"Биліктің қорқынышы" һәм "ұнамайтын сайттардың жолын жабу"

10 мамыр 10:29 824 рет қаралды


Мамырдың 9-ы күні таңертең Қазақстанда кем дегенде тоғыз вебсайт ашылмай қалды. Олардың арасында Азаттық радиосының сайты да бар. Бұғатталған интернет порталдардың өкілдері және редакторлары биліктен мұндай әрекет күтпегендерін айтады.

Қазақстанда соңғы жылдары интернет қолданушылар сайттар, әлеуметтік желілер және мессенджерлердің бұғатталатынына жиі шағымданады. Билік өкілдері «бұғаттауға қатысымыз жоқ. Қолданушылар саны өскен сайын техникалық ақау жиі болады» дейді. Азаттық тілшісі 9 мамырда сайттары ашылмай қалған ақпарат құралдарының өкілдерімен сөйлесіп, бұғаттау жайлы сұрап көрді.


Вячеслав Абрамов, Vlast.kz сайтының бас директоры, Алматы

- Бұл біз үшін күтпеген жағдай болды. Себебі біздің сайтты Қазақстанда ешқашан бұғаттамайтын. Бізге кейбір наразылық шаралар туралы жазуға рұқсат береді деп ойлайтынбыз. Өзімізді оқиғалар жайлы ашық жаза алатын санаулы БАҚ-тың біріміз деп жүретінбіз. Соңғы рет сайтымызды бірнеше жыл бұрын, 2016 жылы жер митингілері кезінде, Гүлжан Ерғалиева (билік шешімімен жабылған ADAM bol журналының редакторы – ред.) ұйымдастырған қарсылық шаралары кезінде бұғаттаған. Ал бұл жолы ҚДТ қозғалысының (Экс-банкир Мұхтар Әблязов құрған Қазақстанда тыйым салынған қозғалыс – ред.) митингіге шақыруы бұғаттауға себеп болғаны анық. Бұрындары да наразылықтан хабар тараттық. Бұл жолы да наразылық болса, жазамыз деп жоспарладық. Сайтымыз бұғатталаса да, бұғатталмаса да хабар таратуды тоқтатпаймыз. Ешкімнің жағына бұрмай, журналист ретінде жұмыс істеуіміз керек. Бүгін (9 мамыр – ред.) сайттымызды бұғаттан босатады деп ойлаймыз. Осы күні болған кейбір жаңалықтарды сайтқа жариялаймыз. Оқырмандарымыз ол оқиғалар жайлы түбі білетін болады. Қазақстан билігінің сайттарды бұғаттауы ақымақтық деп ойлаймын. Себебі қазір адамдар бұғаттауды айналып өтіп, әлеуметтік желіге, сайттарға кіру жолын біледі. Билік интернетті бұғаттау арқылы наразылық шараларына халықтың назарын аудартты.


Ұлпан Рамазанова, The-village.kz сайтының бас редакторы (www.the-village.kz), Алматы:

- Біз бұғаттау болады деп күткен жоқпыз. Сайтымыз ашылғалы, яғни 2017 жылдан бері бұғатталмаған. Біз саяси БАҚ емеспіз. Сайтымыз Алматы мен Нұр-Сұлтандағы мәдени-қоғамдық шаралар жайлы, бизнес, стиль, тағам туралы жазады. Соңғы уақытта кезектен тыс президент сайлауы туралы жазып жүрдік. Алматы марафонында баннер ілгені үшін ұсталып, қамалған Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековтің оқиғасының хронологиясын жасадық. Алғашқылардың бірі болып, Семейде болған наразылық акциясы жайлы жарияладық. Кейін Оралда бос жазуы жоқ плакат ұстап шыққаны үшін ұсталған Аслан Сагутдинов туралы да жаздық. Жақында студенттер туралы мақала шығардық. Студенттердің сессия уақытын өзгертіп, сайлауға қатысуға үгіттеп жатыр.

Бұл жаңалықтардың барлығы аудиториямыз үшін маңызды. Сайтымызды не үшін бұғаттағанын нақты білмейміз. Біздің тарапымыздан заң бұзушылық болған жоқ. Бұл – елдегі және әлемдегі оқиғалардан хабар таратуы тиіс ақпарат құралдары үшін сорақы жағдай.


Қарлығаш Еженова, «Эксклюзив» (www.exclusive.kz) журналының бас редакторы, Алматы:

- Біздің сайтымызды алғаш рет бұғаттады. Шынымды айтсам, не үшін бұғатталғанын білмеймін. Түсінгенім, халықтың пікірін таратқан тәуелсіз сайттар бұғатталған. Сайттарды бұғаттағандардың мақсаты халықты ақпараттан айыру болса, бұл ойлары орындалмады. Себебі әлеуметтік желі жұмыс істеп тұр. Бұғаттаумен қоғамның пікірі өзгермейді. Бұғаттау арқылы билік халықтың ашуына тиді. Билік керісінше қоғаммен дұрыстап келіссөз жүргізуі тиіс. Кейде бұғаттау сияқты әрекеттермен билік жағдайды әдейі ушықтыратындай көрінеді. Қазір 21 ғасыр, цифрлы технологиялар заманы. Совет уақытындағыдай барлығын бітеп тастау мүмкін емес. «Темір құрсаудың» ар жағынан шықтық. Түркіменстандағы оқиғаларды қанша жасырса да, тарап жатыр. Бұл елдің беделіне әсер етеді. Кезектен тыс президент сайлауының қарсаңында халықаралық имидж өте маңызды. Қазір халықаралық қауымдастықтың назары Қазақстанда. Ал осындай әрекеттер Қазақстанға кері әсерін тигізеді. Биліктің бұл қадамын түсіне алмадым.


Андрей Гришин, Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюро сайтының редакторы (www.bureau.kz), Алматы:

- Билік 9 мамырда халық наразылыққа шығып, 1 мамырдағы митингіні жалғастырады деп ойлады, қорықты. Сондықтан сайттарды бұғаттады. Таң қалатын ештеңесі жоқ. Жаңылмасам, біздің сайтымызды екінші рет бұғаттады. Алғаш рет 2011 жылы Жаңаөзен оқиғасы кезінде сайт ашылмай қалған. Билік осы әрекеттерімен жағдайды ушықтырып жатыр. Халық бұғаттауға қарамастан қажетті ақпаратты тауып алады. Бұғаттау – билік үшін өз-өзін жұбату.


Лұқпан Ахмедьяров, «Уральская неделя» (www.uralskweek.kz) газетінің бас редакторы, Орал: 

- Ұмытпасам, соңғы жеті жылда сайтымыз үшінші рет себепсіз бұғатталды. Билік 9 мамырда наразылық шарасы болады деп күтті. Халық көшеге шығады деп ойлады. Сол үшін интернетті бұғаттады. Қазіргі билік ақпараттың тарап кетуінен қауіптенеді. Олар қай ақпаратты таратпау керегін заңға жаза алмайды. Сондықтан өздеріне ұнамайтын сайттардың жолын жабады.


Азамат Майтанов, «Ақ Жайық» (www.azh.kz) газетінің бас редакторы, Атырау:

- Сайтымыздың бұғатталғаны күтпеген оқиға емес. Себебі 1 мамырда болған наразылық шарасынан толық ақпарат тараттық. Сайтымызды бұған дейін де бұғаттаған. 2016 жылы сайтымызға DDoS шабуыл жасалған. Ол уақытта жер митингілерін, белсенділер – Макс Боқаев пен Талғат Аянның (Жер митингісінен кейін жазаланған белсенділер – ред.) сотынан хабар тараттық. Билік халық наразылық шаралары туралы біліп қояды деп, өзіне бағынбайтын ақпарат құралдарына соққы жасамақ болды. Бұл жолы билік тыңғылықты дайындалған. Себебі сайттар шетелден де ашылмады, әлеуметтік желілер мен VPN-сервистерге де кіру қиындады. Демек бұғаттау үшін көп күш, көп шығын кетті. Бүгінгі жағдай Қазақстандағы сөз бостандығының жағдайын көрсетті. Елде сөз бостандығы жоқ.

P.S. Азаттық Қазақстан ақпарат министрлігіне, ұлттық қауіпсіздік комитетіне және "Қазақтелеком" компаниясына хабарласқанымен жауап ала алмады.

Дереккөз: Азаттық радиосы 


Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.