"Нұр Отан" съезі күні полиция ондаған азаматты ұстады

27 ақпан 2019 17:24 1791 рет қаралды

"Нұр Отан" саяси партиясының кеңсесі алдына жиналған адамдар. Алматы, 27 ақпан 2019 жыл.

Астанада "Нұр Отан" партиясы съезі басталған күні Қазақстанның түрлі қалаларында азаматтар мен белсенділер полицияға шақырту алып, полиция бөлімшелеріне жеткізілді. Алматыда полиция билік партиясы кеңсесі алдына талап айтып келген азаматтарды ұстады.

27 ақпанда Алматының «Нұр Отан» партиясының кеңсесіне келген бірнеше азаматтарды полиция ұстап алып кетті. Азаттық оқиға орнынан тікелей эфирде жүргізді.

Ұсталғандардың арасында азаматтық белсенді Асхат Берсәлімов пен Сүйіндік Алдабергеновтер бар. Сүйіндік Алдабергонов өзін полиция департаментіне алып кеткені жайлы өзінің желідегі парақшасында хабарлады. Оны үйінің алдынан алып кеткен.

Кеше, 26 ақпанда Алматыда және тағы бірнеше қалалардағы белсенділер полицияға шақыртылып, ескерту алғанын хабарлаған.

Белсенділер бұл шақыртулардың 27 ақпанда басталған «Нұр Отан» партиясының съезі қарсаңында келгенін атап өтеді. Олардың сөзінше, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысының жетекшісі Мұхтар Әблязов съезд күні халықты партия кеңселерінің алдына жиналуға әлеуметтік желі арқылы шақырған.

Қазақстанда қуғындағы бұрынғы банкир әрі биліктің сыншысы Мұхтар Әблязов басқаратын ҚДТ қозғалысы "экстремистік ұйым" деп Қазақстан аумағында тыйым салған. Содан бері елде осы қозғалыстың жақтастарына қарсы бірнеше қылмыстық іс қозғалды.

Дереккөз: azattyq.org





Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.