Спорт жаңалықтары

25 сәуір 00:00 1416 рет қаралды


СУ ДОБЫ


Таразда 2004 жылғы жасөспірімдер арасында су полосынан ел чемпионатының соңғы үшінші туры аяқталды. Тур қорытындысы бойынша «Атырау» командасы күміс жүлдегер атанды.

Команда бапкері Бағдат Динбаев әңгімелейді:

- Өткен жылы қола жүлдегер болдық. Команда биыл кем дегенде күміс алқа алуды мақсат етіп қойды. Атырауда өткен бірінші турдың қорытындысы бойынша біз Астана командасымен екінші орынды бөлістік. Ал бірінші орынға қазіргі чемпион – «Тараз» командасы жайғасты.

Екінші турда Көкшетауда «Тараз» бен «Астана» командаларынан басқа бүкіл матчты ұттық. Бізге бәсекелес «Астана» командасынан 6:9 есебімен ұтылдық. Үшінші турда, чемпионат қорытындысы бойынша күміс алқа алу үшін 4 ұпай айырмашылықпен астаналықтарды жеңу керек болды. Командамыз 10:7 есебімен ұтып, есеп теңестірдік. Біз «Астанамен» тағы да ойнау мүмкіндігін алып, бұл жолы оларды ойсырата жеңдік. Күміс алқа еншімізге тиді.

- Үздік ойыншыларды атасаңыз.

- Қақпашы Қайырхан Хасан көп пенальтилерді тойтарып, командаға көп пайдасын тигізді. Биыл оның шеберлігі едәуір шыңдалған. Ойыншылардың бәрі бәсекелестерінің қақпасына шамамен бірдей мөлшерде гол салды. №9 ойыншы, команда капитаны Ернар Райымберді қалған ойыншыларға үлгі болып, жақсы ойын көрсетті.

- Алдағы жоспарларыңыз қандай?

- Енді демаламыз да содан кейін жаттығуға кірісеміз. Ал келер жылы чемпионаттың алтын алқасы үшін күресеміз.


ДЖИУ-ДЖИТСУ

Бішкекте комбат санаты бойынша джиу-джитсуден Азия чемпионаты өтті.

Атыраулық спортшы Жанарыс Жаңбырбаев 65 келіге дейінгі салмақта күш сынасып, күміс алқа иеленді. Алдын ала шеңберде ол татами қожайындарының өкілін жеңіп, жартылай финалда өзбек палуаннан үстем түсті. Ал финалда Қазақстан құрамасындағы серігіне жол берді.  


ОҚ АТУ

Дене шынықтыруды дамыту орталығының қолдауымен оқушылар арасында оқ ату бойынша «Жас мерген» атты облыстық біріншілік өтті.

Өз жас санаттары бойынша Данияр Жалғасбаев, Мәдина Жолшиева, Қожаахмет Яссауи (винтовка); Ақерке Қуаныш және Әбілқайыр Рысқалиев (тапанша) жеңімпаз атанды.


ДЗЮДО

Афиныда жастар арасында Еуропа Кубогы өтті. Атыраудағы олимпиада резервіне дайындау орталығының шәкірті Ермек Амангелді 66 келіге дейінгі салмақта күміс алқаны жеңіп алды.

Финалдық шайқас жолында Ермек Грекия, Португалия, Чехия, Түркия және Ресейден келген бәсекелестерінен басым түсіп, финалда белоруссиялық палуанға есе жіберіп алды.

* * * * *

Павлодарда ҚР еңбек сіңірген бапкері Б.Сейсенбаевты еске алуға арналған турнир өтті. Бұл жерде Атырау облысының әйелдер құрамасы жақсы жағынан көрініп, қоржындарына 2 күміс және 4 қола алқа салып қайтты.

Сайда Қапсалықова (+81 кг) мен Айгерім Төреғожина (48 кг дейін) сайыс финалистері атанса, Ақжол Қайыпхан, Эльмира Самиғоллаева, Шынар Сүйіндікова және Назгүл Құбашева қола алқа иеленді.

* * * * *

Алматыда жастар арасында Б.Махмұтовқа арналған Азия Кубогы өтті. Атырау құрамасы 1 алтын, 2 күміс және 1 қола алқа алды.

Ақжол Қайыпхан Кубок иегері атанды. Гүлзада Алмаз бен Қасым Бауыржан күміс алқаға қол жеткізсе, Ермек Амангелді қола алқаны місе тұтты.   


КАРАТЭ

Оралда кекушин-кан каратэ-до бойынша республикалық турнир өтті. Оған Қазақстанның батыс облыстары мен Нұр-Сұлтаннан командалар қатысты.

Атырау құрамасы 7 алқа алды. Оның 6-уы – алтын алқа. Артём Ли, Илья Мун, Расул Исатай, Маргарита Баландина, Матвей Гущин мен Егор Тумин жеңімпаз болса, Алексей Юн күміс алқа алды. Осы нәтижемен Атырау екінші командалық орын алды.


ҚОЯН-ҚОЛТЫҚ ҰРЫС

Алматыда жасөспірімдер арасында қоян-қолтық ұрыс бойынша ел чемпионаты өтті. Атырау құрамасы қоржынына 5 алтын, 1 күміс және 2 қола алқа салды.

Өз жас ерекшелігі және салмақ санаттары бойынша Ғарифолла Мейірлан, Жағыпар Ернұр, Мейрамбек Айғалиев,  Жолдыбай Ерген және Нұрхан Серіков Қазақстан чемпиондары атанды. Олар мамырда Уфа қаласында өтетін Азия чемпионатына жолдама алды.


ЖҮГІРУ

«Батыс» өңірлік қолбасшылығының 50-ден астам әскери қызметкері жыл сайынғы жеңілатлетикалық «Atyrau Marathon 2019» қайырымдылық шарасына қатысты.

3 шақырымдық қашықтықта «Батыс» өңірлік әскери қолбасшылығы басқармасының офицері Тайлан Ахметов жеңімпаз болды. Үшінші орын әскери полицей, аға сержант Амангелді Имановқа бұйырды. 42 шақырымдық «классикалық» марафонда өз жас санаты бойынша 41433-әскери бөлімшесінің аға сержанты Жасұлан Жұмағұлов пен аға лейтенант Сергей Садриев 3-орын алды.


ТАЭКВОНДО

Атырау облысының құрамасы 2005-07 жылғы балалар арасында Бүкілресейлік «Санкт-Петербург таэквондо федерациясының президенті Демид Момот Кубогы» турниріне қатысты.

Сайыс қорытындысы: алтын алқа -  Саят Сағындықов (41 кг дейін), күміс алқа - Эльназ Нажимова (47 кг дейін), қола алқа - Әли Жұмабай (37 кг дейін) және Әмір Салиханов (41 кг дейін).


БОКС

Ақтөбеде 2005-06 жылғы жасөспірімдер арасында  Кеңес Одағының Батыры І.Үргенішбаевтың жүлдесіне республикалық турнир өтті. Бапкер Айбек Нысанбаевтың жетекшілігімен атыраулық боксшылар командасы 7 алқа иеленді.

46 келіге дейінгі салмақта Әлихан Дәулетов алтын алқаға қол жеткізіп, «Үздік техникасы үшін» жүлдесіне ие болды. Сисенғали Дәулет, Саддам Махмедов пен Байыржан Нұрасыл күміс жүлдегерлер сапынан көрінді. Расул Қуанышбаев, Батыр Арпенов пен Жандос Оразханов қола алқа тақты. Бұл спортшылар мамырда Атбасарда өтетін ел чемпионатында да өз шеберліктерін көрсетеді деп үміттенеміз.


ЖЕКПЕ-ЖЕК


Ақтөбеде жасөспірімдер мен жастар арасында ел чемпионаты өтті. Атыраулық қатысушылар бұл жерде 1 алтын, 1 күміс және 8 қола алқа иеленді.

Амандық Бекжан чемпион болды. Күміс алқа Жұмагелді Даниярдың еншісінде, қола жүлдегерлер - Мұқаш Тұрғанов, Сәрсенғали Мадияр, Бейбарыс Бекішев, Төлебай Аманай, Артур Круглов, Тілекқабыл Дәулет, Ернар Құлжанов пен Құтжан Әлішер. Спортшыларды бапкерлер Э.Майлашев, Н.Әуелбаев, С.Өсербаев, Б.Сиражов пен Т.Жұмағалиев дайындады.  

Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ


Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.