ЕАЭО-ға 5 жыл: бүгін Нұр-Сұлтанда одақтың мерейтойлық саммиті өтеді

29 мамыр 2019 08:33 1667 рет қаралды


Елордада ЕАЭС-тың 5 жылдық мерейтойына орайластырылған Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтеді.

ЕАЭО туралы шартқа 2014 жылдың 29 мамырында Астанада (қазіргі Нұр-Сұлтан) Ресей, Беларусь және Қазақстан президенттері қол қойды. Құжат 2015 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енді. Кейін шартқа Армения мен Қырғызстан қосылды.

Бүгін Нұр-Сұлтанда Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков, Ресей президенті Владимир Путин, Армения премьер-министрі Никол Пашинян қатысады деп жоспарланып отыр.

Олар бес жыл ішінде ұйымның жеткен жетістіктерін талқылайтын болады.

Сондай-ақ, отырысқа Еуразиялық экономикалық одақ жанындағы бақылаушы мемлекеттің басшысы ретінде Молдова президенті Игорь Додон және құрметті қонақ ретінде Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмон мен ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы Сергей Лебедев қатыспақ.

ЖЕЭК-тің кезекті отырысына Нұрсұлтан Назарбаев та қатысады.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің саммитінде одаққа мүше мемлекеттер ортақ энергетикалық нарықты қалыптастыруға байланысты мәселелерді қарастырып, одақтың кеден аумағына әкелінген тауарларды қадағалау тетіктерін реттейтін бірқатар халықаралық шартқа және ЕАЭО-ның Кеден кодексі туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қояды.

Бұған қоса, отырыс аясында ЕАЭО-ның цифрлы күн тәртібін іске асыру бойынша өзекті қызметтің маңызды мәселелері және Одақты одан әрі дамыту перспективалары қаралады. Сондай-ақ, мемлекет басшылары ұйымның 2019-2020 жылдарға арналған макроэкономикалық саясатының негізгі бағыттарын талқылайды.

Оқиға Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған еуразиялық интеграция туралы идеяға 25 жыл және ЕАЭО туралы шартқа қол қойылғанына 5 жыл толуына орайластырылған.

Дереккөз: sputniknews.kz

 



Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.