Тілді де «шынықтыру» керек

25 наурыз 19:32 685 рет қаралды

Динара Бейсен. Сурет жеке мұрағатынан алынды


«Тілді оқып үйрену мен күнделікті қолдану тәжірибесін ажырата білу керек. Осы айырмашылықты толық түсіне білмегеннің салдарынан көптеген адамдар ағылшын тілін жылдар бойы оқып, еш жетістікке қол жеткізе алмайды», - дейді кәсіби тренер Динара БЕЙСЕН. Оның оқытушылық тәжірибесіне негізделген басты ұстанымы – уақытты сауатты пайдаланып, бағдарламаны дұрыс таңдау.

Динара аударма ісін Петропавлдағы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде және халықаралық қатынастарды КИМЭП-те оқыды. Қазақстан-Америка университетінде халықаралық бөлімнің басшысы болды және ішкі мәселелер жөніндегі проректордың міндетін атқарушы болып қызмет жасады. Алайда ұстаз болсам деген балалық арманы  оған маза бермеді. Міне, бес жыл болды, Динара өзінің авторлық бағдарламасы бойынша Астанада ағылшын тілінен сабақ береді, сондай-ақ, ол өзінің студенттерінің тәжірибеден өтуі үшін Talk-алаң ұйымдастырды. Спикерлердің барлығы да біздің отандастарымыз - өз салаларында жетістікке жеткен, ағылшын тілін еркін меңгерген жастар. Олар өз тәжірибелерімен бөліседі және тыңдаушылардың сауалдарына жауап береді.


ЖАЛЫҚТЫРМАЙТЫН ГРАММАТИКА ҚАЖЕТ

- Динара, айтыңызшы, ағылшын тілін қазір кімдер және не үшін оқып жатыр?

-  Менің оқушыларымның жас мөлшері – 25-55 жас аралығында. Одан жастары да, үлкендері де бар. Атқаратын қызметтері де әртүрлі: мемлекеттік қызметшілер, банк қызметкерлері, заңгерлер, дәрігерлер, дизайнерлер мен IT- мамандары. Негізінен жұмыстары үшін,  жұмыстарын ауыстыру мақсатында, жаңа мүмкіндіктер үшін оқиды. Біреулері шет тілін түсініп, саяхаттау үшін, енді бірі өзі үшін, яғни, өзін дамыту  үшін, біреулері фильм қарап, өздерінің сүйікті актерлерінің табиғи даусын есту үшін, енді бірі өздерінің дамып кеткен қатарластары арасында өздерін еркін сезіне білу үшін  үйренеді.

- Жалықтыратын және  ұзақ оқуды керек ететін грамматика туралы ой адамды шаршатады. Оны міндетті түрде білу керек пе,  жалпы, неден бастаған дұрыс?

- Қазір оқушылар үшін жеңілдік жасап, грамматикаға бас қатырмайтын бағдарлама мен әдістемелерді құрастырып алу сәнге айналып кетті. Алайда базалық грамматика міндетті түрде керек. Оның бәріміз үшін адам жалықтыратындай болып қалыптасуы бастапқыда-ақ мектепте дұрыс оқытылмауынан. Ал егер грамматиканы біз сөйлеуге мүмкіндік беретін нақты тіл құралы ретінде қарастыратын болсақ, онда оны қабылдауымыз мүлдем басқаша болады. Бастапқы кезеңде өте тереңдеп емес, бірте-бірте базалық құрылымы бойынша толықтырып отыратын болсақ, онда оны оқу қиын емес және қызықты да болады.

 - Интернетте түрлі кеңестер мен бағыттар жетерлік: дұрыс емес етістіктер жазылған кестелер, сөздер жазылған карточкалар, оқып-үйренуге арналған сериалдар толып тұр. Олардың ішінен қайсысының көмегі көп?

- Барлығы да жақсы, бұл жерде басқа бір мәселе бар – олардың  біреуі бір адамдарға қолайлы болса, екіншісіне түсініксіз болып жатады. Сондықтан да оларды дұрыс таңдау маңызды. Интернет қазір еркін және тегін оқуға мүмкіндік беріп қойды. Оны пайдаланбаудың өзі күнә. Алдымен тілдің құрамын түсіндіретін қарапайым сабақтардан бастау керек. Содан кейін ғана сөздерді үйренуге болады. Сіз сөйлемнің қалай құрылғанын түсініп алған соң, сөздік қорыңыз жиналғанда барынша тереңдетілген оқу бағдарламасына мәтіндерді, бейнежазбаларды көріп, әндерді тыңдау арқылы көшуге болады.


МИДЫҢ ҚЫЗМЕТІН АРТТЫРАДЫ

- Тілді үйрену барысында, ерте ме, кеш пе, жалығатын сәттер туындап жатады: курстарға баруға ерініп, үйге берілген тапсырманы орындауға уақыт жоқ деген секілді. Ондайда қандай кеңес бересіз?

- Мотивацияның мүлдем болмауы немесе жеткіліксіз болуы – бұл қалыпты жағдай, сондықтан да өзіңізді сөгудің және ашуланудың қажеті жоқ. Біздің нәтижеге қол жеткізуімізге көп жағдай әсер етеді және барлығы бірдей табандылыққа байланысты болмайды. Айталық, физикалық, психологиялық тұрғыдан да өзіңді нашар сезініп тұрсың. Бұл жерде өз миыңызбен келісімге келіп, одан айлаңызды асырып кетуіңіз керек. Мәселен: бүгін 100 сөз емес, 5-10 минутта қанша сөз үлгерсем, соны жаттаймын деп өзіңізге жеңілдіктер жасау сияқты, бастысы бастап кету. Ынталандыруды да ұмытпаңыз: қазір дайындаламын, содан соң сүйікті сериалымды қараймын.

- Сөздің дұрыс айтылуы үшін тілді де спортзалда бұлшық етті шынықтырғандай жаттықтыру керек дейді...

- Иә, әбден дұрыс айтылған. Әр күн сайын 5 минуттан дауыстап оқу керек, бұл тілдің бұлшық еттерін жаттықтырады және миыңызды тағы бір тіл пайда болатындығына дайындайды. Тілді дұрыс және әдемі айту үшін сөйлеп тұрған адамды қайталап, оның қимылдарын, дауыс ырғағына еліктеуге тырысу керек. Егер осыны күн сайын 5-10 минуттан жасайтын болсаңыз, нәтижесі бір айдан соң біліне бастайды.

-Қарттық кіріп, ақыл-парасаттың кеми бастауының алдын алу үшін басқа тілді үйренуге кеңес береді екен. Сіздің оқушыларыңыздың арасында ондай жандар кездесті ме?

- Менің жұмысымның барысында ондай екі оқушым болды. Оның бірі бұрын құрылысшы болған адам, ол тілді миының жұмыс істеу қабілетін сақтап қалу үшін үйрене бастады. Өз бетінше оқыды, біздің клубта тәжірибеден өтті. Бізде көбіне жастар болатын. Ол олардың ортасында жүріп энергия алатынын, ал оның оған көп көмектесетінін айтады. Сондықтан да мен келісем, біз тілді үйрену арқылы көп нәрсе ала аламыз.


ҰМЫТЫЛМАС БАЛАЛЫҚ ШАҚ

- Өміріңді қиындатпай тілді қалай үйренуге болады? Оның жолдары бар ма?

- Егер барлық материалды кішкене бөліктерге бөліп, күнде оқып, тілді жаттықтырып отырса, оңай меңгеруге болады. Бұл жерде бастысы – жүйелік. Аптасына үш сағаттан бір рет оқығаннан әр күн сайын бір жарты сағаттан оқыған дұрыс. Егер сіз басынан бастаған болсаңыз, онда грамматика бойынша жай бейнежазбаларды көруден бастаған жөн. Одан сіз сөйлемдегі сөздердің қалай құрылғанын, сөздердің қалай өзгеретінін, сөйлем құрылымын құрастырып, бірте-бірте лексикалық қор жинақтай аласыз. Содан кейін ғана сөйлесуді бастауға болады. Тілді оқып үйрену мен тәжірибені ажырата білу керек. Үйрену - бұл теорияны түсіне білу және нақты сөздерді білу, қалғаны тәжірибенің еншісінде. Екі айдай оқу керек, содан кейін ғана тәжірибе жинақтауға болады. Тағы бір жақсы тәсіл - тәуліктің қай мезгілінде материал қонымды болатынын білу. Өйткені, адамдар кешкі уақытқа жазылып жатады, ал олар материалды таңертең жақсы меңгереді, сондықтан да таңертең оқу үшін 15-20 минут ертерек тұруды үйренген жөн.

- Көптеген ата-аналар каникулдарда балаларын тіл мектептеріне жіберіп жатады. Мұндай шешімдер өзін ақтай ма, әлде ақшаны тек желге шашу ма?

- Төменгі сыныптарда оның аса қажеттілігі шамалы. 6-7 сыныптардан бастағанда қымбаттау болады, бірақ ол өзін ақтайды. Өзімнің жеке тәжірибемнен айтсам, жетінші сыныпта мен де ағылшын тілінде сөйлейтін адамдар бар балалар лагерінде болдым. Сол кезде қандай әңгіме құрастырғанымды, қандай жаттығулар орындағанымды, қалай сөйлестік, қалай ойнадық, бір-бірімізге қандай сұрақтар қойдық, соның бәрі есімде қалды. Бұл  бір кезең ғана, ал оқып үйрену  көп кезеңді процесс.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА


Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.