Тоқаев: Абай Құнанбаевтың 175 жылдығын мемлекеттік деңгейде атап өтеміз

26 сәуір 11:56 928 рет қаралды


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке Абайдың 175 жылдық мерейтойына мерейтойына қажетті іс-шаралар әзірлеуді тапсырды.

"Ұлы Абайдың мұрасы "Рухани жаңғырудың" маңызды бағдарына айналуы қажет. Алдағы жылы Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толады. Осы айтулы датаны біз тұтас ел болып, мемлекеттік деңгейде атап өтеміз. Біз үшін бұл мерейтойдың маңызы ерекше. Тарихи датаны ақыл-парасатпен, салиқалы деңгейде өткізуге баса мән беру керек", - деді президент.

Негізгі мақсат – дана Абайдың тағылымын жастардың санасына сіңіру, ұлы тұлғаның ой-толғамдарын кеңінен дәріптеу дей келе, мемлекет басшысы үкіметке Абайдың мерейтойына қажетті шаралар әзірлеуді тапсырды.

"Абай, шын мәнінде, қазақ болмысының айнасы. Ақынның дара тұлғасы – халқымыздың руханиятын әлемге танытатын теңдесі жоқ құндылық. Дүниежүзі әдебиетінде Абай сияқты ақын, ағартушы, ойшыл, сыншы кемде-кем. Абай, шын мәнінде, қазақтың біртуар перзенті", - деді Тоқаев кездесуде.

Президенттің айтуынша, Жидебайдағы кешенді жаңғыртып, инфрақұрылымды қалпына келтіру қажет.

"Хакім Абайдың туған жері дүние жүзінің түкпір-түкпірінен келетін туристерді қарсы алуға лайықты ірі орталыққа айналуы тиіс. Жергілікті басшылар осы маңызды мәселеге назар аударуы қажет. Бұл – бабалар алдындағы борышымыз әрі өскелең ұрпақ үшін жақсы өнеге. "Рухани жаңғыру" түптеп келгенде, осы міндетті жүрекпен сезініп, ешқандай нұсқаусыз орындау екенін біз терең түсінуіміз керек", - деді президент.

Дереккөз: sputniknews.kz

 


Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.