Жемқорлықпен күрестің бір сәті

23 шілде 11:13 898 рет қаралды


Өткен жылдың көктемінде Атырауда ҚР Қылмыстық кодексінің  366–бабы 3-бөлімі 4-тармағы («Бірнеше рет пара алу») бойынша айыпталған қалалық әділет басқармасы басшысының орынбасары Айболат КЕНЖЕБЕКОВКЕ қатысты сот отырысы өткен болатын. Оған 7,5 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізген сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро депарматенті қызметкерлерінің қуанышы ұзаққа бармады, өйткені, ең үлкен эпизод (3 млн. теңге пара) бойынша Кенжебеков ақталып шықты, сот ҚК-нің 420-бабы («Куәнің, жәбірленушінің көрінеу жалған айғақтары не сарапшының, маманның қорытындылары»)  бойынша қозғалған қылмыс негізінде жеке ұйғарым шығарды.

Сот іс бойынша арызданушылар Дамирбек ІДІРІС пен Әзидолла БАЯНОВ және Ұлттық бюро департаментінің қызметкері Ғалымжан БАХТЕНОВТІҢ арыз тіркелгенге дейін  өзара жақын қарым-қатынаста болғандығын және сотталушыға қатысты азғыру-арандатушылық әрекеттерге барғандығын анықтады. Өткен жылдың 11 сәуірінде 420-бап бойынша қылмыстық істі Атырау қаласы полиция басқармасының аға тергеушісі Асылжан МАМЫШЕВ өз өндірісіне алған болатын. Осы эпизод бойынша ірі мөлшердегі параны алуға кімнің азғырғаны және сотта жалған куәлік жасағандарды жауапкершілікке тарту бойынша жұмыстар басталған еді. Бірінші жауап алу кезінде-ақ, Әзидолла Баянов сотта жалған куәлік еткендігін толығымен мойындады. Ол Дамирбек Ідірістің  және Ұлттық бюро қызметкері Ғалымжан Бахтеновтің әрекеттерін егжей-тегжейлі баяндап берді. Атап айтсақ, Т-ның ресми өкілі ретінде Сәтпаев көшесі, 39 мекенжайындағы тұрғын емес орынжайды тіркей алмаған, ал оған Ідіріс Бахтеновке жолығуға кеңес берген.

Олар кейін үшеуі кездесіп, әрекет жасау жоспарын құрған. Баяновтың сөзіне қарағанда, Ұлттық бюро офицері оған Кенжебековтің үстінен пара сұрады деген арыз жазуды ұсынды. Бұл арқылы біріншіден ол өзінің үй-жайын тіркеу жөніндегі мәселесін шешіп алады, ал, екіншіден 100 АЕК көлемінде «жемқорлық фактісі туралы хабарлағаны үшін» мемлекеттік сыйақы алады. Баянов бұған келіседі. 

Өткен жылдың ақпан айының басында Бахтенов оның үйіне келіп, арызын алып кетеді. Баяновтың айтуынша, мәтінді оған Ұлттық бюро офицері айтып жаздырған және 8000 доллар көлеміндегі пара мөлшерін де оның айтуы бойынша көрсеткен.

Кейін Баянов бұл айтқандарын Бахтеновпен көзбе-көз беттестіру кезінде де растады. Ал ол оның бәрін жоққа шығарды. Содан кейін тергеуші Мамышев қылмыс құрамы болмағандықтан қылмыстық істі тоқтатты.

Мұнымен Кенжебековтің адвокаты Руслан ЖАҚЫПОВ мүлдем келіспеді:

- Тергеуші өз кінәсін мойындаған және қылмыстық топтағы сыбайластарын әшкерелеген күдіктіге қатысты істі тоқтатып тастады. Ол өзінің істі тоқтатуын Кенжебековтің Ідірістен 3 млн теңге көлемінде пара алып, әшкереленуін негізге алып отыр. Осы эпизод бойынша Кенжебековтің ақталғандығы туралы заңды күшіне енген сот үкімі тергеуші үшін шамасы дәлел болмағаны ғой! Қылмыстық істі тоқтату жөніндегі қаулы бойынша мен прокуратураға шағымдандым. Ұлттық бюро қызметкерлеріне полицейлердің шамасы келмейтінге ұқсайды, сондықтан да мен шағымымда істі облыстың арнайы прокурорлар басқармасына берілуін сұрадым. Таяуда ғана біз Атырау қалалық прокурорынан тергеушінің қаулысын бұзу туралы жауабын алдық, алайда, істі арнайы прокурорлар өндірісіне беру туралы мәселе шешілген жоқ. Енді біз мұны облыстық прокуратура арқылы шешуге тырысып көреміз.

Фархат ӘБІЛОВ


Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.