Қырғызстанда денсаулық сақтау экс-министрі қамауға алынды

15 мамыр 15:55 522 рет қаралды


15 мамырда Қырғызстанның бұрынғы денсаулық сақтау министрі Динара Сагинбаева уақытша тергеу абақтысына қамалды. Бұл туралы Қырғызстан ішкі істер министрлігіне сілтеп, бірнеше жергілікті БАҚ хабарлады.

Сагинбаева ведомствоны 2011-2014 жылдары басқарған.

Тергеу қылмыс әлемінің серкесі саналатын Азиз Батукаевтың түрмеден заңсыз босап шығуына экс-министрдің қатысы бар деп күдіктенеді. Қару-жарақ пен есірткі сақтады, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деген айыптармен 16 жылға сотталған Батукаевты 2013 жылы Нарын қалалық соты мерзімінен бұрын босатқан. Дәрігерлер сотқа әкелген анықтамада сотталған азаматтық қан ісігіне (лейкоз) шалдыққаны жазылған еді. Босап шыққан күні Батукаев жеке ұшақпен Шешенстанға кетіп қалған.

Мұнан соң медициналық анықтаманың қолдан жасалғаны анықталды да, 2014 жылы Бішкек соты Батукаевқа халықаралық іздеу жариялады. Батукаевтың өзі мұнан соң Шешенстаннан шықпауға тырысты.

Оның заңсыз босап шығуы бойынша қылмыстық іс 2019 жылдың қаңтарында қайта ашылды. Батукаевқа ісік диагнозын қойған дәрігер Эмиль Макимбетов пен лаборант Ирина Цопова, қатарында экс-вице-премьер-министр Шамиль Атаханов бар бірнеше бұрынғы шенеунік пен депутат сотқа тартылған.

1 мамырда Қырғызстан Жоғарғы сотының төрағасы Гульбара Калиева Азаттықтың Қырғыз қызметінің эфирінде "қылмыскерді түрмеден босату туралы шешім қайта қаралады" деді.

Дереккөз: Азаттық радиосы 


Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.