Қырылған балық туралы іс: «АСА» неге хлор алуды көбейтті?

23 шілде 10:52 737 рет қаралды


№2 қалалық сотында Жайықта балықтың жаппай қырылуы туралы іс бойынша кезекті отырыс өтті. Куәгерлерден жауап алу жалғастырылды - бұл жолы «Атырау Су Арнасы» КМК және тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің қызметкерлерінен (атауын төртінші немесе бесінші рет өзгергеннен кейінгі санитарлық-эпидемиологиялық қызмет қазір осылай аталады) жауап алынды. 

«АСА» диспетчері Айнұр ДЕМЕУОВА өткен жылдың 27-28 қарашасында кезекті ауысымда болғанда оған Telegram мессенджерінен үш шағым келгенін айтты: тұтынушылар құбырдағы судан хлор, күкіртсутегі және дустінің иісі шыққанына шағымданды.

- Сол күндері бүкіл қала бұл туралы шулап, көршілер шағымданды, айналадағылардың бәрі – деп ол нақтылау сұрағына жауап берді. Нұсқаулыққа сәйкес, Демеуова бұл ақпаратты сынама алу үшін кәсіпорынның зертханасына тапсырған.

Галина ЦОЙ

-Шағымдар болды, бірен-сараң, - дейді «АСА» орталықтандырылған диспетчерлік қызметінің жетекшісі Галина ЦОЙ.Зертхана қызметкерлері шағымдарда көрсетілген мекенжайлар бойынша барып, краннан ағып тұрған судың сынамасын алды. Зерттеу нәтижесінде ол барлық параметрлер бойынша нормаға сәйкес келеді, хлордың артуы тіркелген жоқ. Біз бұл ақпаратты өтінімдерге жауап ретінде жібердік.

Судья Дәуренбек ДӘУМОВТЫҢ сұрақтарына жауап бере отырып, Галина Цой кәсіпорында 2015 жылдан бастап жұмыс істейтінін және айдың соңында бірнеше рет өзеннен су тарту есептегішінің көрсеткіштері мен халыққа нақты су өткізу көрсеткішінің сәйкес келмейтінін байқағанын айтты. Бұл туралы кәсіпорын басшылығын хабардар еткен. Оның айтуынша, кейде есептегіштердің техникалық ақауы орын алады, сондықтан бұл көрсеткіштер түзетіліп тұрады.   

- Сотқа дейінгі тергеу барысында берілген өз жауабыңызда су шығынын жасыру және айыппұл санкцияларын болдырмау үшін есептегіштердің деректері жасанды түрде бұрмаланғанын айтқандай болдыңыз, - деп есіне салды судья.

- Есептегіштердің деректері кемітілді, өзеннен көп су алынды, - деп Г.Цой өз сөздерінен бас тартпады.

Айгүл ЫСҚАҚОВА

Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы Айгүл ЫСҚАҚОВА олардың ведомствосы «АСА»-ны жылына бір рет тексеретінін айтты. Олар су құбырындағы қалдық хлордың көрсеткіштеріне назар аударады. Сол кезеңде олардың департаментіне тұрғындардан ауыз су сапасына шағым түскен жоқ. 2018 жылы тексеру маусым айында, 2019 жылы жаздың басында жүргізілді. Ал тікелей Жайық суын бақылау ай сайын Геологтан Дамбаға дейін бірнеше жерден, әдетте, бірінші онкүндікте жүргізіледі. 2018 жылы хлоридтер бойынша артық көрсеткіштер болған жоқ, оның ішінде желтоқсан айында.

Неге хлоридтер бойынша артық көрсеткіштерді басқа зертханалар тапқанда, сіздер таппадыңыздар? Сіздің әдістемелеріңіз немесе нормативтеріңіз әртүрлі ме? – деп сұрады судья.

Білмеймін. Талдау жүргізу бойынша «Ұлттық сараптама орталығы» филиалының зертханасы жауап береді, - деп жауап берді Ысқақова.

- Сіз су құрамындағы өзгеріс тек су тасқыны кезінде ғана байқалатынын айттыңыз. Осы уақытта «АСА» сол суды терең тазарту үшін хлор мөлшерін ұлғайтты ма? Мүмкін сіз кәсіпорынға гиперхлорлау (суды жоғары мөлшермен хлорлау) жүргізу туралы нұсқау берген боларсыз? Сіз «АСА» мамандарының технологиялық үдерістерді бұзғанын анықтадыңыз ба? – деп сұрады «Луговой жылқы зауыты» ЖШС Атырау учаскесінің бастығы Әміржан ШАУДАНОВ (бұл бекіре балық өсіру кәсіпорны миллиард теңгеге зардап шекті)  

Оның сұрағын «Луговой жылқы зауыты» ЖШС мүддесін қорғайтын Алматы заң фирмасының өкілі Илья ШЕЛОМЕНЦЕВ толықтырды:

- Соңғы 5 жылда Жайықтағы судың сапасы мен тұтынушыларға берілетін судың сапасы өзгерді ме? Формуланың көмегімен немесе басқа да әдістер арқылы судағы қалдық хлордың мөлшерімен тазалау үшін қолданылған хлордың бастапқы көлемін анықтауға бола ма? Өзендегі судың сапасы өзгермегенін ескере отырып, осы 5 жылда «АСА»-ға хлор сатып алуды екі есе көбейтуге қандай қажеттілік болды? Жеткізушінің мәліметі бойынша 2014 жылы кәсіпорын 65 хлор контейнерін, 2015 жылы – 75, 2016 жылы – 82, 2017 жылы – 107, ал 2018 жылы 119 контейнерін сатып алды. 

– Санитарлық ережелерде суды тазалауды бақылау қарастырылмаған. Біз мұнымен айналыспаймыз. Бұл кәсіпорын технологының жұмысы. Судың сапасы айтарлықтай өзгерген жоқ. Кәсіпорынның химреагенттерді сатып алуын да бақыламаймыз, – деп жауап берді Ысқақова.

Келесі отырыс 29 шілдеге белгіленді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА 

Суреттерді түсірген автор


Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.