Эстония парламент сайлауында оппозициялық партия жеңіске жетті

4 наурыз 2019 11:45 1060 рет қаралды


3 наурызда Эстонияда өткен парламент сайлауында оппозициялық либерал Реформалар партиясы жеңіске жетті. Екінші басым дауысқа премьер-министр Юрий Ратастың солшыл Центристік партиясы ие болды. Бұл жолы парламентке бес партия өтті.

4 наурызда Балтық ұлттық сайлау комиссиясы батысшыл Реформалар партиясына сайлауға қатысқан азаматтардың 28,8 пайыз дауыс беріп, Рийгикогудегі (Эстония парламенті - ред.) 101 орынның 34-ін иемденгенін хабарлады. Сайлауға дейін бұл партияға парламенттегі 30 орын тиесілі еді. 

Бұған дейін билікте болған Центристік партия 23,9 пайыз дауысты алған. Оған парламенттегі 26 орын берілді. 2014 жылдан бері партия 27 орынды алып келген. Бұл партияға көбіне Эстонияда тұратын орыстілді азаматтар дауыс береді.

Әсіреоңшыл, ұлтшыл, иммиграцияға қарсы саясат ұстанатын, мектептерде білім тек эстонша берілуі керек деп санайтын Эстония консервативтік партиясы (EKRE) 17,8 пайыз дауыспен басым үштікке кірді де, парламенттегі 19 мандатқа ие болды. Бұған дейінгі сайлаумен салыстырғанда, партия жақтаушылары екі есе өскені байқалады - 2015 жылғы сайлауда консервативтік ұстанымдағы партияға азаматтардың 8,1 пайыз дауыс беріп, парламенттегі 12 орынды алған.

Коалиция құрған екі партияға - Исама (12 орын) мен Социал-демократтарға (10 орын) азаматтардың 11,4 және 9,8 пайызы дауыс берген.

Комиссияның хабарлауынша, сайлауға дауыс беруге құқылы 1 миллионға жуық адамның 562 мыңы келген (61 пайыз).

Дереккөз: Азаттық радиосы



Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.