Жолаушымен жанжалдасқан кондуктор жұмыстан кетті

12 шілде 14:51 1593 рет қаралды


Бүгін, 12 шілдеде әлеуметтік желілерде Атыраудағы №4 маршрут автобусының кондукторы мен жолаушысы арасындағы қол жұмсауға дейін барған жанжалдың видеосы тарады.

Бейнежазбада жанжалдың соңғы жағы түсірілген. Кондуктор жолаушы ақша төлемеді деп қолындағы дорбасын тартып алғанға ұқсайды. Автобустан түсіп жатқан жолаушы әйел дорбасын алмақ болып, кондуктормен қол сермесіп, төбелесіп қалады.  Жолаушы жұлқынып автобустан түсіп, кондуктор артынан ергенде жазба аяқталады.  

Бірнеше сағаттан кейін Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі кондуктордың ҚР Еңбек кодексінің 52-бабы бойынша жұмыстан шығарылғанын хабарлады.

- Жұмыс беруші тарапынан еңбек шартын бұзуға қызметкердің өз міндеттерін тиісінше орындамау жағдайының екінші рет қайталануы негіз болды. Оның бұған дейін де тәртіптік жазасы бар еді, - деді баспасөз қызметі.    

Ал әлеуметтік желілерді қолданушылар жазбаның бас қаһарманын танып жатыр екен: «Бұл анықтамасы жоқ оқушыларды қуып шығатын апа ғой», «Өте қатал кондуктор, автобусына отырмауға тырысамын» деген пікірлер қалдырыпты.

Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Назымгүл ҚАЙСАҒАЛИЕВА бұл фактінің Атырау қалалық полиция басқармасында тіркелгенін айтып өтті.

- Қазір тексеру шаралары жүріп жатыр, бірақ атап өтетін жайт, бұл оқиға бойынша шағым түскен жоқ, - дейді Н. Қайсағалиева.

Анастасия АЛЮШИНА

Әлеуметтік желіден алынған бейнежазба


Тақырып бойынша жаңалықтар



Комментарии пока доступны только в полной версии сайта

Комментарий қалдыру