Мәжіліс банкроттық рәсімдер туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

29 мамыр 11:43 529 рет қаралды


Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оңалту және банкроттық рәсімдерін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Заң жобасы оңалту және банкроттық рәсімдерін қолдану үшін жағдайларды жеңілдетуге, сондай-ақ рәсімдерді жүргізу мерзімдерін қысқартуға және жұмыс істемейтін борышкерлерді жеңіл түрде таратуға бағытталған. 

ҚР Қаржы бірінші вице-министрі Берік Шолпанқұлов банкроттық рәсім жүргізу мерзімдерін қысқарту қадамдарына тоқтала келе:  «Мерзімдерді қысқарту үшін заң жобасында кредиторлар жиналысының бірқатар өкілеттіктерін неғұрлым тез әрекет ететін кредиторлар комитетіне беру ұсынылады. Осының есебінен банкроттық  рәсімін жүргізу мерзімін едәуір оңтайландыру күтілуде», - деді. 

Оның сөзіне қарағанда, ұзақ уақыт бойы жұмыс істемейтін борышкерлерді банкроттық рәсімін қозғамай жеңілдетілген түрде тарату қарастырылған. 

«Бүгінде банкроттық рәсімнің шығындылығына байланысты оны қолданбайтын талай әрекетсіз кәсіпорындар бар. Оларды жабу үшін заң жобасы әкімшіні тартпай, борышкерлерді жеңілдетілген түрде тарату рәсімін ұсынады. Бұл кәсіпкерлік қызметін іс жүзінде тоқтатқан борышкерлерді тез және артық шығынсыз таратуға мүмкіндік береді», - деді бірінші вице-министр.

Б. Шолпанқұловтың сөзіне қарағанда, заң жобасы қазір тек банкроттыққа бара алатын жеке кәсіпкерлердің оңалтылуына мүмкіндік береді. 

Тәжірибеде басқа да проблемалар бар. Мысалы, оңалту жоспарын бекіту - компанияның күнделікті жұмысының жалғасуына кепілдік бермейді. 

«Шоттарға және мүліктерге салынған шектеулерді алу туралы тікелей норма жоқ. Заң жобасында сот оңалту жоспарын бекіткен кезден бастап, шоттар мен мүліктерден барлық шектеулерді алу ұсынылады», - деді бірінші вице-министр.

Дереккөз: inform.kz


Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.