Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда: экспаттар мен жергілікті жұмысшылардың жалақысы, балықтың жаппай қырылуы және басқа да мәселелер туралы

4 маусым 15:42 1045 рет қаралды


Бүгін, 4 маусымда ҚР президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Атырауға келген жұмыс сапары аясында өңір жұртшылығымен кездесті. Кездесуді «Келу мақсатым – Атырау облысы тұрғындарын қандай мәселелер алаңдататынын білу» деген сөзбен бастаған ол жергілікті тұрғындарды шынымен де мазалайтын бірқатар мәселелерді атады. Оның сөзін дайындап беретіндер текке нан жеп отырған жоқ екен.

Оның пікірінше, отандық өнім өндірушілерді дамыту үшін мұнай-газ секторының әлеуетін барынша пайдалану керек. 2018 жылы мұнай-газ саласындағы ең ірі үш жобада өнімдер мен қызметтерді сатып алудағы жергілікті қамту үлесі 34 пайыз.


- Бұл деңгей талай жылдан бері еш өспей, бір орында табандап тұр. Неліктен? Біз кедергі болып отырған мәселелерді анықтап, оның шешімін бірге табуға тиіспіз. Сондықтан үкіметке төмендегі шараларды қарастыруды тапсырамын:

Біріншіден, Қашаған жобасы бойынша қазақстандық компаниялар үшін тең дәрежеде қолжетімді етуге құны 20 млн доллардан асатын сатып алу жұмыстарын  береміз. Сөйте тұра қазақстандық компаниялардың басым көпшілігі, әсіресе, шағын және орта бизнес, бұл межеден төмен сегментте жұмыс істейді. ТШО жобасы бойынша бұл жұмыс мүлдем жолға қойылмаған. Үкіметке консорциумдармен тиісті жұмыс жүргізуді тапсырамын.

Екіншіден, жергілікті өнім өндірушілер үшін тең құқылы жағдай жасау. Қазір салық және басқа да бюджеттік төлемдер бойынша тек шетелдік жеткізушілерге жеңілдік бар. Соның кесірінен біздің кәсіпкерлер байқауға қатысуға да әрекет жасамайды, себебі, одан еш пайда жоқ екенін біледі. Импорт өнімі бәрібір арзанға түседі. Бұл – біздің жүйелі мәселеміз. Оны үкімет жедел шешуі тиіс.

Үшіншіден, біліктілік деңгейі тең шетелдік және жергілікті жұмысшыларға бірдей жалақы төлеу мәселесін бақылауға алу керек. Қалғанын оқытып, үйретіп, қажет деңгейге жеткізуіміз керек. Бүгінде отандық жұмыс берушілердің көпшілігі колледж түлектерінің біліміне көңілі толмайды. Сондықтан біліктілігі жоғары жергілікті мамандар даярлау үшін колледждер базасында біліктілік орталықтарын құру керек.

Азаматтарымыз сапалы білім алып, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы үшін бар жағдайды жасауымыз керек. Әкімдік пен үкімет қандай мамандық бойынша қанша адам дайындау керектігін алдын ала анықтауы тиіс. Бұл шара шетелдік жұмыс күшін барынша азайтуға мүмкіндік береді.

Президент Тоқаев өңірдің балық шаруашылығы мәселесіне де тоқталды.

- Атырау кеше ғана ірі балық шаруашылығы орталығы ретінде аты шықты емес пе, ал қазіргі ахуал қалай? Каспийдегі бекіре тұқымдас балықтар жыл өткен сайын азайып барады. 2012 жылы біз бекіре балықтарын аулауға толық тыйым салдық. Соған қарамастан бекіре 2 есеге, шоқыр 7 есеге азайды. Бұл саланы дамыту үшін инвесторларды тартып, браконьерлікпен күресті күшейту керек.

Су қорларының сарқылуы туралы:

- Бұл салада Ресеймен ынтымақтастықты нығайта түсу қажет. Бұл жұмысты өз қолыма аламын. Жыл сайын Жайық пен Қиғаш өзендерінің суы тартылып барады. Өзендердің гидрологиялық жағдайын жақсартуға жыл сайын ауқымды қаражат бөлінеді, брақ өкінішке қарай, нәтиже аса жоқ. Демек, жұмыс не тиімсіз жүргізілуде, не дұрыс бақылау жоқ.

Президент өткен жылдың желтоқсанында Жайық өзенінде балықтардың жаппай қырылғанынан да хабардар екен.  

Оның айтуынша, өзеннің хлормен улануына кім кінәлі екені анықталған, олар лайықты жазасын алады.

- Осы орайда улы заттармен жұмыс істейтін бүкіл коммуналдық қызметтерді тексеруді тапсырамын, - деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Тоқаев. Содан соң сол жағалаудағы кәріздік тазалау жүйесін 2020 жылы тапсырылуы тиіс екенін айтты:

- Облыс әкімі мен индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне осы нысанның уақытылы салынып, іске қосылуын бақылауға алып, нәтижесін маған тікелей баяндауды тапсырамын. Пайдалану мерзімін кейінге шегеру деген атымен болмасын.

Жолдар туралы:

- Атырау облысында автокөлік жолының 46 пайызы нашар күйде. 26 млрд теңге сомаға Атырау-Астрахан күре жолының 60 шақырымын жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, аяқтау мерзімі -2020 жыл. Қалған 217 шақырым жолды жөндеу жұмысын 2021 жылдан кешіктірмей қолға алуды тапсырамын. Биыл жол жөндеу жұмыстарына 33 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініп отыр. Ең бастысы жөнделген жолдың саны емес, сапасы маңызды. Әкімдіктердің жұмысын осы талапқа сай бағалайтын боламын.

Содан соң:

- Табысқа жету үшін бізге ең алдымен еңбекқорлық, адалдық, белсенділік керек. Сондықтан жастарға үміт артамын. Біз болашақта елімізді басқару тізгіні берілетін анағұрлым жақсы дайындығы бар 300 жастан тұратын тізім әзірлейміз, - деп сөзін түйіндеді ол.

Кездесу соңында бірнеше адам ҚР президентінің алғыс хатымен марапатталды.



Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суреттерді және бейнежазбаны түсірген автор




Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.