"Ақылға қонымсыз" Министр шетелде емделуге неге қарсы екенін айтты

18 наурыз 2019 14:55 778 рет қаралды


Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстан азаматтарын бюджеттің ақшасына шетелде ем қабылдауға жіберуге үзілді-кесілді қарсы, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Мәжілісте өткен үкімет сағатында депутат Мұрат Теміржанов әлеуметтік желілерде емге ақша жинап, көмек сұрайтындардың мәселесін көтерді.

 "Біз сіздің әлеуметтік желіні белсенді қолданатыныңызды білеміз. Бүгінде адамдардың көбі әлеуметтік желіні, соның ішінде фейсбукті емге ақша жинау мақсатында пайдаланады. Мұндай постар мен мақалалар жүрегіңді ауыртады, көзге еріксіз жас келеді. Интернетте күн сайын тарап жатқан осындай жағдайлардан кейін, азаматтарымызды шетелге емделуге жіберу жолдарын қайта қарастырғыңыз келмей ме? Егер бір адамның өмірін құтқара алсаңыз, неге оны шетелге жібермеске? Жалпы, сіздің министрлік және сіз өзіңіз әлеуметтік желілерді бақылап отырасыздар ма?", - деп сұрады мәжілісмен.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов шетелде емделу процедурасы заңнамалық тұрғыда реттелгенін атап өтті.

 "Оны қайта қарауға қажеттілік көріп отырған жоқпыз. Мен қалаған адамдардың барлығын бюджет қаражатына шетелге емделуге жіберуге үзілді-кесілді қарсымын. Олай жасасақ, отандық денсаулық сақтау саласының дамуына мүмкіндік бермейміз. Көмекке мұқтаждардың барлығын шетелге жіберу ақылға қонымсыз және ешбір елде мұндай тәжірибе жоқ", - деді министр.

Сонымен қатар, ведомство басшысы әлеуметтік желілерді ұдайы бақылап отыратынын айтты. Бұған қоса, министрлікте желілерге мониторинг жасайтын арнайы топ бар.

"Егер пациент міндетті түрде шетелде емделуі тиіс санатқа жатса, біз онымен байланысқа шығып, бұл процедураны өзіміз ұйымдастырамыз. Тағы бір мәрте айтқым келеді, біз шетелде ем алғысы келетіндерді емес, Қазақстанда емделмейтін аурулармен ауыратын пациенттерді ғана шетелге жібереміз", - деді Біртанов.

Дереккөз: sputniknews.kz



Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.