Ластанған мұнай төңірегіндегі шу: Перуашев министрге сауал жолдады

15 мамыр 15:34 266 рет қаралды


Мәжіліс депутаты Азат Перуашев энергетика министрлігінен Ресейде ластанған мұнайға қатысты туындаған даудан Қазақстанға шығын келген-келмегенін анықтауды сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Депутат шетелдік БАҚ бірнеше апта бойы "Дружба" құбырынан Беларусь арқылы Еуропаға жеткізілетін мұнайдың ластануы төңірегіндегі шуды қызу талқылап жатқанын атап өтті.

"Кеше отандық телеграм-каналдардың бірі құны 2,6 миллиард долларға тең 37 миллион баррель ластанған мұнайдың арасында Қазақстанның "қара алтыны" да бар екенін мәлімдеді. Энергетика министрлігінен бұл ақпаратты растауды немесе жоққа шығаруды, егер расталып жатса, ұлттық экономикалық мүддені қорғауды қамтамасыз етуін сұраймыз", - деді Перуашев энергетика министрі Қанат Бозымбаевқа жолдаған депутаттық сауалында.

Оның айтуынша, ластанған мұнай дауынан кейін Польша, Чехия және Венгрия "Дружба" құбырынан мұнай қабылдауды тоқтататынын жария еткен, ал Беларусь болса, мұнай өңдеу зауыттарына шығын келтіргені үшін Ресейден ақшалай өтемақы талап етіп отырған көрінеді.

"Сарапшылардың мәліметіне сүйенсек, Атырау – Самара бағыты бойынша жыл сайын Қазақстаннан 15 миллион тоннаға жуық мұнай сорылады. Бірақ енді ресейлік құбыр операторы, "Транснефть" компаниясы "ластанған шикізат" құбырлардан ағызылып, тазаланбағанға дейін жеткізушілерден мұнай тасымалын азайтуды өтінді", - деді Перуашев.

Мәжілісмен энергетика министрлігінен елімізге бұл төтенше жағдайдан қандай шығын келетінін анықтауды сұрады.

Ал энергетика министрлігінің баспасөз қызметі БАҚ-та тараған ақпаратты тексеріп жатқанын хабарлады.

Құбырдағы мұнайдың ластанғаны туралы осы жылдың 19 сәуірінде белгілі болды. "Қара алтын" Ресейден Беларусь арқылы Еуропа пен Украина жеткізіледі. Халықаралық даудан кейін Польша, Словакия, Украина және Венгрия "Дружба" құбырымен мұнай тасымалын уақытша тоқтатқан. Ресейдің құқық қорғау органдары бұл фактіге қатысты тергеу жүргізіп жатыр.

Дереккөз: sputniknews.kz 


Тақырып бойынша жаңалықтар



Комментарии пока доступны только в полной версии сайта

Комментарий қалдыру