананың өз тәсілі бар.

ЮТУБ КӨШ БАСТАП ТҰР

Жақында «Касперский зертханасының» соңғы уақытта қазақстандық балалардың қандай сайттарға кіргеніне талдау жасағаны туралы ақпаратты көрдім. Болжағанымыздай, көш басында мультимедиялық ойын-сауық сайттары тұр, оған барлық ресурстардың 37%-ы тиесілі. Содан кейін Интернет-коммуникациялар: чат, форумдар, веб-квест, әлеуметтік желілер - 22%.  Үшінші орында цензуралық емес лексиканы қамтитын домендер белгіленді: олардың үлесі - шамамен 12%. Орыс тілінде ізделген сайттардың арасында көбіне балалар мен жасөспірімдер өзара байланысатын «ВКонтакте» алда, олардан үлкендері пайдаланатын «Инстаграмм» және «Скайпқа» көп кірген. Ағылшын тілінде іздеуде «Facebook», «Twitter» және «Pinterest» тізімді бастап тұр.

Балалар сұраныстарының абсолюттік көшбасшысы (орыс және ағылшын тілдерінде) «YouTube» болып қала береді, сондай-ақ «Spotify» және «Netflix» те осындай сұранысқа ие. Кино мен сериалдарға келетін болсақ, іздеу жолдарында «Игра престолов», «Мстители: Война бесконечности», «Оно» және «Ривердэйл», ал мультфильмдерден – «Смешарики», «Гравити Фолз» және «Как приручить дракона-3» шығып тұрады.  Ағылшын тіліндегі музыкалық сұраныстардың ішінде көп ізделгені - әнші «Billie Eilish» екен. Ең танымал ойындар «Minecraft», «Танки онлайн», «Roblox» және «Fortnite» болып тұр. Одан әрі тізімде төмен қарай «AliExpress», «Amazon» және «eBay» сауда алаңдары, қолданушылардың 8%-ы жұмыс іздеу сайттарына және 7%-ы жаңалықтар сайттарына кірген.  

Кейбір ата-аналар өздері жоқ кезде балалары ересектерге арналған тақырыптарға қызығушылық танытуы мүмкін деп қауіптенеді, бірақ талдау қорытындысы 2019 жылғы қаңтар-сәуір аралығында порнографиялық сайттарға кіру әрекеттерінің жалпы санының 2 пайыздан кем тіркелгенін көрсетті: құмар ойындары, алкоголь, қару-жарақ, есірткі, зорлық-зомбылық сияқты жасына сай келмейтін контенттер – 1 пайыздан кем.

Дегенмен, мұндай көрсеткіш мәліметтерді, толық болмаса да, баланың желіде немен айналысатыны туралы білуге тырысатын кез келген ата-ана бере алады. Мәселен, менің жеке тәжірибем мен жүргізген шағын сауалнамамның қорытындысы балалардың арасында «Like» қосымшасы өте танымал екенін көрсетті, онда олар шағын бейнероликтер таратып, бір-біріне лайк салып, хат алмасады. Бүгінде балалардың көбі интернетке шығу үшін смартфондарды пайдаланады. Тіпті арзан модельдердің өзімен де онлайн-ойындар мен түрлі өзара байланысатын қосымшаларды жүктеуге болады. Олардың арасында мобильдік платформаларға арнайы жазылған "TikTok" сервисі ерекше танымал болған, ол музыкамен, басқа да әсерлермен әрлендірілген қысқа бейнероликтерді жасауға, сондай-ақ ерін қозғалысын музыкамен синхрондауға мүмкіндік береді. Корей поп-музыкасының немесе жай K-pop-тың арқасында толық бір субмәдениет пайда болды. Қыздар мен ұлдар кумирлерінен шаш үлгісін, киіну, макияж жағуды үйреніп, тіпті оларға ұқсас болу үшін арнайы линзаларды сатып алады. Әрине, сол тақырыпқа қатысты барлық бейнероликтерді көреді. Біздің балалар сондай-ақ "Minecraft", «Танки Онлайн», «Roblox» ойнайды және сол ойындардың әр түрлі деңгейлерін қалай өтуге болатынын айтып отыратын барлық блогерлерге жазылады. Ал олардың көбі сөйлеуге еш қысылмайтын, аузына не түссе де айта беретін ересек адамдар.  Бұл ретте барлық ата-аналарды бір сұрақ толғандырады: смартфон және үйде тегін вай-фай бар болған жағдайда баланың интернетте отыру уақытын қалай шектеу керектігі. Қиын болып тұрған жері смартфонды тартып алмай тыйым салу керек. Күндіз жұмыста жүріп, ата-аналар күні бойы өз балаларымен ватсап арқылы байланыс ұстап отырады.  

«ТЕК ТӘЖІРИБЕ ҒАНА НАҚТЫ ӨМІРДІҢ ҚЫЗЫҚТЫ ЕКЕНІН ҮЙРЕТЕДІ»

Әлеуметтік желідегі өз парақшамда мен ата-аналардан балаларының бос уақыттарын желіде өткізуіне көзқарастары қандай деген сауалнама өткіздім. Олар ғаламторды шарлап отырғанда қауіпсіздік шараларын алып, ересектердің бейне және басқа жазбаларынан қорғауға тырыса ма? Көпшілігінің пікірі интернет қазіргі өмірдің бір бөлігі болды, сондықтан балаға оны пайдалануға толық тыйым салуға болмайды дегенмен келісті. Баланың қызығушылығын қажетті арнаға бағыттауға, ғаламторға деген бірегей ой-пікірін қалыптастыруға, оны өзіне зиянсыз және нақты өмірде барынша тиімді пайдалануға үйрету қажет.

- Балалардың интернетте отыру уақытын оларға өмірдегі нақты нәрселерді жүктеу арқылы ғана  азайтуға болады. Жүзу, би, сурет салу, шет тілдерін үйрену курстары. Оларға таңдау беріңіз. Оларға тыйым салған сайын қызығушылықтары арта түседі. Компьютерді білім көзі ретінде ғана қолдану керек. Ең дұрысы балалардың түрлі желілерге ата-аналарымен бірге кіргені жақсы – деген сенімде сауалға қатысушы Екатерина.   - Менің үш балам бар, олардың барлығы да интернет қолданады, көбіне смартфондарда отырады: қыздар «Like», ұлым бейне-ойындарды қарайды. Каникулда бізге туысқандардың балалары келеді, олардың ойындарын жиі байқауға болады: залда өз телефондарына үңілген 7-8 бала отырады, осылайша олар барлығы бірге онлайн-ойын ойнайды, - деп әңгімелейді  Аслан.

Ол балаларын үлкендерге арналған сайттарға кіреді деп емес, көздерін құртып, дене бітімдерінің формасын бұзады деп уайымдайды. Олар пайдалы өткізетін уақыттарын жоғалтуда. Аслан балалардың интернетте нашар компаниялармен кездесу тәуекелі шынайы өмірде де кездесетіндігіне сенімді. Сондықтан да олармен интернетте және өмірдегі тәртіп ережелерін жиі талқылайды.  

- Менің ойымша бұл жерде айтарлықтай мәселе жоқ. Бар мәселе біздің қорқынышымызда, өйткені, біз өз тәжірибемізге сүйенеміз. Менің телефонымда «Майл.ру агент», «ВКонтакте» қосымшалары жасым 15-ке келгенде пайда болды. Жан-жақты әңгімелер айтылды, коментарийлер де болды, бейнекөріністер түсіріп, телефонға жүктеп жүрдік. Түрлі ағайлардың коментарийлері де болды, бірақ біз оларды күлкіге айналдыратынбыз, өйткені бізге ата-аналарымыздың тарапынан ескерту болды. Қазіргі балалар 12 жыл бұрынғы біз секілді ұяң емес, менің інім 14 жаста, қазірден-ақ ол бағдарламаларды оқып, өзіне жұмыс іздеп жатыр. Ал мен оның жасында маған «сега» алып берсе деп армандап жүрдім. Бұл жерде аса бір маңызды нәрсе жоқ, шынайы өмірдің қызықты екендігін тек тәжірибе ғана үйретеді. Виртуалдық әлемде достарды қара тізімге шығарып тастауға болады, ал шынайы өмірде мұндай мүмкіндік жоқ, - деп есептейді Наталья.

 - Мен бірде тәрбие-тәлімнің бірнеше моделі бар екенін оқыдым. Кейбір ата-аналар балаларын қауіптен қорғауга тырысып, әлемді  балаға қарай бейімдейді, оның интернетке кіруін «сүзгіден» өткізіп отырады. Алайда, мұның бәрін үнемі бақылауға алу мүмкін емес, қашан болса да бала виртуалдық әлемге кездеседі және оған дайын болмай шығады. Бұл біріншіден, ал екіншіден, бала өз құрдастары арасында шеттетілуі мүмкін. Біз балалық шақта барлығымыз бірге кітаптарды, фильмдерді талқылап, кейіпкерлерді салып ойнайтын болдық. Әлі күнге дейін шетелдік жұбайыммен кейбір жағдайларда түсінісе алмай жатамыз, өйткені ол біздің кейбір қалжыңдарымызды түсінбейді. «Ну ты заходи, если что» деген сөздің ол үшін еш мағынасы жоқ. Ал енді балалар өз арасында бір нәрсеге күліп жатыр делік, бірақ олар ондай бір кейіпкерлердің өмірде бар екенін де білмейді. Сондықтан керісінше баланы әлемге қарай бейімдеу керек. Қандай сайттарда қызықты ақпарттар бар екенін өзіңіз айтып беріп отырыңыз, – деп өзінің тәжірибесімен бөлісті Константин.

БАСТЫСЫ - ЖИІ СӨЙЛЕСУ

Ата-аналар өз балаларының қалыптасуында үлкен рөл атқарады. Олар баланың физикалық және психикалық дамуына мүмкіндік туғызуы керек. Бұған балаға деген шынайы махаббат мен олармен үнемі қарым-қатынаста болудан артық  ештеңе жоқ, - деп санайды психология магистрі, медициналық психолог Людмила ГИБАТУЛЛИНА. Және «интернет және балалар» мәселесінде ата-ананың бақылау жасауы орынды. Айтпақшы, біздің сауалнамаға қатысқан оқырмандардың көпшілігі «өз балаларыңыздың  интернетке кіруіне шектеу қоясыз ба?» деген сауалға тырысып көретіндерін, кейде бақылауды ұмытып кететіндерін жазған.

- Адамдармен араласпайтын, күндіз-түні интернетте отырып, өзімен-өзі қалған бала бұған тәуелді болып қалады,- дейді Л.Ғибатуллина. – Балаңыздың желіде нені қарайтынына - бейнежазбалар, сөйлесу, ойын ойнау -  қызығушылық танытып отырыңыз. Олардың пайдасы мен зияны туралы талқылап, өз ұсыныстарыңызды беріңіз. Айталық, күн сайын серуендеуді әдетке айналдырыңыз, киноға барыңыз, баланы үйірмелерге, секцияға, оқу бағдарламаларына жазыңыз. Балаңыздан оның интернетте отыратын уақытын бақылап отыратыңызды жасырмаңыз. Өтіріктің алдын алу үшін бақылауға алатын арнайы қызмет барын айтыңыз. Жақсы оқуы мен үйге көмектескені үшін уақытты көбейтпеңіз. Өзімнің тәжірибемнен айтсам, бұл жақсы әсер ететін тәрбие тәсілі. Егер балалар ата-аналарының мониторға үнемі қарайтындарын көрсе, онда сөзсіз олар да оны қайталауға тырысады.

Бір сөзбен айтқанда, егер қозғалысқа қарсы тұра алмасаңыз, оны басқара біліңіз. Өз балаңызға интернеттің тек ойын-сауық емес, үлкен білім қоры екенін көрсете біліңіз. 

Зульфия ИСКАЛИЕВА





Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.