Дәрі-дәрмекке қатысты дүрлігу

22 мамыр 17:19 1129 рет қаралды


15 мамырдан бастап Атырауда бұрын еркін сатылымда болған көптеген дәрі-дәрмектерді, мәселен, левомицетин немесе бисептолды рецептісіз сатып алу мүмкін болмай қалды. Дәріханадағылар салынған тыйымды бұзса, өздерінің 100 АЕК көлемінде айыппұл төлеулері мүмкін екенін айтады. Ал арнайы шақыртылған брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылары мұндай дүрлігіс фармацевтердің біліксіздігі салдарынан туындап отыр деп мәлімдеді.

Бұрын денсаулық сақтау министрлігі микробқа қарсы және гормональды препараттардың; есірткілік және психотроптық заттары бар дәрі-дәрмектердің; жүрек-тамыр ауруларын, асқазан-ішек жолдарын емдеуге арналған препараттар мен антибиотиктердің рецепт бойынша сатылатындығын нақтылаған еді. Ал дәрумендер, мұрынға тамызатын тамшылар, шәрбаттар, шөптен жасалған шайлар мен қоспалар, кейбір тұмауға қарсы және ауырсынуды басатын препараттар рецептісіз сатылады.

Атырау облыстық фармация департаментінің басшысы Сара ОРАЗОВАНЫҢ айтуынша, биылғы сәуір айында «Рецептілерді жазу, есепке алу және сақтау қағидаларына» өзгерістер енгізілген: енді дәрігер тағайындаған бүкіл рецептілер дәріханада қалады және үш жыл бойы сақталады. Ал бұрын бұл тек кейбір препараттарға ғана қатысты болды. 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Гүлнафис ТАҢБАЕВАНЫҢ айтуынша, Қазақстанда рецептуралық препараттарды дәрігердің рецептінсіз сатуға тыйым салынғанына 16 жылдан асқан. Бұл тұрғындардың денсаулыққа зиян келтіруі және өміріне қауіп төндіретін дәрі-дәрмектерді қолдануына бақылау жасауға мүмкіндік береді.   

Бүгінде елімізде тіркелген 8 мың дәрі-дәрмектің 6 мыңнан астамы рецепт бойынша сатылады, қалған 1,7 мыңы еркін саттықта.

– Бізде күні кешеге дейін қалай болды: адамдар өздерінің ауру белгілерін айтады да, оған дәріханашы дәрі-дәрмек береді. Олар бұлай жасамауы тиіс. Дәрі-дәрмекті тек дәрігердің тағайындауымен ғана беруі керек. Олар рецептісіз қандай дәріні сатуға болатын-болмайтынын анық білуге тиіс, - дейді қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Темірбек МҰСАҒАЛИЕВ. Оның пікірінше, өздігімен емделу ауруды асқындырып жіберуі мүмкін. Кез-келген өркениетті елде ауырған адам медицина мекемесіне барып, дәрігердің тағайындаған емін алады.

Таңбаеваның айтуынша, бүгінде барлық емханада шұғыл көмек көрсететін мобильді бригадалар бар. Аптасына алты күн олар таңғы сағат 8-ден кешкі сағат 8-ге дейін көмек көрсетіп, кеңес беруге әзір. Фармацевтикалық бақылау бөлімінде 32-19-69 сенім телефоны жұмыс істейді. Егер фармацевтер дәрігердің тағайындауынсыз сатуға болатын дәрі-дәрмекке заңсыз рецепт талап еткен жағдайда осы нөмірге хабарласып, шағымдануға болады.

Фархат ӘБІЛОВ

Суретті түсірген автор


Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.