Құлсары гүлдемей тұр

22 шілде 17:08 754 рет қаралды

Биыл Құлсары қаласын көгалдандыруға жергілікті бюджеттен 50 млн қаржы бөлініп, конкурста 35 млн теңгеге ұсыныс берген «Азамат» ЖК ұтып алған. Мердігерлік талап бойынша жеке кәсіпкер осы жұмыстарды 5 маусым мен 5 қазан аралығында атқарып, бөлінген ақшаның 10 млн теңгесі гүл егуге, қалғанын тал-теректің күтіміне жұмсалуы тиіс болған. Алайда жұмыстар әлі басталған жоқ.

- Келісімшартта кәсіпкер өз күшімен бастапқы жұмысты атқара бастағаннан кейін қала әкімдігі мердігердің есепшотына бөлінген ақшаны кезеңмен бөліп аударады деп көрсетілген. Бірақ «ЖК Азамат» негізгі жұмыстарды бастамады, ағаштарды ғана суарды. Енді мұны да мүлдем тоқтатып отыр,- дейді Құлсары қаласы әкімінің м. а. Мереке ЗИНУЛЛИН. – Сондықтан мердігер есепшотына бір тиын аударған жоқпыз. Қазір қаладағы бар ағашты сақтап қалу үшін суаруға «Жылыойсу» КМК мен «Жылыойтазалық» ЖШС-тің демеушілікпен тартып отырмыз.

Мұндай жағдай өткен жылда да орын алған. 2018 жылы қаланың көгалдандыруына бюджеттен 31 млн теңге бөлініп, ашық конкурспен «Қазақ саңыраулар қоғамының Атырау оқу-өндірістік» кәсіпорны ұтып алған. Отырғызылған гүлдер маусым айында қурап кетсе, талдардың жартысы көктемей қалған. Кезінде мұны күннің ерекше ыстық болуымен түсіндірген еді. Биыл гүл егілген де жоқ.

Қазір қала әкімдігі жұмысын атқара алмаған мердігерді сотқа беріп жатыр. Одан қандай шешім шығары белгісіз. Ал климаты қатал Құлсары биыл тағы да гүлсіз қалып отыр.  

 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор


Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.