Дағыстандық легионер алғашқы голын соқты

8 шілде 13:14 647 рет қаралды


6 шілдеде «Мұнайшы» стадионында футболдан ел чемпионатының 17-туры аясында «Атырау» командасы Талдықорғанның «Жетісуын» қабылдады.

«Жетісу» - чемпионатта тұрақты жақсы ойын көрсетіп, турнир кестесінің ортасына мығым орналасқан команда. Ал «Атырауға» төменгі лигаға түсіп қалу аймағынан шығу үшін ұпай өте қажет. Осы жағдай ойын барысына әсер етіп, алаң иелері толассыз шабуылда болды.

31-минутта «Атыраудың» дағыстандық жаңа ойыншысы Исламнур АБДУЛАВОВ баспен соққы жасап, есеп ашты. Тамаша бастама! 2-таймның басында жанкүйерлердің қолпаштауымен алаңнан ауыстырылып, орнына басқа шабуылшы Алексей РАДИОНОВ шықты. Ойынның 61-минутында қонақтардың жартылай қорғаушысы Аслан ДАРАБАЕВ есепті теңестірді. Алайда екі минуттан кейін алаңда алғашқы голдың авторын алмастырған Радионов жеңіс голын соқты. Есеп - 2:1, жерлестеріміз жеңіске жетті.

Бұл жеңіс «Атырауды» турнир кестесінде 10-орынға көтерді. Алайда артымызда екі матч кем өткізген «Тараз» 2 ұпай айырмасымен өкшелеп келеді.  

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ  


Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.