Жәмила СТЕХЛИКОВА: «Қазақстан енді бұрынғыдай болмайды»

22 мамыр 15:05 2212 рет қаралды


Ғажайып тағдыры бар Жәмила СТЕХЛИКОВАНЫҢ ұлты - қазақ, Алматыда дүниеге келген. Мәскеуде дәрігерлік мамандығын оқып, сол жақта болашақ күйеуі - Чехословакия азаматымен танысып, 1988 жылы оның еліне кетеді. Сол жақта керемет медициналық, ең бастысы, саяси мансап сатыларынан өтіп, 2007-2009 жылдары Чех Республикасының адам құқықтары және ұлттық азшылықтар жөніндегі министрі және Үкімет жанындағы Адам құқықтары жөніндегі кеңес төрағасы қызметтерін атқарады. Чехияның тегі чехиялық емес алғашқы әрі жалғыз министрі Жәмила өзінің тарихи отаны Қазақстанға қызығушылығын жоғалтқан емес. «АЖ» онымен еліміздегі соңғы саяси және әлеуметтік оқиғалар туралы сұхбаттасқан еді.

«ЕЛ ДЕМОКРАТИЯ ҮШІН ПІСІП ЖЕТІЛДІ»

- Мен мұндайды 1988 жылы Мәскеуде және 1989 жылы Чехияда бастан өткердім. Енді, міне, Қазақстанда билік ауысты. Бұл өмірімдегі үш тарихи оқиға. Осы кезге жеткеніме өте қуаныштымын. Өзімнің саяси тәжірибеме сүйеніп, артқа жол жоқ екенін сенімді түрде айтамын. Енді бұл өтпелі кезең Украина да, Ресей де бізге қызығатындай өркениетті түрде аяқтала ма, бәрі билік пен халыққа байланысты.

Мұның бәрін қантөгіссіз, майдандарсыз, билік тарапының күштеу әрекеттерінсіз өткізуге мүмкіндік бар. Қазақстан қазір тарихи жол айрығында тұр. Халық шынымен ел басқаруды қолға ала алады, қазақстандықтар демократия үшін пісіп-жетілді. Ресейлік тележүргізуші Владимир Познер жақында Қазақстан демократия үшін пісіп-жетілген жоқ дегенді айтқан еді. Бірақ мен мұны жай ғана іштарлық деп есептеймін. Ол Қазақстан Ресейді басқа бір қырынан басып озуы мүмкін екенін қабылдағысы келмейді.

Неге? Тәуелсіздік жылдарында бізде тоталитарлық кеңестік жүйеде қалыптаспаған жастар өсіп-өнді. Олардың менталитеті басқа, біздікіндей отарлық, провинциалдық емес.

- Алматыда өткен марафон кезінде көшеге плакат ұстап шыққан сол жастар. Бірақ оларды ұстап, 15 тәулікке қамады...

- Міне, сол кезде шешуші қадам жасалғанын, кері жол жоқ екенін түсіндім. Бастысы - қантөгіссіз, жазықсыз. Адамдар марафонда жүгіріп барады, сол кезде «Шындықтан қашып құтылмайсың» деген позитивті, таза, айқын жазуы бар плакат пайда болады. Бұл бұрынғы жыраулар жырлағандай ақиқат қой, олар тіпті ханға бетің бар, жүзің бар демей, ойындағысын айта алған. Мен Назарбаевтың шешімін құрметтеймін. Ол Каримов пе, тікұшақпен Ресейге қашып кеткен украиналық президент Янукович те жасамаған қадамды жасады. Егер ешкімнің жүйкесі сыр бермесе, егер билік қыспаққа ала бастамаса, қантөгіс болмаса, егер адамдар диванда түксиіп отырмай, дауыс беруге барса, Қазақстанда бәрі жақсы болады деп ойлаймын.

Күні кеше ғана «бәрібір таза сайлау болмайды» деген желеумен дауыс беруге бармай қалған ресейліктер секілді, көпшілігі сайлауға бармады делік. Мен, әрине, олардың уәждерін түсінемін, бірақ егер сен өз еліңнің азаматы болсаң және өзіңнің дауыс беру құқығың бар болса, онда баруға тиіссің. Ал бармасаң, кейін наразы болуға қақың жоқ. Алматыда жас жігіт «билік халыққа тиесілі» деген Конституциядағы сөздер жазылған плакатты алып шықты. Міне, осы конституциямен әрі қарай жүру керек.

- Бірақ Тоқаев Назарбаевтың ісін жалғастырушы деп саналады және көпшілігі бәрінің бұрынғы күйде қалатындығына сенімді.

- Назарбаев билік басындағы элитаны ұстап тұруды мақсат етіп қойды. Бірақ тарих – ашық процесс. Билік, әрине, қоғаммен диалогқа барғысы келмейді, өйткені сескенеді.

Бірақ егер процесс заңды, конституциялық жолдармен жүрсе, онда Қазақстанда демократияға жылжуға үлкен мүмкіндік бар екеніне сенімдімін.  Бұл Қазақстан үшін, бүкіл постсоветтік кеңістік үшін және бүкіл әлем үшін үлкен қадам болады.

ҚАСҚЫР, ТҮЛКІ ЖӘНЕ АС

- Қазір Қазақстан бетбұрыс кезеңінде тұр. Мұны әлдебір басқа саяси күштер пайдалануы мүмкін бе?

- Мұны бәрі де пайдаланып қалуға тырысады. Бұл аш адамдар отырған дастархан басына ас әкеліп, жарықты өшіріп қойғандай. Қалай ойлайсыз, олар тыныш тұра ма? Саясаткерлер – қасқырлар, олардың ішінде түлкілер де бар. Мәселен, Назарбаев – түлкі. Мен жақсы мағынада айтып отырмын. Назарбаевты жақсы білетін Карл Шварценберг деген досым бар, Чехияның бұрынғы сыртқы істер министрі. Ол әр мемлекет басшысына лақап ат қойып алған. Назарбаевқа түлкі деген ат қойыпты.

Бүкіл саясаткерлер қараңғыда асқа лап қояды. Біз әлі де жаңа тұлғаларды көреміз. Бастысы, бәрі «барқыттай» өтуі керек. Иә, Чехиядағы көктемде алаңға миллиондаған адам шықты. Бірақ бірде бір жаралы, бірде бір өлі жоқ. Ешкімді де отырғызған жоқ.

Қазақтар үлкенге, халық дәстүріне құрметпен қарайды. Олар «барқыт» кезеңіне өтуге бейім. Біздің тарихымызда қан төгілген сәттер болды, мәселен, кеңес дәуірі кезінде Колбинді басшы етіп қойғанда. Бірақ, кешірерсіз, бұлайша басынуға болмайды ғой, тым шектен шығып кетті. Сол кезде қан төгілді, бұл биліктің кінәсі еді.

Қазір Қазақстан әлем назарында, Назарбаевтың отставкасына бәрі таң қалды. Шынын айтқанда, ешкім де мұны күткен жоқ. Мәселен, Каримовты білді, король өлген соң оның бүкіл жүйесі осы билікті ұстап қалатын мирасқорына көшуі тиіс. Бірақ жүйе өзгермейді, бүкіл құрылым сол күйі қалады ғой. Ал Қазақстанның басқа жолмен жүретіндігіне сенімдімін.

- Бірақ әзірге олай болмайтын сияқты. Бізде өздерінің азаматтық ұстанымдарын білдірген жастарды қамайды, митингілерге рұқсат бермейді, сөз бостандығы шектелген. Мұндай жағдайда өзгерістер болады деп қалай үміт артуға болады?

- Билік, әрине, бәрі тұйықталған, бәрі тұңғыш президентке тірелетін қазіргі жүйені ұстап қалуға тырысады. Ол мұны сақтап қалуға болады деп үміттенеді және ол табиғаттың, халықтың, көктемнің сыртқы ояну белгілерінен қорқады. Яғни, митингке тыйым салып, конституциядан үзінді жазылған баннерді жасырса, егер халықты Тоқаевты сайлауға көндірсе, бәрі тынышталады деп ойлайды. Бұл қате. Өйткені, бірінші тұлға халықтан өте алыс - бұл оның бірінші әлсіздігі.

Бұл алшақтықтың үлкендігі соншалық, ол халықты сезінбейді. Ол жерде депутаттардың, қалталы саясаткерлердің топтары ғана емес, халыққа қызмет етпейтін сансыз кеңесшілер, комитеттер, күш құрылымдары бар. Олар Елбасыға қызмет етеді, өйткені жүйе осылай құрылған. Елбасы тіпті ел туралы білмейді. Өйткені жағымпаздар тобының көптігі соншалық, егер біреу келсе, мысалы, хандармен тікелей, кеңесшілерсіз, уәзірсіз сөйлесетін жырау келсе, ол оған сенбес еді.

Екінші әлсіздігі – билік жүйесі Ресейдегідей. Жергілікті билікті халық сайламайды, оларды тағайындайды. Қазақстандағы осы жүйені түсінбеймін, өйткені Чехияда парламент, муниципалдық органдар бар - барлығы сайланады. Мәселен, мені тағайындаған жоқ. Сайлау алдымен қалада, содан кейін өлкеде, сосын республикада болды. Ал Қазақстанда мұндай жоқ, бүкіл құрылым бір адаммен байланысты. Бірақ оның әлсіздігі де осында. Неліктен ісін жалғастырушы ретінде Тоқаев таңдалды? Өйткені Елбасы Тоқаевты тәуелді тұлға, өзінен басым түсе алмайды деп ойлады. Мұнысы рас, өйткені Тоқаев одан аттап кете алмайды, оның дипломаттық түр-әлпетіне қараудың өзі жеткілікті. Көпшілігі «Өзі жымия алатын адам ба?» деп сұрайды.  Иә, ол жымия алады, мысалы, Путинге жымиды ғой.

Бірақ Қазақстан енді бұрынғыдай болмайды деп есептеймін. Екі күнді - президенттің өз өкілеттігін тоқтататындығын айтқан күн мен сол марафон өткен күнді еске алыңызшы. Сіз Назарбаевтың не ойлағаны бар екенін білмейсіздер, бұл туралы ешкім білмейді. Мүмкін, ол мемлекет басшысы ретінде өз уақытының аяқталғанын сезінген шығар. Әрине, ол билік басындағы өзінің бүкіл үзеңгілестерін, оның тұсында пайда болған құрылымдарды қалдыруға тырысты және тырыса береді де. Бірақ бұл мүмкін емес деп ойлаймын, өйткені халық элитаны ауыстырмай дами алмайды, ал элита өзгеруі тиіс. Уақыт өзгеріп отырады, бізге мемлекетті өзгеше басқару қажет. Елге біреудің билік етуі керек екенін түсінемін, бірақ ол халыққа қызмет етуі керек. Енді жас Қазақстан жаңа реформацияға әкелетін құрылымдарды құруы тиіс. Әйтпесе елдің бәсекеге қабілеттілігі болмайды. Бұрынғыша жер қойнауын сатуды жалғастырып, софторыс, тіпті кеңестік нұсқадағы авторитаризмді ұстана берсек, біз Ресей мен Қытай арасында өте күрделі көршілес боп отырған, бірақ өз жолы бар елде пайда болған барлық мүмкіндіктерімізді жоғалтып аламыз. Қазақстан бәрін өз қолына алуы тиіс.

«ХАЛЫҚ - БАЛА ЕМЕС»

- Сізді азаматтық белсенділер Макс Боқаевтың, Әсияның және Бейбарыстың тағдыры қызықтыра ма?

- Қызықтырады, әрине. 15 күнге қамауға алуды - адам құқықтарына, адамның қадiр-қасиетiне өрескел нұқсан келтіру деп есептеймін. Бұл биліктің халықтың енді бала еместігін, оның есейгенін және шын мәнінде өз тағдырын өзі шешкісі келетінін түсінбеуі.

Демонстранттарды ұстау - бұл бәрін езіп-жанши аламын деп ойлайтын ескі режимдік билік психологиясы. Бірақ біз біреуді отырғызып, жауып тастап, құрта аламыз, прогресті, қоғамның дамуын тоқтатуға болады деген иллюзияның болашағы жоқ. Мұны тежеуге болады, бірақ тоқтатуға болмайды. Қазір Қазақстанда құқықтық мемлекет жоқ, бізде теперіш көрген көптеген топтар бар. Бірақ бұған қоғамның көзқарасы өзгерді. Ал отырғандар, соның ішінде жер мәселесі бойынша жазаланғандар - біздің батырларымыз, өйткені олар биліктен қорықпады. Батылдық - тарих пен саясат үшін өте қажет қасиет. Бағымызға орай, бізде батыл адамдар көп.

Сұхбаттасқан Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА


Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.