Спорт хроникасы

8 мамыр 13:18 545 рет қаралды

КӨПСАЙЫС


Таразда заманауи бессайыстан ҚР чемпионаты аяқталды. Бірақ Атырау командасы конкурға (атпен қарғып өту) қатыспады. Дегенмен де, спортшылар жақсы нәтиже көрсетті.

Бисұлтан Қайыров үш күміс алқа жеңіп алды - биатлдан (жүгіру, жүзу), триатлдан (биатл және тапаншадан оқ ату) және 4 сайыстан (триатл және семсерлесу).

Ангелина Чавкинаның еншісіне биатл мен триатл бойынша күміс және қола алқа бұйырды. Осы бағдарлама түрінен Қайырғали Қадырәлі екі қола алқа алды. Биатлдан Мұхаммед Иксанов күміс алқаға қол жеткізді.

Қазір команда Бурабайда маусымның аяғында өтетін Азия Кубогы мен ҚР чемпионатына дайындалуда. Спортшыларды Атланта Олимпиадасына қатысушы Ильфат Гатиятуллин жаттықтырады.

 

ФУТБОЛ

5 мамырда Шымкентте жергілікті «Ордабасы» мен «Атырау» командалары арасында футболдан ел чемпионатының 9-турының матчы өтті.

Ойын тартысты өтіп, 54-минутта алаң иелерінің легионері Пабло Фонтанелло есеп ашса, 17 минуттан кейін меймандар есеп теңестірді (Владимир Воменко). Матч 1:1 есебімен тең аяқталды. «Атырау» 6 ұпаймен турнир кестесінде соңғы орынның алдына жайғасты.

 

БИ

Қызылордада мүгедектер арасында спорттық биден ҚР Кубогы өтті. Сайысқа Ресейден, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан және Қазақстаннан 500-ден астам жұп қатысты. Атыраулық бишілер командасы бапкер Л.Мұқанованың жетекшілігімен 4 алтын, 1 күміс және 2 қола алқа жеңіп алды.

Есболат Балбаев жеке байқауда және Найля Қалауовамен бірге жұптар сайысында («Дуо Латина» бағдарламасы) алтын алқа жеңіп алды. Есболатты қазылар алқасы екі мәрте – Томирис Ерболатпен жұп сайысында («Комби Латина» және «Фристайл» бағдарламаларында) үздік деп атады.

Айсұлтан Хайырлы мен Н.Қалауованың жұбы («Комби Стандарт» және «Фристайл» бағдарламаларында) күміс және қола жүлдегерлер атанды. Тағы бір қола алқа жиынтығын А.Хайырлы мен Т.Ерболат («Стандарт») иеленді.

 

ҰЛТТЫҚ ОЙЫН

№1 Балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінде 9, 11, 13 және 15 жастағы балалар арасында тоғызқұмалақтан облыстық турнир өтті.

Өз жас санаттары бойынша

Жақау Санжар, Аружан Аязбай, Шұғыла Самат, Мәдина Есқайыр, Диас Жексенбай, Рауан Сисенғали, Нұрдәулет Төлегенов және Арайлым Құсайынова жеңімпаз атанды.

 

ЕРЕЖЕСІЗ ЖЕКПЕ-ЖЕК

Таиландта ММА бойынша Азия чемпионаты өтті.

Бұл жерде ҚР құрамасы 7 алтын алқа, 9 күміс және 5 қола алқа алып қайтты.  Оның үшеуі атыраулық спортшылардың еншісінде: Олжас Молдағалиев Азия чемпионы болса, Ерұлан Қабдолов пен Әділхан Аязбаев күміс алқа иеленді.


Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.