Жедел жәрдемнің бір күні

4 маусым 2019 17:44 2795 рет қаралды


Жаныңнан дабылы қосылған жедел жәрдем көлігі өтіп бара жатса, кімнің жағдайы нашарлап қалды екен, туысқаныңыз, досыңыз немесе танысыңыз емес пе екен деп, кәдімгідей алаңдап қаласың. Қала кішкентай ғой. Мұны ішінен түсіну үшін «АЖ» тілшісі екі күн бойы шұғыл шақыртуларға шығатын дәрігерлердің күнделікті тынымсыз тірлігімен танысқан еді.

ҰЛ ЕСІМІ

Жедел жәрдеммен жұмыс істеуге мені танымал ерікті Арман ҚАСЫМОВ шақырды. Бұл идеяны облыстық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері Ерлан СҮЙЕУҒАЛИЕВ та қолдады. Алдымен Ерлан мен Арман кейбір цифрлармен және фактілермен таныстырды. Қазір мұнайлы астанаға 25 бригада қызмет көрсетеді екен, оның 3-уі арнайы (жүрек тоқтағанда, ауыр жол-көлік оқиғаларына және т.б. барады), ал жалпы алғанда облыста 47 жедел жәрдем бригадасы бар. Атырауда 5 диспетчер 103 пультіне қоңырау қабылдап, оларды жедел жәрдем станциясы мен қаланың түрлі бөлігінде орналасқан екі қосалқы станцияға бөледі. Бұрынғы рациялар өткеннің еншісінде қалған - қазір әр фельдшердің арнайы планшеті бар, диспетчер оған мекенжайды, науқастың толық аты-жөнін және алғашқы диагнозды жолдайды.


Диспетчер бөлмесіндегі экраннан үлкен картаны көрдім.

- Бұл GPS картасы. Бұл жерден бригаданың қайда екенін, қайда бара жатқанын және шақыртуға қай уақытта жеткенін көруге болады, - деп түсіндірді Ерлан Сүйеуғалиев.

Кешкі сағат тоғыз.

- Фархат, шақырту бар, барасың ба? - деп сұрады Арман.

- Әрине!

Уәлиханов көшесінің бойындағы мекемелердің бірінің күзетшісі жұмыста талып қалыпты. Біз бес минутта сол жерге жеттік. Пациент қара терге түскен, фельдшер Гүлсімнің сұрақтарына жауап бере алмайды. Шұғыл ауруханаға жатқызу қажет екені айдан анық, бірақ ер адам қарсылық көрсетіп, дәрі ектіруден бас тартты. Микроинсульт соққан екен. Не істеу керек? Біраз уақыттан кейін күзет фирмасының басшылары келіп, көптеп-көлемдеп әрең көндіріп, науқасты көлікке жатқызып, облыстық аурухананың дәрігерлеріне тапсырды.

Базада ұзақ болмадық. Планшетке шақырту түсті - дереу Әуезов көшесінде тұратын әйелді ауруханаға жатқызу керек болды. Жүктіліктің 38 аптасында, суы кетіп жатыр екен. 5 минуттан кейін Гүлсім қысымын өлшеп, «әйелдерге» қатысты сұрақ қойып, көлікке отырғызды.

- Апа, ұл болса, бәлкім есімін Қадіржан немесе Қадірбек деп қоярсыз, бүгін қасиетті Қадір түні ғой, - деп қалжыңдадым қалалық перзентханаға барар жолда. Айтпақшы, Балаларды қорғау күні қарсаңында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк АЙМҰРЗИЕВА әйелдерді құттықтау үшін перзентханаға келіп, олармен бірге, соның ішінде біз перзентханаға жатқызған әйелмен суретке түсті. Кім біледі, мүмкін тағы бір Қадірбек дүниеге келген шығар.

... Түнгі сағат екі. Жедел жәрдем қызметкерлерінің арасында - егер журналист өздерімен кезекшілікке шықса, ауысым тыныш өтеді деген ырым бар екен. Кейде ырымдар орындалады-ау деймін, бүгін қоңыраулар аз түсіп, үйге кеттім.


ЖАСЫРЫНБАҚ ОЙЫНЫ


Келесі күні №4 бригадамен кезекші болдым: көлікте дәрігер Айдана АКРАМОВА, фельшер Айжұлдыз БАХИТОВА, рөлде - Тимур ОТАРҒАЛИЕВ отыр. Жастар, өздері кісі жатырқамайтын көпшіл екен. Танысар-таныспастан, планшетке шақырту түсті: әйелдің іші сыздап ауырып, бір тәулік бойы үйінен шыға алмапты, әр қимылы жанына батып жатыр екен. Айдана оған жүктілік сынамасын берді, нәтиже теріс болып шықты. Тексеруден кейін дәрігер ауруханаға жатқызу керек деген шешім қабылдады. Оны облыстық ауруханаға алып кеттік.

Кешкі сағат 21:30. Бригада қызметкерлері ораза ұстап жүр екен, жолай қысқа ғана дұғаларын оқып, сумен ауыздарын ашты.  Базаға ораларда азық-түлік алуға дүкенге бармадық, іште мәнті бар екен. Ал жалпы, жедел жәрдем қызметкерлері базаға оралғанда ешқандай шақыртулар болмаса, бос уақыттарында дүкенге тоқтап, азық-түлік сатып алуға құқылы. Қырсыққанда, өтіп бара жатқан жандардың біреуі телефонға түсіріп алып, «пациенттер күтіп жатыр, ал бұлар дүкенде сауда жасап тұр» деп кінәлайды. Қынжылтатыны осы.

Келесі шақыртумен қала орталығындағы көшеге  кеттік. 3 жасар қыздың жөтелі бар екен. Аталған мекен-жайға келдік, бірақ үйді таба алар емеспіз. Кішкентай пациенттің әкесі «қызыл кірпіштен салынған коттедждің артқы жағында» деп, үйдің қай жерде екенін түсіндіруде. Бірақ таппадық. Ақыр соңында, оның Химпоселкеден хабарласқаны, бұл туралы айтуға ұмытып кеткені анықталды. Ал ол жерде де аттас көше бар екен.

Айдана кішкентай Арудың тілін тез тапты. Алғашында қыз фонендоскоптан қорқып кетті, бірақ дәрігер «Тук-тук, алло, Ару? Осындасың ба?» деп, тексеру процедурасын ойынға айналдырды. Бұл қызда айтарлықтай ештеңе жоқ екені белгілі болды. Ауызын фурациллинмен шаюға кеңес берді. Содан соң базаға оралып, кешкі асқа кірістік. Ыстық мәнтіні жей отырып, жұмыс, өмір туралы әңгімелер жақсы айтылады екен. Бірақ шұғыл кету керек. Әйелге гипертониялық криз деп алдын-ала диагноз қойылыпты. Ал бұл «бос» шақырту деп аталатын санатқа жатады. Мұндай жағдай аз емес: қысымын өлшеп, қалыпты екенін білді. Жүрегін де тексерді, кардиограмма да бірқалыпты. Айтпақшы, қазір әр бригадада тасымалды ЭКГ бар, бұл медицина маманы үшін өте қолайлы.


АДАМДАР ӘРТҮРЛІ

...Түнгі сағат бірге қарай шақырту түспеді, мен тіпті демалыс бөлмесінде бірер сағат мызғып алдым. Ал сағат 3:40-та дереу оянып, Әлиев-Тайманов қиылысына құстай ұшып жетуге тура келді: ол жерде жол-көлік апаты орын алған. Алдын ала деректер бойынша, зардап шеккендер бар екен. Дәрігер Арман ЖОЛДАСОВ, фельдшер Мархаба НҰРМҰХАНОВА және сол жүргізуші Тимур мінген №6 бригада оқиға орнына шықты. Сиренаны қосып қойды (бұл қажет болатын жағдай), бірақ кейбір көліктер бәрібір жол бермей, қарсы жолаққа шығуға тура келді.

- Біртүрлі адамдар, мүмкін, келесі жолы солардың бастарына келіп, олардың өмірлерін құтқару керек болатын шығар, ойламай ма екен, - дейді Тимур ренішпен.

4 минуттан кейін оқиға орнына жеттік. Екі автокөлік соқтығысып, 18 жастағы жүргізуші мен екі егде әйел жарақат алған. Арман мен Мархаба үнсіз, тез жұмыс істеп, көзбен тексеріп, алғашқы көмек көрсетті. Әйелдердің жанына батып жатқан соң ауруханаға апарар жолда «АДН» (анальгин, димедрол және новокаиннің ауырсынуды басатын қоспасы) дәрісін егу қажет болды. Ал бұл үшін жарты минут тоқтауға тура келді: мынадай шоқалақ жолда көлік жүріп бара жатқанда, тамыр түгілі, бұлшық ет астына да дәрі егу мүмкін емес еді.

Зардап шеккендер 3:50-де ауруханаға жеткізілді. Мархаба оларға формулярлар толтырып жатқанда, Арман екеуміз сәл тілдесіп үлгердік.

- Мен осында он жылдан бері жұмыс істеп келемін. Кейде жұмысымды мен емес, ол мені таңдағандай көрінеді... - дейді Арман. – Осы жылдар ішінде жақсы жабдықталды, бәрінің тасымалды диагностикалық құрылғылары бар. Қатты қиын жағдайларда тәжірибелі дәрігерлермен телефон арқылы кеңес алуға болады.

- Жұмыс кестең қандай?

- Таңертең 10-да келемін, үйге келесі күні кетемін. Жұмыс қызықты, жалығуға уақытың болмайды. Әрине, жауапкершілік те көп. Таза медицинадан бөлек, психология да рөл атқарады, өйткені адамдар әртүрлі. Баламен бала болсаң, қарт адамның да тілін табуың керек.

- Ал сіздерді ренжіткен пациенттер болған жоқ па?

- Жоқ, біз оларға көмектесеміз ғой. Айтпақшы, бір оқиға есіме түсіп тұр. Бұл бірнеше жыл бұрын болған. Шақырту түсіп, қала маңындағы ауылға барсақ, пациент мас екен. Қысымын, температурасын өлшедім, басқа да параметрлерін тексердім - ештеңе жоқ, сонда да учаскелік дәрігерге қаралуға кеңес бердім. Ал ол дәрі егуімді талап етті. Үйден шыққан кезде, мені мас досы құлақ шекемнен ұрып жіберіп, жарақаттап қойды. Қалай екенін білмеймін, бірақ тағы екі шақыртуға барып, содан соң әріптестерім мен полицияға жүгіндім. Бірақ ондағылар неліктен екенін білмеймін, шағымымды қабылдамады. Есіме түсіп кеткені, баяғыда болған нәрсе ғой.

Ауысым аяқталғанша таңертеңгі сағат сегізде тағы бір шақырту түсті: Жаңаталап ауылына ішінің ауырғанына шағымданған науқасқа барып, дәрі егіп, базаға оралдық. Көп ұзамай жұмыс уақыты аяқталды. Үйге «шаршасам да, риза болып» келдім. Ал бұл қызметкерлер көп кешікпей қайтадан ауысымға түседі.



Фархат ӘБІЛОВ

Суреттерді және бейнежазбаны түсірген автор





Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.