Алматы соты Конституция сөзі жазылған баннер ілген азаматты 5 күнге қамады

29 сәуір 17:18 682 рет қаралды


29 сәуірде Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық соты әл-Фараби даңғылы бойындағы жаяу жүргіншілер көпіріне Қазақстан Конституциясынан цитата ілген Роман Захаровты ұсақ бұзақылық бабымен 5 күнге қамады. Бұл туралы Захаровтың адвокаты Ерлан Ерболатұлы хабарлады.

Адвокат "Үлгерсек Захаровқа шыққан шешім үстінен бүгін шағым түсіреміз" деді.

Әлеуметтік желідегі суреттерге қарағанда, Захаров ілген баннерде Конституцияның 3-бабы 1-тармағындағы "Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы - халық" деген сөз жазылған.

Адвокат Ерболатұлының айтуынша, олар Захаровты қамау туралы сот қаулысын әлі алмаған.

Алматы қалалық сотының баспасөз хатшысы Диас Махамбетовтің Азаттыққа айтуынша, Захаров 29 сәуірде таңғы 5.22-де ұсталған.

- Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 434-бабы 1-тармағымен (қоғамдық орындарды ластау, оның iшiнде белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау) 5 тәулікке қамалды. Адам жүретін жерге пластик бау, скотч пен ақ мата түріндегі тұрмыстық қалдық тастаған, - деді Махамбетов.

Сот алдында жүрген Азаттық тілшісіне Захаровтың достары "суретшіні полиция бөлімшесіне 9 сағат ұстады" деген. Қалалық сот Азаттық тілшісінің "Бұл рас па?" деген сұрағына "Білмеймін" деп жауап берді.

Захаровтың ұсталғанына қатысты Алматы полициясы әзірге пікір білдірген жоқ.

Алматы әкімшілік соты 21 сәуірде қаладағы марафон кезінде жол бойына "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген жазуы бар баннер ілгені үшін жергілікті белсенділер Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті 15 тәулікке қамаған. Сотта олар бұл баннерді 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлауына жұрттың назарын аударып, сайлауды әділ өткізуге шақыру мақсатында ілгендерін айтқан еді. Сот осы акцияны түсірген тағы үш белсендіні - Сүйінбике Сүлейменова, Айдос Нұрболатов және Айгүл Нұрболатованы да "митинг өткізу тәртібін бұзды" деп, 50 500 теңге (130 доллардан астам) айыппұл салған.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары - Freedom House, Amnesty International және БҰҰ-ның Адам құқығы бойынша Орталық Азиядағы кеңсесі Қазақстан билігін Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті босатуға шақырған.

Чехия, Франция, Ұлыбритания, Грузия, Италияда оқитын қазақстандық студенттер осы елдердеТөлесова мен Толымбековті қолдап, "Шындықтан құтыла алмайсың" акциясын өткізген.

Дереккөз: Азаттық радиосы

 

 


Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.