"Берші, берші деп сұрай береді": Сапарбаев митингіге қатысты пікір білдірді

12 маусым 17:49 1043 рет қаралды


Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев көпбалалы аналардың нені талап етіп жүргенін айтып, үкіметтің жанында болған митингіге қатысты ойын жеткізді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Біріншіден, кез келген митинг заңды болуы қажет. Талаптар да заңға сай болғаны жөн. Біз сол жердегі көпбалалы аналармен талай рет кездескенбіз. Бүгінде министрліктің жанынан арнайы жұмыс тобы жұмыс істейді. Сол аналар дәл осы топқа кіреді. Сонда барлық мәселе қаралады", - деді Сапарбаев журналистерге берген сұхбатында.

Министрдің айтуынша, көпбалалы аналардың көтеріп жүрген негізгі мәселесі – баспана.

"Олар кезексіз баспана беруді талап етеді. Сосын бастапқы жарнасыз, кредитсіз берілгенін қалайды. Бірақ ондай болмайды ғой. Бәрі заң бойынша жасалуы шарт. Баспана кезегінде қарапайым азаматтар да тұр. Оларды айналып, тізімге тұрмаған көпбалалы аналарға қалай береміз?", - дейді Сапарбаев.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде республика бойынша 31 мың көпбалалы отбасы баспана кезегінде тұр. Олардың барлығын үш жылда пәтермен қамту жоспарланған. Ал жағдайы ауыр отбасылардың мәселесін шешу үшін демеушілер тартылады.

"Өкінішке қарай, көпбалалы аналардың ішінде жұмыс сұрап келетіндер аз. Олар ылғи "берші, берші" деп сұрай береді. Олай болмайды ғой. Біз көпбалалы аналарға жұмыс ұсынамыз. Мамандық болмаса, тегін оқытуға дайынбыз. Артынан жұмысқа да тұрғызамыз. Шағын кредит алуға болады. Өкінішке қарай, осының бәрін пайдаланатын аналар аз", - деді Сапарбаев.

Дереккөз: sputniknews.kz

 


Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.