АҚШ-Қытай сауда соғысынан Вьетнам мен Тайвань еселеп табыс тапқан

6 маусым 2019 14:40 1254 рет қаралды


Ең жаңа зерттеу нәтижесіне сәйкес, АҚШ пен Қытайдың сауда соғысы Вьетнам, қала берді Тайуан (Тайвань), Малайзия, Чили және Аргентина секілді үшінші тарап елдеріне үлкен пайда әкелгені белгілі болды. Жапониядағы Номура ғылыми-зерттеу институтының аталған зерттеу нәтижесін америкалық CNBC телеарнасы таратты. 

Аталған зерттеу нәтижесінде Вьетнам АҚШ-Қытай арасындағы «тарифтер шайқасынан» ең көп пайда тапқан ел ретінде аталды. Сауда соғысының әсерінен Вьетнамның АҚШ-қа бағытталған экспорты артып, жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 7,9 пайызын иелеген. Ал, Тайуанда АҚШ экспортынан түскен табыс ЖІӨ-нің 2,1 пайызын құраған. Қытай мен АҚШ-тың бір-біріне жоғары тариф енгізуі импорттың құнын жоғарлатып, кейбір экспорттаушылар өздерінің тарифтік шығындарынан көрі пайдасы асып түскен. Жоғарылатылған кеден салығынан құтылу үшін кейбір трансұлттық компаниялар кәсіпорындарды бір елден екінші бір елге көшіруде. 

Номура институтының зерттеу нәтижесіне сәйкес, Вьетнам мен Тайуан АҚШ-қа экспорт жасаудан көбірек пайда түсірсе, Малайзия, Чили және Аргентина Қытайға бағытталған экспорттан еселеп пайда табуда. Анықтап айтқанда, Аргентина немесе Малайзияның Қытайға импорт етілген өнімдері өзімен ұқсас америкалық өнімге қарағанда кеден салығын аз төлейтіндіктен, экспорттаушыларға пайда түсіреді. Оның үстіне жоғары тарифтік шаралар америкалық өнімдердің бағасын жоғарлатқандықтан, тұтынушылар соған ұқсас өзге елдің импорт өнімдерін көбірек алады. АҚШ-та да жағдай осымен бірдей деуге болады. 

Бұдан тыс, аталған зерттеу есебінде көрсетілуінше, АҚШ-тың жоғары тариф белгілеген өнімдерінің басым көпшілігін Вьетнам мен Тайуан да өндірілетін тауарлар. Айталық, ұялы-телефон қосалқы бөлшектері және автоматтандырылған деректерді өңдеу процессорлары Вьетнамда өндірілсе, баспа және кеңсе электроникалық жабдықтары Тайуанда да өндіріледі. АҚШ компаниялары жоғары тарифтегі қытайлық тауарлардан көрі аталған елдердің балама өнімдерін көбірек алады. 

Өзге үш ел болса Қытай нарығында АҚШ-тың ауыл шаруашылық өнімдерінің орнын басуда. Дегенмен, аталған зерттеу нәтижесіне сәйкес, АҚШ-Қытай сауда соғысы балама өнімдерді өндіруші және экспорттаушылар үшін пайдалы болғанымен, жалпы жақтан алғанда, үшінші тарап елдерінің компаниялары үшін ұзақ уақыттық пайда әкелмейді. Керісінше, «теріс әсерін» көрсетеді деп қорытындылаған. Яғни, саудадағы болжаусыз өзгерістердің әсерінен, ірі компаниялар ұзақ уақыттық инвестициялық жобалар жасай алмайды да, тек қана тарифтердің алмасуына ғана тәуелді болып қалады. Оның үстіне Қытай мен АҚШ тұтынушылары (оның ішінде шикізат немесе қосалқы бөлшектерге мүдделі өндіруші компаниялар да бар) арзан немесе сапасы төмен өнімдерге көбірек тәуелді бола түседі деген болжам жасайды. 

Ал, кейбір экономистер АҚШ пен Қытайдың сауда соғысы Тайуан үшін түбегейлі зиян келтіреді деп санайды. Себебі, Тайуанның экономикасы АҚШ пен Қытайға тығыз байланысты. Бұл екі ірі экономика арасындағы қақтығыс Тайуанның тұтыну дағдысы мен жеткізу тізбегіне орасан зор зиян келтіреді. Түптеп келгенде, сауда соғысы үшінші тарап елдеріне де пайда әкелмейді деп қарайды.

Дереккөз: qazaqtimes.com 





Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.