Дипломатиялық дау: АҚШ-тағы Ұлыбритания елшісі отставкаға кетті

11 шілде 14:05 265 рет қаралды


Бірнеше күн бұрын орын алған дипломатиялық жанжалдан кейін АҚШ-тағы Ұлыбританияның елшісі Ким Дэррок отставкаға кетті. 

Жақында Дэрроктың Британия Сыртқы істер министрлігіне жазған хаты шетелдік басылымдарда жарияланып кеткен. Хатта ол Уашингтонның көп жағдайда «біліксіз, дәрменсіз» екендігін және Трамп мансабының сәтсіз аяқталатынын айтқан. Бұл жағдай АҚШ президентінің ашуын тудырып, Дональд Трамп ағылшын елшісімен бұдан әрі жұмыс істемейтінін ашық айтты. Трамп «АҚШ-тың Дэррок көмегіне мұқтаж емес» деп, өзінің Twitter парақшасында Дэррокты «ақымақ және біліксіз адам» деп жазды. Осыдан кейін Ким Дэррок қызметтен кетуге шешім қабылдаған. Бұған қатысты Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй: «Бүгін таңертең Ким Дэррокпен сөйлестім. Оның елшілік қызметтен кеткені өкінішті. Ол министрлер кабинетінің қолдауына ие екенін атап өттім. Ким Біріккен Корольдікке қызмет көрсету үшін өз ғұмырын арнаған. Осы үшін біз оның қызметіне шексіз ризашылығымызды білдіреміз», – деп хабарлады. 

Дереккөз: qazaqtimes.com

 


Тақырып бойынша жаңалықтар



Комментарии пока доступны только в полной версии сайта

Комментарий қалдыру