Жедел жәрдемге көмек керек

23 шілде 10:50 881 рет қаралды


Құлсары қаласында жедел жәрдемге соңғы алты айда 13834 шақырту түскен. Жол-көлік оқиғасы бойынша 35 факт болса, 1970 жүрек, қан қысымы, 2113 нерв аурулары, 5329 адам тыныс жолдары бойынша шағымданған. Алайда шақыртулардың барлығына мерзімінде баруға мүмкіндік бола бермейді екен. Мұнайлы өлкедегі жедел жәрдем қызметінің жағдайымен «АЖ» тілшісі танысып қайтты.

Ғалия ҚАЛИЕВА

- Аудандық жедел жәрдем паркінде 7 көлік – 5 УАЗ және 2 «Газель» бар. Қыс кезінде ескі машиналар қызбай, жүргізушілер қиналып жатады, - дейді Жылыой «Жедел жәрдем» бөлімшесінің меңгерушісі Ғалия ҚАЛИЕВА. Дәрі-дәрмектер жеткілікті болғанымен, медициналық құралдар жетпейді. Мысалы оттегі баллоны тек бір көлікте ғана бар.

Ғимараты да ескі. Фельдшерлер отыратын, шақыртулар арасында демалатын орындар жоқ. Әжетхана далада, кәріз жүйесі жоқ.

Бұған дейін аудандық аурухана құрамында болып келген «жедел жәрдем» бөлімшесі кезекті медициналық реформадан кейін 2018 жылдың сәуірінен бері Атырау облыстық медициналық жедел жәрдем стансасына қарайды және бұл, сұхбаттасушымның пікірінше, жұмыстың жақсы жүруіне аса бір әсер етпеген сияқты.

- Бір қызығы, «Көмек» бағдарламасы іске қосылғаннан бері тұрғындардан шағым көбейді, - дейді Ғ. Қалиева.  Себебі, бұрын бізде диспетчерлер болып, шақыртуларды өзімізде реттейтін едік, енді «103-ке» тікелей телефон соғады, ол Атырау қаласынан тікелей басқарылады. Атыраудағы жедел шақыртулар смартфон арқылы әр кезекші фельдшерге тікелей түседі. Орталық жергілікті жағдайды нақты білмегендіктен, үлгермей жатамыз.

Қалиеваның пікірінше, 60 мың тұрғыны бар Құлсарыда жедел жәрдемнің тағы екі-үш пунктін ашу керек.

- «Вокзал» ықшам ауданынан пункт ашу үшін жер беру жөнінде шешім шықты, - дейді Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Жантөре РАШЕВ. – ТШО-ның «Игілік» бағдарламасы бойынша пункттің сметалық құжатын жасақтауға қаржы бөлу ойластырылып жатыр.

Мен жедел жәрдем бригадасымен бірнеше шақыртуға бардым. Алғашқы шақыртуға ескі «УАЗ» көлігімен шықтық. Кешкі онға таман болса да, көшеде көлік көп. Бригада белгіленген жерге 15 минутта жетуі керек, алайда орталық «Махамбет» даңғылындағы көлік нөпірі арнайы белгісі бар «жедел жәрдемге» жол берер емес. Әккі жүргізушінің шеберлігі арқасында ғана діттеген жерге уақытында жетті. Ескі «УАЗ» салдыр-гүлдір етіп, науқас түгілі сау адамның зықысын шығарардай. Осылайша дәрігерлермен үш шақыртуға бардым: бірінде жүкті әйелдің жүрегі көтерілсе, бірінде 13 жастағы баланың іші ауырған. Төртінші ауылда әжей ауырып қалыпты...


- Басқалар үшін қиын болып көрінер, ал біздер әбден үйреніп қалдық,- дейді сүйкімді фельдшер Райгүл ІЗҒАЛИЕВА. – Шаршайсың, әрине, бірақ жұмысым өзіме ұнайды, қалаған мамандығыңда еңбек еткенге не жетсін. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор


Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.